Мереке

Арбатта Астана күні тойланды

Облыс орталығындағы Арбат бүгін балалардың жарқын күлкісі мен шаттыққа толы болды.
Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен осы жерде «Менің Астанам» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Дәл бүгін Арбаттың бойы нағыз шығармашылық шеберханасына айналды. Әр жастағы балғындар Астана тақырыбына акварельмен суреттер салып жатыр. Кейбіреуі буМагия техникасы бойынша қағаздан әртүрлі бұйымдар жасауда. Сегіз жастағы Нариман Астанада ешқашан болмаса да, еліміздің жүрегі саналатын бас қаламызға деген махаббатын қағаздан жасалған жүрек бейнесімен көрсетті. Бесінші сыныпты аяқтаған София болса Бәйтеректің суретін салыпты. Балалардың салған суреттері сол жерде бірден ілініп, жиналғандардың назарына ұсынылды. Өскемендік Сабина мен Жұлдыз да шамалары келгенше суреттерін салып жатыр.

-Менің төрт жастағы Назар есімді немерем Астанадан қонаққа келген. Суреттердің арасынан Бәйтеректі бірден танып, қасына жүгіріп барды, – дейді немерелерімен қыдырып жүрген әжелердің бірі.

Шынында да, салынған суреттердің басым бөлігі еліміздің басты символы – Бәйтерекке арналыпты. Бір жерден ғана өзгеше суретті көріп, «бұл не екен» деп ойланып тұрсам, қасыма келген бала «бұл – менің суретім, Ханшатыр, мен оны осылай көрем» дегені. Балғындардың қыл қаламынан туған дүниелер кәсіби туындылар болмағанымен, олардың Елордамызға деген сүйіспеншіліктерінің көрінісі. Сонысымен де құнды екені даусыз. Мерекеге келген балғындар ақ қағазға алақандарының табын бояумен басып, белгі қалдырды.

– Астана күнінің құрметіне кітап көрмесі мен фотогалерея ұйымдастырдық. Әсіресе шығармашылық шеберханасындағы балғындардың қарасы көп. Олар сонымен қатар Астана қаласының көрікті жерлеріне виртуалды саяхат жасай алады. Сондай-ақ Астананың тарихына қатысты викторина өткіземіз. Жеңімпаз балаларға деген тәтті сыйлықтарымыз да бар, – деді Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың директорының орынбасары Жанат Жайымбекова.

Облыс орталығында Астана қаласының мерейтойына арналып басқа да көптеген мерекелік шаралар өткенін айта кеткен жөн.

– Астана – тәуелсіздігіміздің символы. Кез келген қазақстандық елордамызды өз көзімімен көргісі келеді. Сол себепті бүгін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың ұжымы қалалықтарға виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік берді. Өскемендіктердің назарына Елорда туралы кітаптар мен фотогалерея ұсынылды. Жамбыл атындағы саябақта балғындарымыздың асфальттағы суреттерінің байқауы ұйымдастырылды. Оған ауа райы да кедергі бола алмады. Мерекеге жиналғандар мектеп жасындағы оқушылардың концертін тамашалады. Өскемендіктер әртүрлі спорттық шараларға қатысты, – деді қала әкімінің орынбасары Ирина Смит.

Мерекелік шаралар тек орталықта ғана емес, қаламыздың шағын аудандарында да ұйымдастырылды.

Осы айдарда

Back to top button