«Дидардың» қонағы

Мақпал ЖҮНІСОВА: – Мен үшін әр концертім – бір сынақ

Өскеменге қазағына еркелеп жүріп, естен кетпес ән шырқайтын әнші, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова келіп қайтқан болатын. Әншімен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

Мақпал ЖҮНІСОВА: – Мен үшін әр концертім – бір сынақ

Шығысқа он шақты рет келдім


– Сіздің әр концертіңіз бір-біріне ұқсамайтын қойылым сынды өтетініне қанықпыз. Осы жерде туындайтын сұрақ: сізді Шығыс елі қалай қарсы алады және бұл біздің өңірге нешінші сапарыңыз?

– Жалпы, мен еліміздің барлық дерлік өңірінде концерт қойып жүрмін. Ал Өскеменге жаңылмасам, оныншы мәрте келіп тұрмын. Халық қашанда риясыз пейілмен, ерекше ықыласпен қарсы алатын. Бұл жолы да сондай пейілде деп ойлаймын. Қай-қашан келсем де, бейне сахнаға бірінші рет шығып тұрғандай қобалжитыным бар. Өйткені, әр әнді әркімнің жүрегіне жетердей етіп орындау керек. Отыз жылдай ел алдында жүрсем де, мен үшін әр концертім – бір сынақ.

– Қазір фонограмма дегеннің бел алып тұрған кезі ғой. Сіздің әндеріңіз осындай қалыппен айтыла ма, әлде, оларды жанды дауыспен орындайсыз ба?

– Әрине, тек жанды дауыспен орындаймын. Осы жерде айта кетейін, қазір фонограмма дегеніңіз нағыз әншілерден қалып барады. Бұл халықтың жанына жағымды екені сөзсіз.

– Бүгінгі концертіңіз негізінен қай жастағы көрерменге бағытталған? Жаңа әндер әкелдіңіз бе?

– Өмірдің өзі жаңаша, заман талабына сай болуды талап ететінін сезетін шығарсыздар. Жастар өсіп келеді, олардың талғамы басқаша, беретін бағасы бөлек. Сондықтан жастарымыз сүйіп тыңдайтын, егделеріміз ұйып тыңдайтын репертуар қалыптастырып келген жайым бар. Ендігі бағалаушым – елдің өзі.

– Біздің газетіміз сіздің ән-сапарыңыздың алдын алып, оқырмандардың сұрақтарын ұйымдастырған еді. Мәселен, олардың дені өз аймақтарына сіздің барып, өнер көрсетуіңізді қалайды. Солардың бір парасы осы жолы сіз Үржар, Зайсан, Жарма аудандарына келмес пе екен дегенге саяды.

– Жалпы, дәл осы мәселе менің қолымда тұрған дүние емес. Сапармен келетін жерлердегі басшылықтың, атап айтқанда, мәдениет басқармасының құзырымен шешіліп жатады. Біз қарапайым ғана адамбыз ғой (риясыз күліп алды). Кей-кейде «пәлен уақытта пәлен деген әнші келеді» деген жарнама болмай жататыны бар. Әйтпесе, бізді халық жек көреді деп айта алмаймын. Дәл осы жерде мені асыға, сағына күтетін елдегі тұрғындарға бек ризалығымды білдіріп, облыстың басшыларына рақмет айтқым келеді. Бір сәті түсіп жатса, әр ауданға да бара жатармын. Ел сағынудан жалықпаса, мен ән салудан жалықпаймын. Жалпы, сағыну деген керемет сезім ғой…

– Сіз қайырымдылық жасайсыз ба?

– Осы жолы Ұлан ауданына барып, концерт қоюды жоспарлап отырмын. Сол концертімнен түскен ақшаны аймақтарыңыздағы жетім балалар үйі ме екен, әлде, қарттар үйі бола ма, соларға аудармақпын.

Үйімде ешкі ұстап,
өзім сауған кезім де болған

– Сіз үйіңізде жануарлар ұстайсыз ба?

– Шынымды айтсам, қазір үйімде иттен басқа ештеңе қалған жоқ. Кезінде, қызым Мерей дүниеге келмей тұрғанда біздің үйде еліктер де болды, павлиндер де болды, тіпті, ешкі де ұстағанбыз. Оны өзім сауатынмын. Қолдың жұмыртқасын жейміз деп, тауық та ұстағаным бар. Кейін Зәкеңнің «Мерейге ұйқы бермейді, павлиндер қатты айғайлайды» деген ұйғарымымен олардан құтылдық. Тіпті, еліктер мүйізі шыққаннан кейін ойнағылары келіп, Зәкеңнің өзін қуып, менің қарнымды жарып тастай жаздағаны бар. Аяғы бәрін жиып-теріп, зоопаркке тапсырдық қой.

