Айтылмай жүрген ақындар

Жастай сөнген тума талант еді

Жастай сөнген тума талант еді


Қазыналы Қалба өңірі тек қана жер асты байлығына ғана емес, рухани-мәдени мұраға да өте бай аудан. Кезінде Сынтас, Балажал, Даубай, Ақжал, Бөке, Қазаншұңқыр кен орындары Одақ көлеміне аты шығып, аудан атағын бүкіл әлемге жария етсе, бұл күнде «Бақыршық» кен орнының бір өзі ауданға қаншама табыс әкеліп отыр. Осыншама табиғаты бай аймақтан табиғи таланты мол өнер иелері шығып, халқына адал қызмет етіп, ел даңқын асқақтатты емес пе? Тек кеңестік дәуірдің өзінде ғана Әди, Әзілхан, Тұрсынхан, Тұрлыхан, Қалихан, Роза сияқты ақын-жазушы, өнер иелері шығып, талай жас таланттар үлгі-өнеге алып, солардың жолын ұстасам, дамытсам деп армандады. Солардың бірі – жастай сөнген тума талант иесі – Ғалым (Мұхамедғалым) Есмұхаметұлы Әшірбаев.

Ол 1948 жылы Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылында туып, сол ауылдағы Тұрлыхан Қасенов атындағы орта мектепте оқып, оныншы сыныптан соң, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне түсіп, ойдағыдай оқып, журналист мамандығын алып шығады. Диплом алысымен Алматыда 1970 жылдары Қазақ телеарнасында редакторлық қызмет атқарады. Бала күнінен әдебиетке құштар Ғалым телеарнада қызмет істей жүріп, өлең, шағын әңгіме жазуға біржола бет бұрады. Сол жылдары шығармалары «Жалын» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде жарық көріп, республика жұртшылығына таныла бастайды. Ол өзі шығармашылығын ерекше құрмет тұтатын аға буын ақын-жазушылар С.Мәуленов, Ә.Шәріпов, Р.Бердібаев, Қ.Мырзалиевтармен қарым-қатынаста болып, олардан тәлім-тәрбие ала білді. Оған мысал, 1979 жылы жарық көрген «Өмір серігі» кітабына алғысөз жазған белгілі жазушы Дулат Исабековтың сөзінен үзінді келтіре кетейік.

«Төрт-бес жыл бұрын «Жалын» альманағына аласа бойлы, дөңгелек жүзді, қара торы жігіт ұяла басып кіріп, ұяң амандасты. Бірнеше жыл бойы редакцияларда қызмет істеп, талай авторлармен жүздесуге тура келгендіктен, бойға қалыптасқан қасиет бойынша жаңа келген адамға бір қарап-ақ оның табиғаты мен болмысына, талап деңгейіне аз да болса барлау жасап үлгеру дағдыға айналған. Кейде оның дауыс ырғағынан, сөз саптауынан қандай автор келгенін байқауға болады. Тіпті аз сөйлесе де бойында бұлқынып жатқан талантын, биік парасатын аңғарасың. Ғалым осы соңғы топқа жататын аз сөздің, тиянақты істің жігіті екен. Өмір есігін иесіз қақсаң да, бауың берік болсын, «Өмір серігі» – деп жазыпты жазушы.

Міне, ағасы айтқандай «Өмір серігі» жинағы қалың оқырманға иесіз бетін ашты. Себебі, Ғалым кенеттен бар-жоғы 27 жасында 1974 жылы дүниеден өтті. Артында ағайын-туыс, ұлы Нұрлан, жолдастары аңырап қалды. Бірақ Ғалым өлген жоқ. Артында өлмейтұғын мұра қалдырып кетті. Енді соған аз тоқталайық.

Екі жинағы «Өмір серігі» 1979 жылы, «Мұра» 1999 жылы жарық көрді. Бір ауылда туып, бір мектепте оқып, бала күнінен айнымас, қимас досы болған Жолдасбек Нұрғалиев үлкен ерлік жасап «Нұр» баспасынан алғысөз жазып шағын әңгімелері мен өлеңдерін жинақтап шығарды. Жолдасбек досы кітаптың бірінші бетінде: «Дүниеден дүлдүл шағында ерте өткен Ғалымның соңында қалған шығармаларынан кітап бастыра отырып, «Басыңа орнатылған ескерткішің болсын», – деп аруағына тағзым етеміз» депті. Шынында да кітапта ескерткіш боларлықтай өлең де, әңгіме де бар. Мысалы «Мектебіме» деген жырында:

Анам боп мені өсірдің,
Арқама қақтың жақын боп.
Сондағы тентек өз ұлың,
Жүр бүгін, міне, ақын боп.
Өзіңе арнап жазғам жыр,
Балалық балғын жүректен.
Мектебім менің анамсың,
Көкірегіме жыр еккен – деп мектебі, білім ордасына сүйіспеншілігін білдірді. Баласы Нұрланға:

Ақ құсым, абзалым,
Адам бол, адал бол.
Бақ құсым, гүлзәрім,
Жақсыға жанар бол!…
…Ешқашан үгілме,
Ізгілік бір төбе.
Жаманға бүгілме,
Жақсылық – мәртебе.
Кеудеңе гүл толсын,
Ұсынар жақсы күн.
Анаңа ұл болшы,
Ақтайтын ақ сүтін! – деп ұлына әкелік ақ ниетін, ақыл-өсиетін айтады. Ал қаламгер сақа жазушылардай-ақ жастығына қарамай, адам басында болатын түрлі жағымды, жағымсыз мінез-қылықтарды әзілқой ажуа тілмен суреттеп, оқырманға ой тастайды. «Дүлдүл шақ», «Таңғы қонақ», «Тау гүлі» сияқты әңгімелері ауыл өмірін суреттесе, «Қара басып», «Қасықтың қырсығы» атты әзіл әңгімелер күлкіге бөлейді. Амал не, берерін толық бере алмай өмірден ерте кеткен Ғалым өз өмірін соншама қысқа болатынын ерте болжаған сияқты. Ол «Пәнидің жырын жырлаймен» деген өлеңінде:

Пәнидің жырын жырлаумен,
Қызығын оның көп көрмей,
Басымнан өтер бұл дәурен,
Пыр етіп ұшқан кептердей,
Тірліктің тыңдап күйін кей,
Молада мыж боп бұзылған
Әкемнің ақ боз үйіндей
Жатармын түсіп ұзыннан.
Еске алар кім бар сол шақта,
Жасыма, көңіл жасыма.
Көзінен жасы моншақтап,
Шын досым келер басыма.
Ұмытпай жүрсе бір пенде,
Оған да шүкір айта алам.
Ризашылық сезіммен,
Аунап бір түсем қайтадан, – деп ақын бұл жалғанмен жастай қоштасып, аз да болса саз мұра қалдырып кетті. Олай болса,

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп Абай айтпақшы, Ғалым Әшірбаевтың 70 жылдығы қарсаңында әдебиет сүйер қауым, туған аулы, ауданы лайықты түрде еске алып, артында қалған өлең-жыр, әңгімелерін, естеліктерін жинастырып, жарыққа шығарса, дүниеден жастай озған талант иесіне көрсеткен бір үлкен құрмет болар еді. Солай болар деген үміттеміз.

Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист

Осы айдарда

Back to top button