Экология

Орман шаруашылығын өркендетудің жолдары сараланды

Орман шаруашылығын өркендетудің жолдары сараланды
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен «Орман шаруашылығының бүгінгі жағдайы мен даму болашағы» деген тақырыптағы халықаралық форумға Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ғалым Оразбақов, Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев, Ресейдегі Сібір федеральды округінің орман шаруашылығы агенттігінің өкілі Петр Глухих, Ресейдің Алтай өлкесі, Омск, Томск облыстары мен Татарстан республикасының өкілдері, Қытайдың көршілес жатқан Зимунай ауданының әкімі, Қарағанды, Астана, Павлодар, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары табиғи ресурстар басқармалары мамандары, ұлттық қорықтар мен парктер директорлары, орман шаруашылығы саласының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Мәселенің маңыздысы – ағаш өңдеу

Халықаралық форумды ашқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:

– Халықаралық орман форумының алғаш рет Өскеменде өткізіліп отырғаны тегін емес. Өңіріміздің аса құнды табиғи байлықтарының бірі – қарағайлы, шыршалы орман алқаптары. Еліміздегі орман қорының 60 пайызға жуығын құрайтын орман облыс аумағының жеті пайыздан астам аумағын, 3,4 млн. гектар алқапты алып жатыр. Біз үшін орман шаруашылығына, орман байлығын өндірісте пайдалану және оны қайта өңдеуге қатысты мәселелердің маңызы ерекше. Сондықтан осы саладағы проблемалық мәселелер мен саланы дамытудың келешегі, «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын іске асыруда сапасы төмен ағаштар мен ағаш қалдықтарын пайдалану тәсілдері талқыланатын бүгінгі форум өңіріміз, еліміз үшін аса қажетті шара. Бір кездері күрт құлдырап кеткен орман шаруашылығы саласы қазір қайтадан дамып, өркендеп отыр. Үкіметтің қолдауына сүйене отырып, саланы дамытуға орай түрлі іс-шараларды атқарып жатырмыз. Жыл сайын облыста бес-алты мың гектарға жас көшеттер егілуде. Елді мекендер маңына да жылына 200-250 түп ағаш отырғызылуда. Алайда, бүгінгі күні орман өнеркәсібі шаруашылығы артта қалуда. Аймақта шығарылып отырған өнімнің 0,6 пайызы ғана – аталған саланың үлесінде. Орман өнеркәсібінің әлеуеті әлі тиісті деңгейінде игерілмей жатыр. Салада ғылыми жетістіктерді пайдалану жағы да жетіспейді. Қазақстан және Ресей Президенттері екі елдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастық байланысын арттыруға, аймақаралық интеграцияны дамытуға әркез назар аударып келеді. Қарашада екі мемлекет басшыларының қатысуымен шекаралас аймақтардың ынтымақтастық форумы өтпек. Қазанда облысқа Алтай өлкесінің губернаторы келеді. Екі жақты бірлескен іс-қимылдар мен әріптестік байланыстарға негізделетін бүгінгі форумның да өз нәтижесін беретініне, орман өнеркәсібі саласын дамытуға серпін береріне сенім артамыз, – деп форумға жиналғандарды өңірдің басты байлығы – орманды сақтап, көбейтуге орай атқарылып жатқан іс-шаралардан, алда тұрған міндеттерден хабардар етті.

Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ғалым Оразбақов екі елдің, оның ішінде Ресеймен шекаралас жатқан Шығыс Қазақстанның орман шаруашылығы саласын дамытуға екі жақтың кәсіпкерлері үшін қазір Кеден одағы көлемінде, біртұтас экономикалық кеңістік аясында аса қолайлы кезең туып отырғанын, оның үстіне Қазақстанда ресейлік кәсіпкерлердің бірлескен кәсіпорындар құрып, инвестиция салуына салық саясатының тиімділігі, әкімшілік кедергілердің аздығы жағынан да мүмкіндік мол екендігін жеткізді. Қазақстанда қосымша құн салығының өзі Ресейдегіден 6 пайызға төмен болып отыр. Орманды қайта өңдеу, жиһаз өнеркәсібін дамыту жағынан кенжелеп келе жатқан біздің елге қаржы салып, өңдеу өнеркәсібін ашудан Ресейдің де, Қазақстанның да кәсіпкерлері ұтылмайтынын, екі жақтың экономикалық байланыстарын арттыра беру бағыты алдағы уақытта да басты назарда болатынын атап айтты.
Ең төменгі еңбекақы – орманшылардыкі

Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазір министрлікте «Орман өнеркәсібі саласын өркендету» бағдарламасы жасалып жатыр. Оған шетелдік, отандық мамандар да қатыстырылмақ. Вице-министр сала еңбеккерлерін орман өнеркәсібін дамытудың болашағын айқындайтын аталмыш жобаны жасауға атсалысуға шақыра отырып, орман қорына аса бай Шығыста орман өнеркәсібі кластерін құрудың тетіктерін іздестіру қажеттігіне, саланы жетілдірудің жолдарына тоқталды.

