Саят

Нәпақасын өзеннен тапқан Қалжыр балықшылары

Қалжыр өзенінің Марқадан шығатын басынан батысқа қарай, таудың етегінде Қожамбет атасының бірнеше ауылы отыр. Бұлар – Алтайдың тау халқы. Себебі, олар төменге тек Зайсан көлінің жазығындағы егіндіктеріне ғана түседі де, егін орған соң қайтадан таудың басындағы қыстауына кетеді. Тауда Қожамбеттер таудың ең биік жерін жайлайды. Бұлар басқаларға қарағанда кедейлеу. Жаз бойы Марқакөлдің жағасына келіп, Қалжыр өзенінен балық аулайды.

Нәпақасын өзеннен тапқан Қалжыр балықшыларыӘр кеш сайын Қалжыр өзенінің басында балық аулау басталады. Оған әр жанұядан бөлініп, өгізге мінген адамдар келеді. Әдетте олардың саны 50-ден асады. Қолдарында бүкіл Қожамбет руына тиісті екі аулары бар.

Балықшылар бала-шағасына қарамай өгізге мініп, Қалжыр өзенінің төменгі жағынан өзенге түсіп, қолдарына жанған ағаш ұстап, қиқу салып, балықты жоғары қарай үркітеді. Қалжырдың ең жоғарғы жағына ау құрылады да, ау балыққа толған кезде судан шығарылады. Ұстаған балық жағаға, бір жерге үйіледі. Осылайша бірнеше рет қайталанады. Түн баласында айғай-шу бір басылмайды.

Таң ата балық аулау тоқтатылады. Ұсталған балық былайша тең бөлінеді: балықшылар балық үйілген жерді қоршай, қолдарына қаптарын ұстап, алқа-қотан отырады. Сайланған екі бөлгіш адам үйілген балықтың қасына бір-біріне арқасын сүйеп отырып алып, алдымен ірі балықтан бастап, екі-екіден әр балықшының қабына сала бастайды. Ірі балықтан кейін одан кішірегі, ақыр соңында ең ұсақ балықтар бөлінеді.

Түнгі ортақ аудан басқа күндіз шанышқымен жеке адамдар да балық аулайды. Қазақтар салт атқа мініп алып немесе тыр жалаңаш шешініп тастап, жағамен жаяу жүріп, балық шаншиды. Екі тісті айырша ағаш басына бекітілген мықты орақ шеге тәрізді темірден жасалған.

Жаз бойы Қожамбеттер тек балықпен ғана коректенеді. Сүттен қысқа ірімшік, құрт әзірленеді. Бұл кезде әр киіз үйдің бүйіріндегі ши жайылған өреде қазақтардың құрт, сыры кеуіп тұрады.

Қожамбеттерге айырша мен аудан басқа балық аулау құралы белгісіз. Ал көлге ау құруға қайықтарының жоқтығы себеп. Бұл кедей халықтың көлдің ішкі байлықтарын пайдалануына мүмкіндік бермейді. Ал өзен басынан ауланған балық қайғылы жағдайға: форельдің кейбір түрінің құрып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін.

(1863 жылы Марқакөл, Зайсан өңіріне саяхат жасаған
Струве мен Потаниннің жазбаларынан)

Әзірлеген – Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button