– Сіз қалалармен қатар ауылды жерлерде де көп жүресіз. Сондайда сол ел ішіндегі талантты жастарды тыңдап, бағыт-бағдар сілтеуге қалай қарайсыз? Оған мүмкіндігіңіз бола ма? Бұл да біздің оқырмандарымыздың сауалы еді.

– Несін жасырайын, ондай мүмкіндік бола бермейді. Осылай бір жерлерге келемін де, концерттерімнен шаршап барып, ұйықтаймын, ал ертеңіне қайтып кетемін. Егер мені арнайы шақырып, «Мәке, біздің елде талаптылар көп, соларды тыңдасаңыз, бір жұмаға келіп, ауыл-ауылды асықпай аралап, әншілеріміздің талант көзін ашсаңыз» деген сынды басшылар тарапынан ұсыныс жасалса, неге болмасқа?!

– Біздің оқырмандарымыз, сіздің тыңдармандарыңыз үржарлық Гүлнар атты азаматша «Менің 33 жастағы балам екінші топтағы мүгедек, Мақпал Жүнісова сол балама дәрі-дәрмек алуға көмектесе алар ма екен?» деген сауал қояды. Бұған қалай қарайсыз?

– Мен үнемі қайырымдылық жасап жүремін. Мысалы, Алматыдағысы бар, Қарағандыдағысы бар 30-ға тарта баланы асырап жүрген жайым бар. Олар – бөтен емес, өзімнің туған-туысқандарымның балалары. Көпбалалы отбасынан шыққан адаммын ғой. Оны қойшы, туыс болған соң, қол ұшын беруге кім-кім де міндетті. Ал басы артық ақша қалып жатса, жетімдер үйіндегі сәбилердің игілігіне бергім келіп тұрады. Мәселен, үйімнің дәл іргесінде балалар үйі бар, көбіне соларға көмектесіп жатамын. Ауру жандардың дәрі-дәрмекке ақшалай көмектесуімді сұрап келетіндер аз емес. Менің үйіме келетін хаттардың да негізгі мазмұны осы тақылеттес болып келетінін жасырмаймын. Дегенмен «мен – мать-Тереза сияқты көбіне қайырымдылықпен айналысамын» деуден аулақпын. Тегінде, жомарттық жасау тек адал көңілден шығуы керек. Өзімнен артылып жатса, ойланбастан көмек бере аламын. Осы жерде бір қызық айтайын. Мен кассаға ақша салмайтын адаммын. Бір күні қарасам, ақшам бітіп қалыпты. Ақша түскен сәтте-ақ анаған көмектесем, мынаған көмектесем, өзіме көйлек тіктіртем деген сияқты әйтеуір тауысамын ғой (күліп алды). Содан бір күні қатты қысылып, әншейінде «Мәке, Мәке» деп жүретін, бай деген адамдардың ешқайсысынан қарыз ала алмағаным есімнен кетпейді. Сол кезде ғана ащы термен тапқан ақшамның қадірін ұққаным бар.

– Әлі де қор жимайсыз ба?

– Пәлендей қор жию деген әлі де жоқ. Дегенмен 3-4 мың долларды запаста ұстауды дағдыға айналдырып келемін. Ал көмек сұрап келетіндер көп, мен жалғызбын ғой. Бәріне жетпеймін. Жақында ғана теледидардан көрген боларсыздар, операция жасалуға тиіс бір баланың есепшотына азды-көпті мың доллар аудардым. Солай беріп жатамын, оның бәрін айту мүмкін емес.

– Сіздің жеке мектебіңіз бар ма?

– Жоқ. Тек әншілігім ғана бар.

Шетелде демалуды ұната бермеймін


– Халық әртісісіз, Мемлекеттік сыйлықтың иегерісіз. Шетелдерде демалатын боларсыз?

– Шынымды айтайын ба? Ешқандай шетелге тентіреген емеспін. Өзіміздің Алакөл мен Балқашта демаламын.

– Өзіңізді қарапайыммын деп санайсыз ба?

– Былайғы жерде өзіндік тәкаппарлығымның барын жасырғым келмейді. Ал ел алдында менен қарапайым адам жоқ. Тіпті, кейде концертім барысында көрерменнің сұраған әнін еш бәлсінбей орындап беретінім бар.

– Сондайда халықтың көбірек сұрайтыны қандай әндеріңіз?

