Тылсым дүние

О дүниеде табысқан ғашықтар

Махаббат туралы әңгіме қозғалса, «ол шынайы өмірде жоқ нәрсе» деп екі қолын төбесіне қойып шыға келетіндер жоқ емес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алтай тауының аясында Жазира мен Бақыттың басынан өткен мына бір оқиға жоғарыдағы сөзімізге жауап болары анық.

О дүниеде табысқан ғашықтарКүнделікті күйбеңмен шұғылданып жатқан Қаратөбе ауылын Жазираның суық хабары лезде дүрліктіріп тастаған.

– Жағалауда киімі ғана қалыпты.
– Хат жазып кетіпті.
– Сүйегі әлі табылмай жатыр екен, – деген сынды сыпсың сөздер аядай ауылдың мұржаларынан шыққан түтінмен ілесе бүкіл Алтайдың аспанына тарап жатты.

Жазира – Бақыттың сөз байласқан қызы. Ес білгелі бірге өскен екі жас бір-бірін құлай сүйетін. Бірақ, екеуінің отау құруына екі жақтың ата-анасы қарсы болған. Әсіресе, қыздың ата-анасы азар да безер болып, қосылмаған. Бұған себеп – екі әулеттің жақындығы. Нақтырақ айтқанда, Жазира мен Бақыттың аталары жетіге толмаған. Қазақ дәстүріндегі жазылмаған осы бір қатал заң бұл екеуінің ортасына мызғымас тас қамал болған. Осы заңды көлденең тартқан қыз әкесі айттыруға келген ара ағайындарды аяғына отырғызбай қойғанды.

Қатал әкенің қайырылмайтынын аңғарған Жазира «Мен әкеме ренжімеймін, ал Бақытсыз өмірімнің тағы мәні жоқ, мен үшін ешкімді кінәламаңыздар» деп, тілдей қағаз жазып, үстелге қойыпты да, өзін Алқабек өзеніне бірақ лақтырыпты. Ағаш басына шапшып, тасып жатқан асау өзен ару қыздың балғын денесін қылғыта салғаны даусыз.

Ел болып, қыздың денесін судан сүзіп, таба алмай жатқанда көрші ауданға жолаушылай кеткен Бақыт та жетсе керек. Сұмдық хабарды естіген ол еш адамға тіс жармастан, меңірейген күйі өзен бойына келеді де, Жазира екеуі үнемі келіп тұратын кәрі қайыңның түбіндегі иірімге ұзақ қарап тұрады. Кенет жігіт те өз денесін асау өзенге қарай лақтырған көрінеді. Қалған жұрт жігіттен мұндай шешім күтпесе керек, «әттеген-айлап» артында қала береді. Бір ғажабы, арада қанша уақыт өтсе де, жігіттің бейнесі су бетіне көтерілмейді. Ақыры, бір адамның сүйегін іздеген жұрт жоқтың санын екіге жеткізеді.

Екі күн өткенде екеуінің сүйегін тапқан жұрт жағаларын ұстап, таңдайларын қағысқан екен. Өйткені, Бақыт пен Жазираның өлі денелері бірге шыққан еді. Ең таңғаларлығы, екеуі бірін-бірі тас қылып құшақтап алған. Тіпті, қыз мүрдесін суға соңғы түскен жігіт құшақтады деген күннің өзінде, қанды суға бір күн бұрын батып кеткен қыз қайтып жігітті құшақтады екен?

Жер үстінде жете алмаған армандарына қара судың құшағында жеткен екі мұңлықты ақыры ауыл ақсақалдары ақылдаса келе бір қабірге жерлепті. Бұл бір Алланың құдіреті ме, әлде кездейсоқтық па екен?!.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button