Білім

Мектепке бару қанша тұрады?

Мектепке бару қанша тұрады?


Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар жанталаса балаларын мектепке дайындай бастайды. Дүкен мен базар аралау басталады сол. Бірақ анда барсаң да, мында барсаң да, сол удай баға алдыңнан шығады. Бір ғана баланы мектепке дайындаудың өзі кәдімгідей ата-ананың қалтасына ғана емес, жүйкесіне де салмақ салады. Ал үйінде үш немесе одан да көп баласы бар ата-ананың жағдайы қалай болмақ? Осы орайда біз де базар аралап, баланы мектепке әзірлеудің мән-жайын зерттеп көрдік.

Балалардың жазғы демалысқа шыққаны күні кеше ғана сияқты еді. Сөйтсек, міне жаз қызығы да түгесіліпті. Санаулы күндерден соң алда – жаңа оқу жылы. Баланы жаңа оқу жылына дайындаудың өзі ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Оның үстіне «Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» дегендей, баға дегеніңіз де сан құбылып тұр. Бұрын «Бар жақсымыз – балаларға» деуші едік, қазір «ең қымбатымыз балаларға» болып тұр. Баланың мектепке киетін формасы мен аяқ киімін, сөмкесі мен қағаз-қаламын түгендеп, сатып алудың өзі отбасы бюджетіне әсте оңай соқпайды. Тіпті, кейбір ата-аналар балалар киімін сататын дүкендерге кіруге жүрексінеді. Өйткені, ондағы баға базардағыдан әлдеқайда жоғары. Тіпті қаладағы дүкендерде қарапайым сөмкенің құны он мың теңгеден басталады. Сондықтан да қарапайым халықтың базарға барудан басқа еш амалы жоқ. Базардың өзіне бір баланы мектепке әзірлеу үшін қалтаңызға кемінде 30-40 мың теңгені салып барғаныңыз абзал. Ал қалағаныңызды дүкеннен іздегіңіз келсе, ол ақшаны екі еселегеніңіз дұрыс шығар.

Мысалы, Өскемендегі жергілікті жұрт «Заречное» атап кеткен базардың нарқын сараптап көрейік. Жаңа оқу жылы жақындаған соң ба, мұнда да халықтың қарасы күндегіден әлдеқайда көбейген. Балаларын жетелеп, оқушы формасы мен аяқ киім, қағаз-қалам іздеп жүрген ата-аналар жетерлік. Обалы не керек, саудагерлер халықтың қалауын тауып, көңілінен шығуға әркез тырысады-ақ. Базардың бір жақсысы, қалаған затыңның құнын түсіріп алуға болады. Қатып қалған баға жоқ. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегендей, саудагермен тіл табыссаңыз сұраған дүниеңізді 200-500 теңгеге түсіріп алуға болады.

– Мен мектепке қажетті тауарларды сатумен біраз жылдан бері айналысамын. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Оқушыға қажетті заттарды бес мың теңге көлемінде алатындарға бес пайыз, 10 мың теңге көлемінде алатындарға 10 пайыз жеңілдік жасаймын, – дейді Наталья деген сатушы.

Әрине, бұл да сәл де болсын көмек екені сөзсіз. Бізге бір қарағанда, дәптер, қаламның бағасы аса қымбаттамаған секілді көрінді. Мысалы, оқушы күнделігі бұл базарда 350-400 теңгенің көлемінде. Былтыр да баға осы шамада болғаны есімізде. Он екі беттік бір дәптердің біреуінің құны 15 теңге. Қалам 45-50 теңгеден, түрлі-түсті қарындаш 250 теңгеден басталады. Бір қарағанда бағаның аспандаған ештеңесі жоқ секілді. Бір-ақ үйге келіп барлығының құнын есептеп жіберсеңіз, тек баланың қағаз-қаламының өзіне біраз қаржыңыздың кеткенін байқайсыз.

Бұл базарда сөмкенің де түр-түрі толып тұр. Сөмкенің ең арзаны екі мың, екі жарым мың теңгеден басталып, 8-10 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дегендей, қандай сөмкені таңдау ата-ананың талғамы мен қалтасындағы ақшаға байланысты. Аяқ киімнің де түр түрі самсап тұр. 4500-5000 теңгеден басталатын туфлилердің де бағасы біртіндеп шырқай береді. Орталық базардағы оқушы заттарының бағасы да осы шамалас. Десе де, кейбір ата-аналар баласын дүкеннен киіндіргенді жөн көреді.

– Бүгін бір балама 17 000 теңгеге костюм, 7 200 теңгеге шалбар, 5 800 теңгеге жилетка, 3800 теңгеге көйлек, 16 000 теңгеге туфли алдым. Жиыны барлығы – 49 800 теңге кетті. Екіншісіне әлі алынған жоқ, шамамен 60 000 теңге кетеді, ал қағаз-қаламына бүгінгі бағамен 15 000 теңге «точно» шығады, – дейді қала тұрғыны Гүлжан Қазымова.

Мектепке бару қанша тұрады?

Бірыңғай форма неге бірыңғай емес

Оқушыға қажетті қағаз-қаламға қарағанда мектеп формасының жүгі ауырлау. Мектеп киіміне келгенде кез келген ата-ана кәдімгідей қиналып қалады. Жалпы, еліміздегі мектептердің барлығы бірыңғай мектеп формасына көшкенімен, бірыңғай форма әлі бірыңғай болмай тұр. Еліміздегі әр мектептің оқушыларға арналған мектеп формасы әртүрлі. Бұл мәселені Зайсан ауданының Қаратал ауылындағы мектебіне барғанымызда, мектеп директоры Майгүл Сәрсенбаева да қозғады.

