Күрделі ота сәтті жасалды
Облыстық онкологиялық диспансердің дәрігерлері Серік Мұхамеджанов пен Жандос Жагниев ресейлік ғалым Игорь Берлевпен бірлесіп, Қазақстанда осымен екінші рет жасалып отырған жоғары технологиялы лапароскопиялық отаны сәтті аяқтады.
44 жастағы зайсандық келіншекке жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозы скринингтік тексеру кезінде қойылыпты.Абырой болғандажаман дерт әлі асқына қоймаған, алғашқы сатысы екен. Шетелдік ғалыммен бірлесе жасалған отаның ерекшелігі – лимфа түйіндеріне бояу енгізілген.
– Бұл әдіс арқылы қатерлі ісіктің қаншалықты асқынғанын, жасалатын операцияның көлемін анықтауға болады. Отаны жасау техникасының өзі күрделі. Елімізде осындай операция жасайтын онколог мамандар санаулы ғана, – дейді ресейлік ғалымның ассистенті болған жерлесіміз, онколог Жандос Жагниев.
Онколог дәрігердің айтуына қарағанда, лимфа түйіндеріне бояу енгізілгеннен кейін ота барысында гистологиялық зерттеу жүргізілген.Оның қорытындысы 15-20 минутта дайын болыпты. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Ол отадан кейін екінші күні төсектен тұрып, өз бетімен жүре бастаған.
Бұған дейін облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина жаман дертті емдеуде жоғары технологияларды тек диагноз ерте қойылған сәтте қолдануға болатынын баса айтқан. Сол себепті де тұрғындардың скринингтік және кәсіби тексерулерге міндетті түрде келіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды.
– Біздің өңір жаман дертке ерте диагноз қоюда республика бойынша алдыңғы қатарда тұр, соның нәтижесінде өлім көрсеткішін төмендетуге қол жеткіздік. Жалпы өлім көрсеткішін азайтудың үш жолы бар. Біріншісі, алғашқы дәрігерлік көмек мамандарын қатерлі ісікті ерте кезеңнен анықтауға үйрету. Екіншісі – дұрыс ем тағайындау. Бұл үшін де біздің диспансерде барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, тұрғындардың сауаттылығы, өз денсаулығына деген жауапкершілігі жоғары болу керек, – деді облыстың бас онкологы.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық онкологиялық диспансерде ресейлік профессор, Петров атындағы ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы ғылыми онкогинекология бөлімшесінің жетекшісі, Санкт-Петербургтағы медициналық университеттің акушерлік және онкогинекология кафедрасының меңгерушісі Игорь Берлев пен Қазақ онкология мен радиология ғылыми- зерттеу институты онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасов дәріс оқып, шеберлік сыныптарын жүргізді. Бұл семинардың артықшылығы – оған тек онколог дәрігерлер ғана емес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің мамандары да қатысты. Қатерлі ісікті ерте анықтауда осы алғашқы медициналық көмек қызметтерінің рөлі ерекше. Екі күн бойы замануи құрал-жабдықтар мен озық технологияларды қолдану арқылы жаңа басталған дертті анықтау жолдары үйретілді. Семинар барысында жатыр мойны қатерлі ісігіне күдігі бар 15 әйел заманауи жоғары технологиялы құралдардың көмегімен колькоскопия және гистерскопия әдістерімен тексерілді.
-Айта кету керек, лапароскопиялық оталарды біздің дәрігерлер төрт жылдан бері жасап келеді, алайда ресейлік профессор операцияның біз біле
бермейтін басқа да қыр-сырын үйретеді деп сенеміз,- деді облыстың штаттан тыс бас онкологы, диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина.
Ресейлік ғалым Игорь Берлев Қазақстан қатерлі ісік дерттеріне скринингтік тексерулер жүргізуде Азия кеңістігінде көш басында тұрғанын айтты.
– Қазір қатерлі ісікке шалдыққандарға медициналық көмек көрсету жүйесінде де өзгерістер бар. Ресейде сіздердегідей тегін скринингтік тексерулер жүргізілмейді. Қазақстан бұл жағынан Азияда көш басында келеді. Мұндай зерттеулер тек адамның өмірін сақтап, жасын ұзартып қана қоймайды. Сонымен қатар жас келіншектерге нәресте сүю бақытын сыйлауға мүмкіндік береді, – деген пікірін жеткізді Игорь Берлев.
Ғалым Ресейде бүгінгі таңда қыздарды он төрт жасқа толғаннан кейін гинекологиялық қатерлі ісіктерге қарсы екпе егу жүретінін айтты. Бұл шаралар әлеуметтік бағдарламалардың аясында тегін жасалады.
Айна Ескенқызы