Тылсым дүние

Ұлы ақынның ажалын дәл болжаған Шоқбатар бақсы

Кең байтақ даламызда ғасырлар бойы өмір сүрген қазақ халқының ғажайып әдет-ғұрыптарына, рухани байлығына, салт-дәстүріне, қабілеті мен күш-жігеріне таңғалмасқа болмайды. Сонау ежелгі заман тарихымызда, халықтық жыр-аңыздарда тылсым күштің, сиқырлы дүниенің иесі көрінетін, қарапайым халықтың жүрегінде мәңгіге сақталған ерекше бір тұлғалар бар. Олар – бақсы-балгер, әулие атанған көріпкел емшілер.

Янушкевичке таңдай қақтырған Қожа

Халық осындай тылсым дұние иелеріне тәңірдей сеніп, алабөтен құрметтеген. Олардың іс-әрекеттерін кейінгі ұрпаққа аныз ғып айтып, жыр етіп қалдырған. Ел арасында бақсы-балгерлер туралы құнды пікірлер, естеліктер мен ғылыми зерттеулер жетерлік. Соның бір дәлеліндей, Батыс Еуропаның, орыс саяхатшылары мен шығыстың зерттеуші ориенталистерінің әулие-емшілер жайындағы тарихи материалдарын атап өтуге болады. Солардың алдыңғы қатарындағы қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың айтуынша, қазақтың бұрынғы бақсылары өзінің білімімен керемет ой иесі атанып, жай адамнан анағұрлым биік тұрған. Олар әрі ақын, әрі музыкант, әрі сәуегей, оның үстіне емші болған.

Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да осы мінездемені құптайды. Саяси көзқарасы үшін қазақ даласына жер аударылған поляк перзенті Адольф Янушкевич өзінің «Саяхаттар күнделігі» атты кітабында бақсылар туралы мынадай әңгіме келтіреді. «Қарт қожаның бір қазақтың тілін байлап, ләм-мим дегізбей қойғаны рас па?» – деп, мен Құнанбайдан Ұлы ақынның ажалын дәл болжаған Шоқбатар бақсы(Абайдың әкесі), еті тірі басқа да қазақтардан да сұрастырып көрдім. Бәрі де осылай болғанын растады. Бұл қазақтың аты – Айтбай, ол Шалғанбай ауылында тұрады. Ол қожаны алдапты. Қожа шындыққа жетуге тырысса да, Айтбай кінәсін мойындамаған. О, Алла! Өзіме жапқан жаласы үшін мен мына адамды әділ жазғырсам, ендігәрі өтірік айтпайтындай етіп, сен оның тілін байлап таста» – дейді ол безілдеп. Ертеңінде ол тілінен айырылған екен. «Айтбайға неге ол қайтадан тіл бітірмейді?» – деп сұрадым мен Құнанбайдан. Ол: «Оған қатты ашулы. Басқаларға үлгі болсын дегені болар» – деп, бақсыны қуаттағандай болады.

Осы арада айта кетер бір жайт, Құнанбай қажы бақсы-балгерді қалай сыйлап, құрмет көрсетсе, оның ұлы Абай да сондай күйде болған сияқты. Олай дейтініміз, ұлы ақын дүние салардан екі күн бұрын Керей руынан шыққан шұбартаулық Шоқбатар бақсыны шақыртыпты. Бақсы есіктен сәлем беріп кіре бергенде Абай: «Шоқбатар, мен осы аурудан өлем бе, жазылам ба, соны айтшы» – депті. Сонда бақсы мүдірместен: «Бұл аурудан жазылмайсың. Бүрсігүні қайтыс боп, арғы күні жамбасың жерге тиеді, – деген екен тізе бүкпестен. Абай осы қылығы арқылы қазақтың бақсы-балгерлерінің қасиетін жұртқа танытқысы келсе, бақсы Шоқбатар да Абай даналығын айнытпай танып, ризалығын білдірген деседі көзкөргендер.

Қызылордалық Дәулет бақсы Рақбайұлы туралы да мынадай аңыз-әңгімелер айтылады. Бірде Дәулет бақсы Арқаға сапар шегіп бара жатса, алдынан бір топ кісі кезігеді де, бақсының кереметтігін сынау үшін қобызын сұрап алып, тасқа тас қып байлап, түстік жерге барғанда Дәулетке: «Қобызыңды керемет күшіңмен алғызшы» – деп күліседі. Бақсы болса еш саспастан жүз қаралы жиынды айнала отырғызып, «Ал аттарыңнан айырыльш қалмаңдар» – деп жындарын шақырып, сарындай отырып, қобызға жұмсайды. Содан аспанды қара бұлт басып, дауыл тұрып, қараңғылық түседі. Қара тұман сейілген кезде қобыз таңылған ағаш түп-тамырымен жұлынған бойда ортаға кеп топ ете түседі. Аттар үркіп, бет-бетімен қашады. Бақсы рақымшылық жасап, жындарын жұмсап, жаяу қалғандардың аттарын қайтарып, қолдарына тізгіндерін ұстатыпты. (Мұны ел аузынан жазып алған Әлқуат Қайнарбаев).

