Ауыл шаруашылығы

Орақ маусымын ойдағыдай аяқтады

Азамат Темірбеков

Материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген шығысқазақстандық шаруалар орақ маусымын ойдағыдай аяқтады. Бұл туралы өңірдегі күзгі жиын-терін жұмыстарын қорытындылаған баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарованың хабарлауынша, биыл өңір шаруалары күзгі орақ маусымын межелі мерзімде аяқтап, жалпы көлемі 639,6 мың гектар алқаптан өнім жинаған. Жалпы, жиын-терін барысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың әр гектарынан 19,6 центнер шамасында өнім түскен, ал жиналған дақылдың мөлшері жарты миллион тоннадан асып жығылған.

Сонымен қатар бүгінде аймақтағы шаруалар көптеп өсіріп жатқан майлы дақылдардың да шығымы жаман болмаған сыңайлы. Бұл дақылдардың әр гектарынан 17,2 центнерден өнім жиналып, жалпы мөлшері 359,5 мың тоннаға жетті.

Бұдан бөлек облыс шаруашылықтары картоп пен көкөністен жақсы өнім алды. Яғни, бір гектар жерден 190,4 центнер картоп жиналса, көкөніс алқабының әр гектарынан 296,7 центнерге дейін өнім алынды. Осылайша жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы көлемі 354 тоннадан астам мөлшерде бақша дақылдарын қоймаға салды.

Егін жинау жұмыстарының ажырамас бөлігінің бірі – диқандардың қажетті әрі дер уақытында жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі екені бесенеден белгілі. Бұл жұмыстарды биыл да жауапты орындар өз бақылауында ұстап отырды. Айталық, еліміздің Энергетика министрлігі күзгі жиын-терін жұмыстарын іркіліссіз өткізу үшін облыс шаруашылықтарына Павлодар мұнай-химия зауытынан арзан бағада 17,8 мың тонна дизель отынын бөлді. Сонымен қатар күнбағыс тұқымын кептіруге қосымша 3,2 мың тонна жанармай қарастырды.

– Операторлардың тамыз-қазан айларына дизель отынын сату бағасы литріне 204-212 теңге болды, бұл нарықтағыдан 48-56 теңгеге төмен, – дейді Диляра Жылқайдарова. – Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырудың өзектілігін ескере отырып, минералды тыңайтқыштарды қолданудың маңызы зор. Биыл егіс алқаптарының топырақ құнарын арттыру үшін облыс шаруашылықтары минералды тыңайтқыштардың барлық түрінен 26 мың тонна сатып алды. Оның ішінде минералды тыңайтқыштардың құнын арзандату шеңберінде 21,3 мың тоннасы субсидияланды. Облыста пестицидтердің бағасын арзандатуға 307 мың литр пестицид субсидияланды. Суармалы суды жеткізу бойынша қызметтердің бағасын арзандатуға 15,3 млн. теңге субсидия берілді.

Ресми ақпаратқа сенсек, биыл облыс шаруалары дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар және картоп тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Жыл сайын майлы және жемшөп дақылдары бойынша өзіміздің тұқымдарға аздаған тапшылық қалыптасатын көрінеді. Дей тұрғанмен, бұл тапшылық басқа облыстардан жеткізілетін, сондай-ақ шетелден жеткізілетін тұқымдар есебінен жабылады.

Жалпы, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы басқармасы тұқым шаруашылығын қолдау шеңберінде 4,5 мың тонна тұқымға 1 миллиардтан астам теңге субсидия берген.

Басқарма өкілінің есебіне сүйенсек, биылғы егістен түскен астықты толық өңдеуге қажетті техниканың барлық түрі бар. Яғни, облыста әртүрлі қуаттылықтағы 209 механикаландырылған ток, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін сақтауға қуаттылығы 327,9 мың тоннаға жететін бес лицензияланған элеватор жұмыс істейді. Облыстағы барлық элеваторлар, астық қабылдау пункттері және ауыл шаруашылығы құрылымдарының жеке қоймаларында шамамен 1 млн тонна астықты сақтауға мүмкіндік бар.

Осы айдарда

Back to top button