Денсаулық сақтау

Ресейлік ғалым шеберлік-сыныптарын өткізіп, ота жасады

Ресейлік ғалым шеберлік-сыныптарын өткізіп, ота жасады


Облыстық онкологиялық диспансерде ресейлік онколог, жетекші уролог, «Святитель Лука» клиникасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сергей Поповтың басшылығымен жергілікті уролог-онкологтар бірнеше лапароскопиялық операция жасады. Шетелдік ғалымның ғылыми-тәжірибелік шеберлік-сыныптары онкологиялық қызметтің мамандарын даярлаудың облыстық үш деңгейлі бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Алғашқы пациент – өскемендік 53 жастағы ер адамда қуық асты безінің обыры анықталған. Үш сағатқа созылған ота кезінде науқастың қуық асты безі, лимфобездері алынып тасталды.

-Науқас скринингтік тексерулер кезінде белгілі болды. Толық жүргізілген зерттеулер ол кісіде обырдың алғашқы стадиясы екенін анықтап, ота жасауға шешім қабылданды. Қуық асты безінің обырына ашық операцияны біздің онкологтар үш жылдан бері жасап келеді. Бүгінгі операцияның ерекшелігі – лапароскопиялық, яғни денесін кеспей, 3 D көлемді эндоскопиялық құралдың көмегімен жасалуында, – деді хирург-онколог, хирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Құсайынов.

Ресейлік ғалым Сергей Попов операция бөлмесінің жабдықталуы өте жоғары деңгейде екенін атап өтті. Бүгін қолданылған 3D көлемді «Оlympus» эндоскопиялық құралының құны жарты миллион АҚШ долларына жетеді. Осыдан үш жыл бұрын әлемде бар болғаны осындай төрт-ақ жабдық болыпты. Алғашқы екеуі Жапонияда, үшіншісі Барселонадағы клиникада, төртіншісі өзі жетекшілік ететін «Святитель Лука» клиникасында орналасқан. Қазіргі уақытта тіпті, Ресейдің өзінде мұндай құрал санаулы ғана. Біздің хирургтар бұл жабдықты алғаш рет пайдаланғандарына қарамастан өздерінің жетік білімдерін көрсетіпті.

– Операция үш сағатқа созылғанымен сәтті өтті. Науқастың обыр дертіне шалдыққан қуық асты безін, лимфобездерін алып тастадық. Маған жергілікті онколог-хирургтар Хусан Төлепбайұлы және Жандос Ермұхамбетұлы ассистент болды. Дәрігерлердің бір-бірімен өзара байланыстарында кемшіліктер кездеседі. Әрине, аздап тәжірибе мен жылдамдық жетіспейді. Бірақ бұл біртіндеп келетін дағдылар, – дейді Сергей Попов. – Шығысқазақстандық онкологтар эндоскопиялық оталарды бұрын да жасап жүргендерімен, бүгінгі аппарат экстра класқа жататындықтан, мүмкіндіктері өте мол. Соны ұтымды пайдалануды меңгеру қажет. 3D көлемді аппарат науқастың ішкі органдарын монитордан анық көруге мүмкіндік береді. Ал лапароскопты ұстап, камераны бағыттап тұрған онколог Жандос Ермұхамбетұлының еңбегін ерекше атаған жөн. Отаның қаншалықты сәтті шығатыны осы камераның қызметіне көп байланысты. Жандос жас болса да өз міндетін мінсіз орындап шықты.

Үш күннің ішінде ресейлік ғалым біздің уролог-онкологтарға алты шеберлік-сыныбын өткізді. Жергілікті дәрігерлермен бірлесіп үш ер адамға қуық асты безіне, екі әйел мен бір ер адамның бүйрегіне операция жасады. Шеберлік-сыныптары дәрігерлерге урология саласындағы онкопатологиясы бар науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуда, осы бағытта аз инвазивті эндоскопиялық операцияларды белсенді енгізуде теңдесі жоқ тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, ресейлік ғалым урологиядағы лапароскопиялық оталар туралы лекция оқыды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button