Нұржақып соқырдың көзін шырағдандай жандыратын

Досхана Ырғызбай әулиенің ізбасарлары Тарбағатай
(бұрынғы Ақсуат ауданы) өңірінде өмір сүрген Мәмбетқұлдың
Қараш тармағына жататын Байдалы шешеннің баласы Бақтияр
қажыны, Жирен атасынан шыққан Нұржақып Өзенбайұлы қаншыны ерекше айтуға болады. Бақтияр қажы ел ішінде сопы, шарапатты әулие, көріпкел, жырау атанған. Қажының көпке тараған талай таңғаларлық істері әлі де Ақсуат, Аягөз өңірлеріндегі ел аузында. Ол жасында Бұқара қаласында он екі пән дін оқуын тәмәмдаған деген сөз бар. Белгілі айтыскер ақын Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмахан «Ақсуат» кітабында мынадай қызықты дерек келтіреді. Қажы Құрбан айт кезінде сонау Тәшкеннен Қайрақтыға күн жарымда жаяу жеткен екен. Ал Қайрақты тауы Аягөзден шығыс-солтүстікке қарай, Ақсуат-Жарма аймағының жайлауында орналасқан. Өз басым ол жайлауда талай рет болдым.
Қажы жолда Таскескен өңіріндегі «Текебай» бұлағында дем алып, аттанғанда, бұлақ басына азықтық тоқашын қалдырып кетіпті. Содан жолшыбай кезіккен екі жігітке «бұлақ басында тоқашымды қалдырып кетіппін» демей ме. Оған сенбеген екі жолаушы әдейі бұлақ басына барса, түюлі жатқан тоқашты көріпті. Сондай-ақ, ол қажыға барар сапарында Қара теңізге түсіп, екі-үш шақырымдай суды кемемен жанаса, малтып өтіпті. Сонда оған теңіздің жыртқыш хайуандарының ешқайсысы тиіспеген екен.

Ырғызекеңнің енді бір ізбасары – атақты емші Нұржақып Өзенбайұлы. Қылышынан қан тамьш, бақсы-балгерлер мен дінге қырғидай тиген Кеңес заманында қарт емші ешкімнен корықпай, емшілік қасиетін жалғастыра берді. Бертін келе, 50-60 жылдары медицина мамандары ол кісінің емшілігін мойындап, кейбір ем қонбаған науқастарды Нүкеңе өздері жіберіп отыратын болған.

Шамамен 1950-жылдардың басы болар, Кіндіктіден Жәнтікейге барған мен сол нағашымның үйінде қонақта едім. Таң ата: «Несіпбай, Несіпбай, тұр! Біреулер күн көтеріле келіп қалады!» деп бәйбішесін тұрғызып: «Шәй қой, дайын бол. Әй, үлгерсе жақсы ғой! – деп, өзінен-өзі күбірлеп жүрді. Мен ол кезде бұл кісінің балгерлік, емшілігіне онша сенбеуші едім. Содан айтқандай-ақ, бір орта жастағы әйел екі көзі көрмей, жүруден қалып, қолына таяқ ұстаған ер адаммен келіп, жөндерін айтты. Нүкең науқасты арнайы жабдықталған бөлмесіне алып кетті. Түс ауа бағана өлуге айналып келген отағасы таяғын тастап, екі көзі жайнап, шай ішуге отырғанын көрдім. Сонда ғана оның емшілігіне көзім жетіп, риза болдым.

Кезінде ол кісіге Ақсуат, Зайсан, Аягөз, тіпті.Алматы, Өскемен, Семей аймағынан көптеген науқастар келіп, емделіп, сауығып қайтатын болған. Емшінің емдеу кезінде басты қолданатын әдісі бастан, барлаудан, тіл астынан қан алу, қиманы қию, құяңды үзу болатын.

Бүгінде әке жолын қызы Еркін жалғастыруда. Қазір Семейде тұратын Еркін ем жасау үшін әкесінен қалған кұрал-саймандарды пайдаланады. Ол қима, құяң, баспамен (ангина) ауырғандарға, аяғын баса алмай қалғандарға ем жасайды.

Еліміз егемендік алғалы халық медицинасына кең жол ашылды. Әйтсе де, баяғы көріпкел бақсылардың қатары сиреп қалған сияқты…

Мәуітқазы Зүкенов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button