Білім

Оқулықтар неге жетіспей жатыр?

 Оқулықтар неге жетіспей жатыр?

Жаңа оқу жылының алғашқы айы аяқталуға жақындап қалғанына қарамастан облыстың бірқатар мектептерінде оқулықтар жетіспейді. Әсіресе 9-сыныпқа арналған зайырлылық және дін негіздері оқулығы кейбір білім ошақтарына мүлде жеткізілмеген. Осы мәселенің мәнісін түсіндіріп беруді біз Шығыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Еркімбек Аязбаевтан өтінген едік.
-Облыстың білім ордаларын 2016-2017 оқу жылында оқулықтармен және оқу әдістемелік құралдармен жабдықтауға бюджеттен 786 млн. тенге көлемінде қаржы қарастырылған. Орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшуге байланысты биыл 1-сыныпқа барған балғындардың барлығы жаңа бағдарламаға сәйкес бірыңғай базалық оқулықтармен облыс көлемінде жүз пайыз қамтылды. Бірыңғай базалық оқулықты енгізу бюджеттік қаржыны үнемдеуге, оқулықтарды жергілікті жерлерге жеткізуді жылдамдатуға, мазмұнын үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік беретінімен тиімді. Алайда, жұмыс дәптерінің жетіспеушілігі бар. Кейбір қала мен аудандық білім бөлімдерінде қаржының тапшылығынан жұмыс дәптерлеріне жеткілікті көлемде тапсырыс берілмегені белгілі болды. Өскемен қаласы, Күршім, Ұлан аудандарында аталмыш оқу құралымен оқушылардың 97-98 пайызы қамтылған. Айта кетерлігі, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жұмыс дәптері бюджеттің есебінен сатып алынатын құралға жатпайды. Дегенмен, ата-аналардың, мектеп басшыларының көмегімен бұл тығырықтан шығудың жолдары қарастырылып жатыр, -деді департамент басшысы.
Еркімбек Аязбаевтың түсіндіруінше, қалған оқу әдістемелік құралдарын сатып алуға ата-ана мен басқа да қаржы көздерін пайдалануға болады. Биыл қорландыру циклының есебінен 8-9 сыныптарға жаңа оқулықтар алынуға тиіс. Осыған орай, бұл топтарға қажетті оқулықтардың да кешеуілдеп түскен жағдайлары тіркелген. Мысалы, Глубокое ауданына 8 сыныпқа арналған оқулық қыркүйектің жиырмасында ғана жеткен. Тарбағатай мен Көкпекті аудандары да уақытында қамтамасыз етілмей жатыр. 9-сыныпқа арналған зайырлылық және дін негіздері оқулығы Бесқарағай, Глубокое, Күршім, Шемонайха аудандарына уақытында түспеген. Бесқарағайдағы Кананерка орта мектебінің 8-сынып оқушыларының 16 пайызы ғана қамтылса, 9-сыныптар үшін оқулық мүлде келмеген. Ұлан ауданындағы Аманжолов, Гагарин орта мектептерінің 8-сынып оқушыларының 20 пайызы ғана оқулыққа қол жеткізген. Осы және Шемонайха ауданындағы мектептерде де осы кемшілік кездеседі. Өскемен қаласының білім шаңырақтарын тексерген кезде №№ 4, 5, 15, 19, 20, 22, 46 мектептерінде осы оқулықтың толық көлемде жетпегені анықталған.
-Бұл келеңсіздіктердің барлығы қаражаттың жетіспеушілігінен туындап отыр. Сондықтан жергілікті атқару органдары осы мәселені жеткілікті зерделеп, жедел түрде шешу үшін шұғыл шараларды қарастырулары қажет. Ата-аналар комитетінен, басқа да жеке тұлғалардан оқулықтардың жетіспеушілігіне қатысты олқылықтар кездескен кезде Шығыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің 21-65-38 сенім телефонына немесе vkocontrol.gov.kz сайтына хабарлауды сұраймыз, – деді Еркімбек Аязбаев.
Департамент басшысы хабарлаушы өзі жайында толық мәлімет беруі қажеттігін, домалақ арыздар қаралмайтынын ескертті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button