Елімізде келер жылдан бастап орман ағаштарын кесуге жарияланған мораторий жойылмақ. Бірақ мұнымен сала даңғыл жолға түсіп кетеді деу қиын. Министрдің орынбасары келтірген деректердегідей, Қазақстандағы орман шаруашылықтары мен өңдеу өнеркәсіптерінің жаңа технологиямен, жаңа техникамен жарақтандырылу деңгейі әлі күнге артта қалып келе жатыр. Таулы аймақтардағы орман алқаптарында жұмыс істей алатын бесаспап техникалар мүлде жоқтың қасында. Жаңа технологияның жоқтығы, салаға тән басқа да кедергілер қайта өңдеуге көңіл бұрдырмай отыр. Түбегейлі өңделмеген шикізат күйіндегі ағаш өнімдері өте арзанға сатылуда.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ облыстың орман алқаптарында орман өртінен сақтандыратын ақпараттық жүйелер енгізіліп жатқанын атап өтті. Қазір осындай үш пост жұмыс істеп тұр. «Ертіс» ӘКК – мен бірлесе отырып, отын шақпақтарын жасау жобасы жүзеге асырылмақ. Орман өнеркәсібі кластерін құру шаралары да қолға алынуда. Форумның пленарлық отырысында облыс басшысы Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевқа орманшылар мәртебесін айқындау, ұзақ мерзімді орман пайдаланушылардың орман үлескілерін жалға алу шарттары мен міндеттерін қайтадан қарап, реттеу, орманшылардың еңбекақысын көтеру сияқты саладағы өзге де мәселелерді шешуді қарастыру қажеттігін айтып, назар аудартты. Бүгінде орманға қалқан болып жүргендердің еңбекақысы 40 мың теңгенің әр жақ бер жағында болып отыр.

Форумға қатысқан «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы президентінің орынбасары Р.Ошақбаев өткен мамыр айында Кеден одағы елдерімен қол қойылған келісімдегі 19 экономикалық басым бағыттардың ішінде орман өнеркәсібін дамыту бағыты да бар екенін, оған қоса палата аясында «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы» одағы құрылатындығын, облыстың, еліміздің орман шаруашылығы, орман өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлердің аталған саланы дамытуға байланысты ұсыныс, тілектерін қарастырып, мүдделерін қорғауға, қолдауға әзір екендігін жеткізді.

200 түп ағаш әкеліп отырғызды

Алқалы жиында белгілі болғандай ресейлік орманшылардың да проблемаларының дені біздікіндегідей екен. Сібір федеральды округі орман шаруашылығы агенттігінің өкілі Петр Глухихтың баяндауынша, Ресей жақтағы орман өнеркәсібін, орман саласын оңдырмай отырған мәселенің бірі – кадр жетіспеушілігі, жалақының аздығы, инфрақұрылымдардың нашарлығы, орман өрті. Округтегі орман өнеркәсібі негізінен алқаптарды жалға алушы кәсіпкерлер есебінен өркендеп келеді. Броконьерлік жолмен ағаш дайындаушылар да аз емес екен. Оның алдын алудың бір жолы ретінде орман алқаптарына бейнебақылау қойылған.

Ресейдің Алтай өлкесінен келген орман өңдеуші кәсіпорындар өкілі Валерий Савин, Татарстан орман шаруашылығы министрлігінің өкілі Тимур Галиев, өзге де қатысушылар орман шаруашылығын өркендетуге кедергі келтіріп отырған өзге де жәйттерді ортаға сала отырып, қайта өңдеу бағыты бойынша бірлесе жұмыс істеудің тиімділігіне тоқталды.

Алтай өлкесінің орман өңдеушілері атынан келген Валерий Савин Өскеменге әріптестерімен бірге 200 түп қарағай мен бал қарағай көшетін ала келіпті. «Сөзден іске көшуіміз керек, Осылайша. «Алтай орманы» мекемесінде өсіріліп жатқан бұл көшеттер Өскеменде өткен форумға қатысқанымыздың белгісі болмақ», – деді ол.

Сөзден іске көшкендікті дәлелдеп, ағаш өңдеумен айналысып, фанер шығарып жатқан жалғыз-жарым кәсіпорнымыздың бірі – Зыряндағы «Фаворит» серіктестігі. Кәсіпорын директоры С.Огнев форумда тексеруші органдар тарапынан орынды-орынсыз тексерулердің жиі болатыны, қытайдың үгітіліп жатқан, сапасыз ағаш өнімдерінің ел нарығында сатылып жатуы сияқты жәйттер кәсіпкерлігіне кедергі келтіріп, еркін бәсекелестік жағдайының жасалмай отырғанын айтса, облыстағы орман өңдеуші кәсіпорындар қауымдастығының төрағасы В.Рязанов өңірдің орман шаруашылығына инвестиция тартып қана алға бастыру мүмкін екенін еске салды.

Түстен кейін жиын ағаш өңдеу, орман шаруашылығын дамытудың жолдарын кеңінен талдап, бағдарлаған секциялық жұмыстармен жалғасты. Форум қорытындысында қатысушы тараптардың бекітуімен болашақта атқарылатын шаралардың толық тізбесі көрсетілген хаттама толтырылып, қарар қабылданды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button