Денсаулық сақтау

Медициналық сақтандыру бәрімізге міндетті

Медициналық сақтандыру бәрімізге міндетті


Медициналық сақтандыру қорына жинақталған жарналарымыз жерлестеріміздің денсаулығын нығайтуға бағытталады. Әлдекімдер айтып жүргендей, ол қаржы ешқандай да басқа мақсаттарға жұмсалмақ емес. Мұнымен бірге, басқа да әлеуметтік төлемдердің барлығы да тиісінше қолданыстағы заң аясында алушыларына жеткізілмек. Бұл жөнінде облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында өткен дөңгелек үстел барысында «Юрлик» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржан Түсіпова айтып берді.

Нұржан Құрмантайқызы мұның бәрі Қазақстан Республикасындағы жаңа Еңбек кодексі аясындағы еңбек құқықтары және әлеуметтік кепілдемелер негізінде жүзеге асып отырғандығын жеткізді. Ол мәлім еткендей, биыл жоғарыдағы қоғамдық ұйым облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша осыған қатысты арнайы жобаны өңірде жыл көлемінде жүзеге асырған. Арнайы топ құрамындағы заңгерлер, медиаторлар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер аймақтың барлық аудандары мен қалаларында болып, іргелі еңбек ұжымдарында, бюджеттік мекемелерде, жұмыссыздар арасында арнайы семинарлар, тренингтер өткізген. Жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен жауапкершілігін түсіндіріп, олардан туындаған сауалдарға заң аясында жауап берген. Жобаға қатысушылардың айтуынша, жиындарда көтерілген мәселелердің басым дені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты туындаған.

– Біз биыл өткізген жобаның атауы «Қазақстан Республикасындағы еңбек құқықтары және әлеуметтік кепілдемелер негізін түсіндіру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу» деп аталды. Оқыту семинарлары барысында адамдарға негізінен ең алдымен тікелей қарым-қатынас, жылы көзқарас қажет екенін аңғардық. Мекеме, бөлім басшысына қоя алмай жүрген сауалдарын бірінші кезекте жұмысшылар біздің топтың мүшелеріне қойып, тиісті мамандар жауабын алды. Тұрғындарды, әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты мәселелер көп толғандыратындығын білдік. Өзіміз атқарып шыққан жобаны бүгін қорытындылап, арнайы жинақ та шығардық, бүгін соның тұсаукесерін өткізбек те ниетіміз бар деді – дөңгелек үстелдің жұмысын ашып, жүргізіп отырған Нұржан Түсіпова.

Медициналық сақтандыру бәрімізге міндетті

Жиын барысында тәуелсіз медиаторлардың айтқан пікірлері де орынды болды. Мәселен, тәуелсіз медиатор Аксана Каленова жұмыскерлер көп ретте жұмыс берушінің айтқандарынан шықпайтынын ашық айтты.

– Жасыратыны жоқ, көптеген жұмыс берушілер жалақыны банк арқылы емес, конвертпен беруді жөн көреді. Сол арқылы тиісті табысын жасырып қалады. Бұл дұрыс емес. Салықтық түсімдер және әлеуметтік аударымдар әр ай сайын тұрақты түсуі тиіс дейді, – ол. – Себебі, ай сайынғы зейнетақы жарнасы дұрыс аударылмаса, тиісінше зейнетақы жарнасы да дұрыс есептелмейді. Нәтижесінде зейнетақы да аз шығады. Адамдардың көпшілігі осы мәселеге бас ауырта бермейді. Кейін зейнеткерлік жасқа келгенде қиындыққа тап болып жатады.

Дөңгелек үстелде сұрақ қоюшылардың тілегіне орай еңбек қатынастарына, әлеуметтік төлемдерге, жұмыс берушілердің жауапкершілігіне байланысты «ШҚО кәсіподақтар орталығы» кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің заң мәселелері жөніндегі бас маманы Батырбек Нұрпейісов қолданыстағы заң аясына сай жауап берді.

– Мысалы, көп адамдар өз құқықтарын жұмыс берушіден талап ете алмайды, бір жағынан қорқады, бір жағынан заңнамаларды жете білмейді, заңнамалық сауаттылықтары жетпей жатады. Сондықтан өз мүдделерін заң арқылы қорғай алмайды. Біздің жобаның мақсаты – жылдар бойы қалыптасқан осы кедергінің тамырына балта шабу, – дейді ол.

«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Қыстаубаев келер жылдан бастап ер адамдардан бөлек, әйел адамдардың кезең-кезеңмен зейнеткерлік жасқа жетуінің жай-жапсарын әңгімелеп берді.

Басқосудың ең өзекті мәселелерінің бірі медициналық міндетті әлеуметтік сақтандыру болды. Ол жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық қызметке ақы төлеу департаментінің директоры Болат Әлиев айтып берді.

– Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың денсаулығы үшін жоғары жауапкершілігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін, бірінші кезекте, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің әрі жеке медицинаның дамуы және медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуы есебінен жоғарылатуға мүмкіндік береді. Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакеттерінің екі түрі ұсынылатын болады, – дейді дәрігер маман. – Біріншісі – базалық пакет. Мұнда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көпектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді болады. Көрсетілетін қызметтері: жедел көмек және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер. Өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтамасыз ететін тұрғындар үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.
Екіншісі, бұл қайта құрылған медициналық сақтандыру қорынан көрсетілетін сақтандыру пакеті. Оған кіретін қызметтер: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек.

Медициналық сақтандыру бәрімізге міндетті

Білікті маманның айтуынша, осы пакетті алу құқығы жарна төлейтін ел аумағында тұрақты түрде тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтарға берілмек.

Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, ал жұмыс берушілер жалданған жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Жұмысшылар мен салық органдарында тіркелген әрі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар өздері үшін жарна төлейді. Осы пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметті шарт негізінде ала алмақ.

– Ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы) үшін мемлекеттік жарна мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7%-ын құрайды. Сонымен қатар, мөлшерлеме көлемі кезең-кезеңімен жоғарылап отыратын болмақ. 2017 жылдан бастап 4%, 2018 жылдан бастап 5%, 2023 жылдан бастап 6%, 2024 жылдан бастап 7%. болмақ, – дейді Болат Әлиев.

Бұдан өзге де сұрақтарға жауап берген баяндамашы облыс бойынша 23 млрд. теңгеден астам қаржы жинақталғанын айта келе, ол қаражат бірінші кезекте жерлестеріміздің денсаулығын нығайтуға бағытталатындығын нақты атап өтті.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button