«Дидардың» қонағы

Нұрлан АБДУЛЛИН, әнші: – Бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге, қандай ән арнасақ та, жарасады

Нұрлан Абдуллин қазақстандықтардың тек сүйікті әншісі ғана емес, сонымен қатар үлкен жүректі азамат екенін екінің бірі біле бермейді. Оның атқарып жүрген қайырымдылық істері бүкіл бір қайырымдылық қорына жүк боларлықтай.

Нұрлан АБДУЛЛИН, әнші: – Бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге, қандай ән арнасақ та, жарасадыСолардың кейбіреуін ғана атасақ: «Парыз» қайырымдылық қорының президенті (тұрмысы нашар отбасыларындағы дімкәс балаларды шетелдік емханаларда емдеуге көмектеседі), «АЛА» шығармашылық бірлестігінің президенті (жас орындаушылардың әндерін жазуға көмектеседі, концерттік бағдарламалар ұйымдастырады), «Алматы – менің алғашқы махаббатым», «Қарағанды – жастық шақтың қаласы», «Каспий – достық теңізі» сияқты фестивальдардың негізін қалаушы. Қайырымдылықпен айналысуды өзінің міндеттерінің ең бастысы санайтын әнші таяуда Өскемен қаласында болып, соғыс және тыл ардагерлеріне белгілі соғыс әндерінен тұратын «На безымянной высоте» атты су жаңа альбомын сыйға тартты. Аншлагпен өткен концертті жаңа альбомның тұсаукесері десе де болады. Біз думанның алдында, сахна сыртында мыңдаған тыңдарманның қалаулысы атанған әншіге бірер сұрақ қойып үлгерген едік.

Соғыс туралы әндерге сұраныс көп


– Шығыс өңірі Сіздің әр гастрольдік сапарыңызды асыға күтетіні жасырын емес. Бүгін тыңдармандарыңызға қандай әндер ұсынбақсыз?

– Менің сапарым облыс және қала басшыларының, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қолдауымен, «Қазақмыс» корпорациясының жетекшілерінің шақыртуымен жүзеге асып отыр. Мен, ең алдымен, осы кісілерге алғысымды білдірсем деймін. Шығармашылығыма келер болсақ, соғыс ардагерлері күн сайын арамыздан кетіп жатыр. Олардың саны күннен-күнге азайып келеді. Мен соғыс және тыл ардагерлеріне сыйлық ретінде ол кісілердің құлақтарына әбден сіңген сүйікті әндерінен тұратын «На безымянной высоте» атты жаңа альбом шығардым. Шығысқазақстандықтар – аталмыш альбомның алғашқы тыңдаушылары. Альбомда бұрынғы әндерімнен басқа тың дүниелер де кездеседі. Бағасын концертке жиналғандар бере жатар.

– Сіздің отбасыңызда Ұлы Отан соғысына қатысушылар болды ма?

– Иә, менің әкем соғыс ардагері болған. Өкінішке қарай, ол кісі екі жыл бұрын өмірден қайтты. Әкемнің көзі тірісінде бүгінгі бейбіт өмір үшін алғысымды осындай тамаша іспен білдіре алмағаныма қатты өкінемін. Алайда ол кісінің рухы бәрін көріп тұр, риза шығар деп өзімді-өзім алдарқатамын.

– Соғыс әндері, көбінде, Жеңіс мерекесі қарсаңында ғана айтылмай ма? Ендеше, жаңа альбомыңыз бұдан басқа уақытта ескерусіз қалады деп ойламайсыз ба?

– Өсіп келе жатқан жас өркеннің тәрбиесінің негізі – үлкендерге деген құрмет пен ізеттен басталады. Сол себепті жеткіншектердің санасына соғыс пен көзсіз ерлік туралы жақсы әндер құйылып жатса, бұл олардың бойында отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз. Демек, кез келген уақытта сұранысқа ие болады деп сенемін. Енді жыл сайын соғыс туралы әндердің жинағын шығарып тұруды жақсы дәстүрге айналдырсам деймін. Біз үшін бастарын өлімге тіккен жандарға деген алғысымызды, ыстық ықыласымызды олардың тірі кездерінде білдіргеніміз дұрыс. Мен концерт барысында қарттарға үлестірсем деп біраз дискілерімді де алып келген едім. Бәріне жетпес, сонда да менен кішігірім сый-сияпат ретінде қабылдар.

– Сіздің 1997 жылы жазылған «Дорога домой» әніңізге кезінде жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелейтін әнұран деп баға берілгені әлі есімізде. Ең алғашқы отандық экшн-бейнебаян да Сіздің «Абдулла» әніңізге қойылды. Жалпы, қазақстандық эстрадада ең жаңашыл әнші деп Сізді атауға әбден болады. Шығармашылығыңыз алдағы уақытта қандай бағытта өрбімек?

– Мен мамыр айында Қазақстанның көп шаһарларына шақырту алдым. Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Алматы, Астана деп кете береді… Содан кейін мені Қорғаныс министрлігі тосып отыр. Әскери бөлімшелерде кездесулер ұйымдастыру да жоспарда бар. Барлық жоспарымды, ойлаған іс-шараларымды түгендеп шығу мүмкін емес. Қалай да тыңдарманнан қол үзбейтінімді білемін.

Қарындастарымның шаштарын өріп,
шұлықтарын жамаған кездерім де болды


– Сіздің сыр-сымбатыңыздың осындай тамаша қалыпта сақталуының сыры неде?

– Тоңазытқышта ұйықтаймын (күледі). Бәлендей құпия ештеңесі жоқ. Таңертеңгілік екі сағаттық жүгіріс пен велосипедпен қыдырыстау осындай жап-жақсы нәтиже береді.

