Мереке

Өскеменнің шыршасы өзгеше

Жаһан жұрты асыға күтетін мерекенің бірі – Жаңа жыл. Бұл мереке қарсаңында үлкен де, кіші де қуаныш пен шаттыққа бөленіп, жасыл шыршаның жанғанын асыға күтеді. Биыл да дәстүрлі үрдіске сай орталық алаңдағы Шығыс Қазақстанның жасыл шыршасы ерте жанып, жұртқа жаңа жылдың келіп жеткенін сезіндірді.

Жаңажылдық жасыл шыршаның жануы жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ескі жылмен қоштасқан жұрт жаңа жылдың шыршасын шаттықпен қарсы алды. Сонымен қатар осы сәтте облыс орталығына жиналған Аяз аталар мен Ақшақарлардың арасында өткен байқау қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Аталған сайысқа барлығы 43 өтінім түсіп, 160-тан астам адам қатысқан.

– Биыл дәстүрлі түрде жаңажылдық мерекеге орай қала көшелері безендірілді. Сондай-ақ жаңа орындар – С.Нұрмағамбетов және “Металлург” саябақтарында да интерактивті шырша орнатылып, безендіру жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы да осы дәстүрді жалғастыра бермекпіз. Жаңа жыл – отбасылық мереке. Сондықтан отбасыларыңызда береке-бірлік болсын деймін. Баршаңызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, бақыт пен денсаулық тілеймін, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Оюмен өрнектеліп, сан түрлі жылтырақпен сәнделген Өскеменнің сәукелелі шыршасы жұртқа өзгеше әсер берді. Шырша жағу рәсіміне келген жұрт өз пікірлерін әлеуметтік желі арқылы да жеткізіп, бір-бірін жаңа жылмен құттықтап жатты.

Ал жасыл шырша алдындағы ең қызықты сәт үздік Аяз ата мен Ақшақарды таңдау кезінде болды. Бағалаушылар олардың киім үлгісі мен жаңажылдық тақырыпты аша білгеніне баса назар аударды. Осылайша көпшілік көрерменнің дауыс беруі нәтижесінде «Дария» балалар бақшасының Аяз атасы мен Ақшақары жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар әртүрлі номинациялар бойынша бағалы сыйлықтар табысталып, мерекеге муызкалық шашу шашылды. Орталық алаңда Аяз аталармен және Ақшақарлармен қатар түрлі ертегі кейіпкерлері де тұрғындардың көңілін көтеріп, жиналған жұртты қуанышқа бөледі. Осылайша жаңа жылды асыға күткен жұрт жасыл шыршаның жағу сәтін тамашалап, шара соңын биге ұластырды.

 

Осы айдарда

Back to top button