Тылсым дүние

Сағатбек шайқы

Сағатбек шайқыЕртеректе Найман елінің Мәмбет руында Жақас дейтін асқан бай адамның Қыңырбек, Әділбек, Сағатбек дейтін үш ұлы болыпты.

Соның Сағатбегі қасиет дарыған, шайқы адам болып өседі. Сақауланып сөйлейтін Сағатбекті ел «тәтке» деп атап кетіпті. Ол үнемі атқа мінбей, түйеге ғана мініп, ел аралап жүретін көрінеді. Кімде-кім өмірде қиындық көріп, тарықса, не балаға зар болып жүрсе, сондай адамдарды іздеп барып, үйіне қонады екен. Егер сол адамға дұрыс ықылас танытып, бата беріп кетсе, артынан оның өмірі түзеліп немесе бала сүйіп, жақсылыққа кенелетін болыпты.

Ел аузында Сағатбек шайқы жайында аңыз-әңгімелер әлі күнге дейін айтылып жүреді. Солардың бір-екеуін газет оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.

Ағасы Қыңырбектің әйелі қайтыс болып, бай баласы ел ішінен ешбір қызды жақтырмай, көпке дейін үйленбей, жүріп қалса керек. Сағатбек бір күні ел аралап келе жатып, ағасы Қыңырбекке қарсы жолығады да:

– Әй, Қыңырбек! Сен неге қалың елден қыз таба алмай жүрсің? Пәленшенің үйінде бір қыз отыр, ішінде алты ұл жатыр, соны ал, – депті. Інісінің сырын білетін Қыңырбек бірден әлгі қызға құда түсіп, үйленеді. Айтқанындай, сол әйелден алты ұл туады. Олардың ұрпақтары әлі күнге Жарбұлақта (қазіргі Қабанбай ауылында) тұрып жатыр.

Бірде Сағатбек ел аралап келіп, үйіне түсіп жатса, үйден жүгіре шыққан балдызы жездесінің шылбырынан ұстап, «Жезде, мен тұрмыс құрғалы үш жылға айналып барады, бір нәрестеге зар болып жүрмін. Сен бала көтермеген басқаларға да бала сыйлап жүрсің ғой. Апайымнан артық емеспін, қасыма жатсаң да, бір бала берсеңші» депті әзіл-шыны аралас.

Сонда Сағатбек балдызын қамшымен тартып жіберіп, «Әй, қызыңды ұрайынның баласы-ай, маңдайың тайқы екен ғой. Қамшының ұшы кеудеңе тимей, кіндігіңе тигенін қарашы. Кеудеңе тисе, ұл табатын едің, енді қыз табасың» депті. Содан оның айтқаны келіп, балдызы көп ұзамай дүниеге қыз бала әкеліпті.

Тағы бірде жолаушылап келе жатқан Сағатбек қыр астында жайылып жатқан он шақты еліктің үстінен түседі. Еліктер түйелі адамды көре сала үркіп, тұра жөнелгенде Сағатбек атамыз қатты қызығып кетсе керек. «Құдай-ау, атайын десем, мылтығым жоқ, қосайын десем, итім жоқ, қуайын десем, атым жоқ. Аттым, құдай, аттым!» деп үш рет қайталап, қолын алға сермей беріпті. Сөйтіп, еліктер қашқан жақты бетке ала отырып, бір кезеңнен аса бере жолында бір еліктің шоңқиып отырғанын көреді.

Таяп келсе, байғұстың белі үзіліп кеткен екен. Ол дереу: «Е, жарықтық жануар-ай! Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, түйесінен түсе қап, бісмілләсін айтып, оны сойып алған көрінеді.

Әулетбек Қалипанов

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button