Денсаулық сақтау

Мектептегі тамақтануға көңіліңіз толмаса, хабарлаңыз

Мектептегі тамақтануға көңіліңіз толмаса, хабарлаңыз
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас мамандары қыркүйекте жоспарланған тізім бойынша Өскемендегі №7 және Зәки Ахметов атындағы №16 мектеп асханаларының санитарлық жай-күйін, балалар тұтынатын тағамдардың сапасын тексеру үшін арнайы рейдке шықты.
Қалалық басқарманың бөлім басшысы Аида Ақынованың сөзіне қарағанда, биылғы жаңа оқу жылы басталғалы бері қаладағы 14 мектептің асханасына тексеру жүргізілген. Онда әзірленетін тағамдардың, судың сынамасы алынып, микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштерінің нормативке сәйкестігі тексерілген. Бұл зерттеулердің барысында тағамдардың құнарлылығы, оларда ішек таяқшаларының болмауы анықталады. Кей мектептердің асханаларында тауарлық таңбаланудың болмауы, тамақ әзірлеудегі технологиялық процестердің бұзылуы, аспаздардың әшекей бұйымдар тағуы, шикі және дайын тағамдардың бір тоңазытқышта қатар сақталуы, аспаздардың арнайы киімдерінің сәйкес келмеуі сияқты заң бұзушылықтар анықталып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға толық сай емес жауапты тұлғаларға хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Жоспарлық кесте бойынша оныншы қыркүйектен бері облыс орталығындағы 14 мектеп асханасы тексерілсе, қалған білім ошақтары қазақ айында тексерілетін болады.
Гагарин бульварында орналасқан №7 мектептің директоры Гүлнар Имамбаеваның айтуынша, асхананың он күндік мәзірі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бекітіліп, күнделікті көрнекі жерде ілініп тұрады. Балаларға май қосылған сүтті ботқа, ірімшік қосылған бутерброд, қызылша салаты, котлет, сүтті немесе лимонды шай, какао, тағы да басқа зиянсыз тағамдар беріледі.
– Патронатты тәрбиедегі, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 32 бала тегін тамақтанады. Әлі де құжат жинап жүргендері бар. Жылда шамамен 50-60 баланы тегін тамақпен қамтамасыз етеміз,-дейді Гүлнар Қанатқызы.
Арнайы рейд жүргізілген екінші білім ошағы – Ворошилов көшесіндегі №16 орта мектебі. Негізінен ата-аналар тарапынан түскен шағым болмаған жағдайда, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мектеп асханаларын күзде және көктемде, жылына екі рет қана тексереді. Ал №16 мектептің бір ерекшелігі – тоғыз ата-анадан құрылған қамқорлық кеңесі асхананың қызметін, тазалығын, тағамдардың сапасын жылына екі рет тексере алады. Бұл мектепте қазір тегін тамақпен 118 бала қамтылып отыр. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылғандығы жөнінде құжат тапсыра алмай жүрген жеті оқушыны демеушілік көмек ретінде асхананы жалдаушы кәсіпкер Раушан Шаймұратқызы тегін тамақтандыруды өз мойнына алған.
– Біз үшін баланың денсаулығы басты назарда. Сондықтан оқушының денсаулығына зиянды газдалған сусындар, балалар ойнап жүріп жұтып қоюы мүмкін чупа-чупс сияқты кәмпиттер бізде сатылмайды. Ата-аналардың қандай да бір наразылығы болса сынып жетекшісі арқылы айтып, сол мезетте келеңсіздікті жоюға тырысамыз,-дейді №16 мектеп директорының әлеуметтік іс жөніндегі орынбасары Альмира Қабидолдина.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігінің білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту туралы 2017 жылғы № 611 бұйрығына сәйкес, мектеп асханаларында фаршталған құймақ, паштет, крем қосылған кондитерлік бұйымдар, морс, квас, фритюрде қуырылған тағамдар, кетчуп сияқты ашты соустар, майонез қосылған салат, окрошка, саңырауқұлақ, газдалған тәтті сусындар, энергетикалық сусындар, концентратталған шырындар, гамбургер, хот-дог, чипсы, қытырлақ нан сияқты фаст-фудтар сатуға тыйым салынады.
Өкінішке қарай, Кәсіпкерлік кодекс бойынша мектеп асханасын жалдайтын кәсіпкерлерді тексеріс жайлы бір ай бұрын ескертеді. Бұл орайда «Тексеріс келетіндігінен хабардар кәсіпкерлер дәл сол мезетте ғана зиянды өнімдерін шығармай, тексеріске дайындалып қоймай ма?» деген күдік те жоқ емес. Өйткені, балалардың айтуынша, кей мектептерде газдалған сусын, котлет орнына сосиски сияқты тыйым салынған өнімдер еркін сатылады. Сондықтан ата-аналар да баласының денсаулығына немқұрайлы қарамай, мектептер мен балабақшалардағы тамақтануға көңілі толмаса, сапасына күмән келтіретін болса, 30 гвардиялық дивизия көшесі, 22 мекенжайындағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлауына болады. Басқарма мамандары сол факті бойынша қайта тексеруге құқылы.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button