Білім

Мектеп ұжымы мерейтойға қызу дайындалып жатыр

Мектеп ұжымы мерейтойға қызу  дайындалып жатыр
Биыл Мамырсу ауылындағы С.Ғаббасов атындағы мектепке 150 жыл толмақ. Айтулы мерейтой қарсаңында біршама игілікті істер атқарылуда. Әсіресе, осынау іске мектептің кіші қызметкерлері ұшан-теңіз еңбек сіңіріп жатыр.
Қазірдің өзінде көктемгі көгалдаңдыру жұмыстары, мектеп маңын қоршау, алаңын тегістеу, түрлі көріктендіру дүниелерін орын-орнымен қою секілді жұмыстар атқарылды. Енді аздаған уақыттан кейін кіші және күрделі жөндеулер мен ақтау, сырлау, арамшөптен тазарту жұмыстары басталады. Бұл еңбектері ауылдағыларды да елең еткізбей қоймағаны шыңдық. Осы кіші қызметкерлерді басқарып отырған директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Совет Тоқыжанов әр адамның мінезіне, мүмкіндіктеріне, жағдайына көңіл бөле жүріп, жүктелген міндеттерін адами тұрғыда, үлкен жауапкершілікпен атқаруларына ықпал ете білуде. Азаматы жақсы елдің алмайтын қамалы, жетпейтін жетістігі жоқ. Сонымен қатар, демеушілік жасап, көңілге қуаныш ұялатқан мектеп түлектерінің ұйымшылдығына да қатты риза болдық. Бітіргендеріне 20 жыл болған шәкірттердің алтын ұяларына деген ыстық сүйіспеншіліктерін Серік Әлжекеев, Қанат Бакенов, Кенжебек Құтанов сияқты азаматтар көрсетіп, әшекейі өзгеше үлкен қақпаны тарту етті. Оны Гриша Коломеец, Аманжол Иманғалиев, Бекен Лекеров бастатқан азаматтар береке-бірлікпен тамаша етіп орнатып қойды. Ынтымағы жарасқан ұжымда Құралай Оралбаева мектептің іші-сыртын гүлдендіріп, зор жауапкершілік көрсетсе, Айгүл Жайдарбекова, Назым Бидаулетованың да еңбектері өзгеше.
Қалай десек те, кіші қызметкерлердің уақытпен санаспай, жадыраңқы көңіл күйде үздіксіз жасап жатқан еңбектері мен кісіліктері кейбіреулерге ой салары анық.

Гүлсімхан Жамантаева,
Мамырсу ауылы
Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button