– Халық көбіне Әбиірбек Тінәлінің Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазған «Фариза» әнін айтуымды сұрайды. Бұл – ет пен сүйектен жаралған адам атаулыны тебірентпей қоймайтын ән ғой. Мінезі бірбеткей, анау-мынауға иліге бермейтін Фариза апамыздың өзі бұл әнді көзі боталап отырып тыңдайтыны бар екен. Тағы Мұқағали ағамыздың «Жас қайыңын», «Сәби болғым келедісін» ел әр концертімде қолқалап айтқызатыны бар.

– Қазіргі репертуарыңызда жаңа әндер бар ма және негізінен қай жанрдағы әндерді орындайсыз?

– Қай жерде де концертімді алдымен эстрадалық әндермен бастаймын, ал екінші бөлімде қара домбыраммен шығуды дағдыға айналдырғанмын. Өйткені, жанды дауыспен айтатындықтан, халық әндерін дауысым әбден ашылып алған соң орындаймын.

– Сонда әнді мүлде фонограммамен шырқамайтын болдыңыз ғой?

– Кезінде халық әндерінен басқасын солай айтқаным рас. Қазірде бір-екі эстрадалық ән болмаса, ол құрғырды ысырып тастадым деуге болады. Тегі, өзіңнің шығармашылығыңды асыға күтетін халыққа халтура-дүниені ұсыну дұрыс емес. Не де болса әніңді теріңді сорғалатып тұрып, таза дауыспен айтсаң, шаршасаң да ләззат алып шаршайсың.

Түбінде барлық әнші
жанды дауыспен айтатын болады


– Өзіңіз сахнаға бірге шығып жүрген жас-жасамыс әншілердің қаншасы жанды дауыспен айтады деп ойлайсыз?

– «Кемедегінің жаны – бір» деуші ме еді. Ол жағын анау сондай, мынау мынандай деп, саусақпен тізбелемей-ақ қойсам қайтеді? Ал дәстүрлі әншілердің бәрі жанды дауыспен айтады. Міне, нағыз әншілер солар! Негізінен бүгінде осынау таза өнер үрдісіне бет бұрушылық байқалып келеді. Түбі, ол күш ала беретін шығар.

– Бұл орынсыздау сұрақ болуы да мүмкін. Дегенмен сұрағым келіп отыр. Бетіңізге пластикалық операция жасату ойыңызда бар ма?

– Елуден асқан соң жасатуым мүмкін. Әзірге өз әдемілігіме көңілім толады. Оның бәрін уақыт көрсете жатар…

– Қызыңыздың, өзіңіз «жалғыз қызығым» дейтін Мерейіңіздің қандай өнері бар?

– Ол суретті тәп-тәуір салады, содан соң математиканы жақсы көреді. Бір қызық айтайын. Ол кішкене кезінде «мен сенің күйеуіңмін» дейтін. Қазір есейіп қалғандықтан болса керек, олай деуін қойды (әдемі күліп алды).

– Той-бизнес дегенге қалай қарайсыз? Тойларда ән шырқайсыз ба?

– Шақырып, «бірер ән шырқап беріңізші» дейтіндер баршылық. Ондайда барамын. Кейде біреулердің «Сіз қанша тұрасыз?» деп төбеден түскендей сұрақ қоятыны бар. Мен әдейі «Қанша бересің?» деймін ғой баяғы. «Енді, тегін айтып берсеңіз қайтеді?» деп, жағдайын тізбелей жөнелетіндер де болады. Сол кездері бірер әнімді тегін-ақ айтып беретінімді несін жасырайын. Той деген жақсы ғой. Ылайым, елдің тойы тарқамасын, қазағымыз байи берсін.

– Өміріңізде сүрінген кездеріңіз көп болды ма?

– Адам болған соң кейде біліп, кейде білмей, сүрініп кетіп жататын кездер болады. Өйткені, бәріміз пендеміз ғой. Жалпы, мен идеальный бір адамды кездестірген емеспін. Бұл өмір ғой, ал өмір болған соң сүріну де, жығылу да, өсу мен өркендеу де болады. Тек қателікті дер кезінде түсініп, түзей білген абзал. Содан соң адамдар шамасы келгенше кешірімді болуға тырысса…

– Шығыс еліне ала келген жаңа әніңіз бар болар?

– Шынында еліміздің күншығысындағы байтақ елге, әнімді, барымды бағалайтын жұртқа жақында ғана жаздырған «Сенемін Алла барына» атты әнімді алып келдім. Оның бағасын халық өзі бере жатар. Мен еліме еркелеп жүрген бір әншімін. Сондықтан бар адамға жақсылық қана сапарлас болуын қалаймын. Елдің амандығынан артық не бар?

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан –
Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button