– Әлде, ет жемегендіктен бе? Осыдан он шақты жыл бұрын Тибетке барып келген соң Сіз еттен мүлде бас тартты деп жарыса жазған еді әріптестеріміз.

– Жо-ооқ! Қандай қазақ етсіз өмір сүре алады?! Әсіресе, қаһарлы қыста мүмкін емес қой. Оның үстіне жал мен жаядан, қазы-қартадан, жылқының етінен қалай бас тартуға болады?! Тек кез келген нәрседе мөлшер болу керек. Жылқы – өте қасиетті мал.

– Сіз арғымақтардан коллекция жинайды деген рас па?

– Қазіргі заманның арғымақтары – темір тұлпарлар ғой. Ондай әуестенушілігім бар. Бала кезімде «Волга» көлігін армандаушы едім, қазір негізінен «Джип» көліктерін жинаймын.

– Сіз ер адамның ас үйдегі орны қандай деп ойлайсыз? Отағасының қазан-ошаққа араласқаны дұрыс па?

– Енді, күнде демеймін, көңілің түскен кезде, ниетің түзу болса, үйдегі балаларыңның анасын, балаларыңды дәмді бір ас дайындап, қуантқанның ешбір сөкеттігі жоқ. Ондай тәжірибем де жоқ емес.

– Сіздің әзірлейтін ең сүйікті асыңыз қандай?

– Әрине, бешбармақ. Тек оңай болғандықтан деп ойламаңыздар. Біріншіден, ол қуырылған емес, асылған ет. Бұл – маңызды! Екіншіден, оның құрамында адам ағзасына пайдалы көптеген микроэлементтер бар. Жалпы, мен үшін үй шаруасын атқару көп қиындық туғызбайды. Үйдің үлкені болғандықтан соңымнан ерген екі қарындасыма бала кездерінен өзім бас-көз болдым. Ата-анам үнемі жұмыста болғандықтан оларды жуындырып-шайындыру, мектепке киімдерін дайындау, тіпті, шаштарын өруге дейін менің мойнымда болды. Олардың шұлықтарын жамау, бантиктерін үтектеу маған түк емес еді. Тіпті, жыртылып қалған портфельдеріне дейін тіккен кездерім есімде. Мұның бәрін басымнан өткердім. Оған еш арланбаймын.

«Бұлбұл заман» лайықты бағасын алады


Залдағы көрермен бұдан артық сұрақ қоюға мүмкіндік бермеді. Олардың ду қол шапалақтауы мен «Бисс!» деген дауыстарына одан ары шыдамаған әнші бізден кешірім сұрап, сахнаға жүгіріп шыққаны сол еді, залдағылар тынышталудың орнына одан сайын үдете түсті. Екі сағаттан артық созылған концерт барысында белгілі «Дорога домой», «Есть только миг» әндеріне биге шыққандар да табылды. Әншінің қоңыр дауысына елтіген жастар өз кезектерінде «Абдулланы» орындауды өтінді.

Жас деңгейіне қарамастан мыңдаған тыңдарманның жүрегін жаулап алған Нұрлан Абдуллиннің арнайы музыкалық білімі жоқ деуге сену қиын. Құрылыс-сәулет институтының студенті кезінде өнердегі жолын жора-жолдастарының ортасында атақты адамдарға пародиялар жасаудан бастаған еді. Кеш барысында белгілі саясаткерлерге жасаған пародиялары да көрерменнің ыстық қошеметіне ие болды.

Қазақстан эстрадасының «ханы» атанған Нұрлан Абдуллин қазақтың «Ақ сиса», «Бір бала» сияқты халық әндері енген «Бұлбұл заман» атты альбомын Лондондағы атақты Abbey Road студиясында жазып шығарған-ды. Аталмыш студияда The Beatles, Pink Floyd, U2, Пол Маккартни, Фрэнк Синатра сияқты аттары әлемге әйгілі музыканттар әндерін жазған болатын.

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Көрермендер не дейді?

Күлпәш БЕГЕНҚЫЗЫ, тыл ардагері:
– Концерт ұнады. Өзі бір қарапайым бала екен, бала-шағамызбен құшақтасып, суретке түстік. Аналық ақ батамды беріп, бетінен сүйдім. Өркені өсе берсін. Біз сияқты кәрі адамдарды елеп-ескергеніне көп рақмет!

Гүлбадан ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, кәсіпкер:
– Нұрлан Абдуллин – менің ең сүйіп тыңдайтын әншілерімнің бірі. Ол жүргізетін барлық думан бағдарламаларды да қызыға тамашалаймын. Ал бүгін зейнеткерліктегі ата-анамды әкелген едім, ерекше әсер алып қайттық. Ол кісілер де қатарластарын көріп, жас кездеріндегі әндерді тыңдап, бір жасап қалды. Оның үстіне қайырымдылық концерт болғандықтан, кіру тегін екен, бұл мен үшін тосын оқиға болды. Алдағы уақытта да ардагерлерге осындай тегін мәдени шараларды көптеп ұйымдастырса екен деген тілегім бар.

Мәди КӨПЖАСАРҰЛЫ, мұғалім:
– Негізінен соғыс әндері орындалса да маған ұнады. Әртістің өзін көру үшін ғана келуге де болады екен. Сахнадағы жүріс-тұрысы, көрерменмен қарым-қатынасы үлкен жүректі, мәдениетті жан екенін бірден аңғартып тұр. Қазақ эстрадасында осындай әншілердің қатары лайым көбейе берсін!

Осы айдарда

Back to top button