– Былтыр бірыңғай мектеп формасына көштік. Бір оқушыға мектеп формасын толық алу үшін 22 мың теңге қажет. Әрине, бұл ауылда тұратын ата-аналар үшін қалтаға кәдімгідей салмақ. Содан барынша ата-аналардың жағдайын түсінуге тырыстық. Бір ата-аналар «балама 22 мың теңгеге мектеп формасын тұтас алуға жағдайым жоқ, тек юбкасы мен жилеткасын ғана аламын немесе юбкасын ғана аламын» десе, оған да келістік. Немесе басқа жақтан келген оқушылардың ата-анасы келіп, биылша осы формамен жүре тұрайық немесе бір ғана балама ала тұрайын деп жатса, оны да түсініп жатамыз. Бір жақсысы, аз қамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен қамтамасыз етуге кеден саласының қызметкерлері көп қол ұшын берді. Шамамен 7-8 отбасының балаларына мектеп формасын солар алып берді. Дәл бүгінгі күні оқушылардың 90 пайызы мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Бірақ сол бірыңғай форманың бір мектептен екіншісіне ауысқан кезде түкке жарамай қалатыны қиындау. Мысалы оқушы біздің мектептен Зайсанға немесе Өскеменге ауысатын болса, біздің форма ол жақтағы мектептерге жарамай қалады. Сондықтан да еліміз бойынша бірыңғай мектеп формасы болса жақсы болар еді, – дейді Майгүл Бапанқызы.

Мектеп директорының сөзінің жаны бар. Мектеп формасы еліміз бойынша бірыңғай болса деген пікірді Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылындағы №33 Абай атындағы мектептің директоры Есімхан Әкітбаев та қолдайды.

– Әрине, бірыңғай форма деген оқушы үшін өте ыңғайлы. Бірыңғай форма деген – бұл тәртіп. Ал тәртіп бар жерде білім бар. Баланың көңілі ештеңеге алаңдамайды. Кезінде ауқатты отбасылардың балалары мектепке небір қымбат киімдерді киіп келгенін де көрдік қой. Біздің мектептің оқушыларының бірыңғай формаға көшкеніне де екі жылдың жүзі болды. Соның өзінде ата-аналардың қалтасына салмақ түсірмеуге тырыстық. Былтыр мектеп формасының құны 12 мың теңгенің айналасында болды. Биыл да сол шама. Мектеп формасын алу үшін өзіміздің Шығыс ауылында тұратын Толғанай дейтін келіншекке арнайы тапсырыс береміз. Ол қанша оқушыға қанша мектеп формасы керек екенін анықтап Түркиядан тіктіріп алып келеді, – дейді мектеп директоры Е. Әкітбаев.

Отандық өндірушілердің үлесі мардымсыз

Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, облыстағы 658 мектептің 180 мыңға жуық оқушысын мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін шығысқазақстандықтар екі млрд. теңгедей қаржы жұмсайтын көрінеді. Мектеп формасының шамамен 90 пайызы жақын шетелден тасымалданады екен. Тек 10 пайызы ғана өзіміздің өңірде тігілетін көрінеді. Игорь Шацкий отандық өндірушілердің мектеп киімі нарығына тек былтырдан бастап қана ене бастағанын айтады. Бұған еліміздің Білім және ғылым министрінің міндетті мектеп формасын енгізу туралы жарлығы себеп болыпты. Әрине, отандық өндірушілердің бұл нарықтағы үлесі әзірге болымсыз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша өткен жылы отандық өндірушілердің мектеп формасы нарығындағы үлесі небәрі жеті пайызды құрапты. Бірақ біздің өндірушілердің өндірген киімдері шетелдік өндірушілердің киімінен бірде кем емес. 2017-2018 оқу жылында өңірімізде бірыңғай мектеп формасын енгізген мектептердің саны 395, яғни 60 пайыз. Олай болса осынша мектептің оқушылары үшін бірыңғай мектеп формасын сырттан тасу қай жағынан алып қарасақ та тиімсіз. Мұны қаншама қаржыны сыртқа шашу десек те артық болмас. Сондықтан да мектеп формасы нарығындағы отандық өндірушілерді қолдау маңызды. Игорь Шацкий біздің облыста оқушылардың мектеп формасын тігумен 30-дан астам өндірушілер айналысатынын айтады.

Мектепке бару қанша тұрады?

– Жергілікті тауар өндірушілердің өнімін таңдай отырып, біз отандық өнімді қолдаймыз. Жергілікті бюджеттің бүйірін томпайтамыз. Сонымен қатар, өндірілген өнімнің сапасын бақылауға, мектеп формасына қатысты белгілі бір талаптарды қоюға, тіпті кемшілігін айтып, сынауға мүмкіндік аламыз, – дейді ол.

Таяуда Өскеменде өткен мектеп формасына арналған көрмеде 14 өндіруші өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Әрбір компания оқушыларға арналған 20-дан астам тауар түрін әзірлеген екен. Оқушының мектеп формасы жиынтығының бағасы бес мыңнан 18 мың теңге аралығында.

Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуде де ешқандай мәселе туындамайды. Биыл 2,5,7 сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнына көшпек. Осыған орай оқулықтар сатып алуға 1 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлініпті.

Жалпы жаңа оқу жылында облыс бойынша мектеп табалдырығын 21 мыңнан астам бүлдіршін аттайды деп күтілуде.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button