Денсаулық сақтау

Көптеген олқылықтарды анықтады

Көптеген олқылықтарды анықтады


Шығыс Қазақстан облысының тексеру комиссиясы және Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өңірдің бірқатар медициналық мекемелерінде аудит жүргізді.

Тексерулер облыстық денсаулық сақтау басқармасында, Семейдің өңірлік онкологиялық диспансерінде, Аягөз, Бородулиха, Катонқарағай аудандарының орталық аудандық ауруханаларында, сонымен қатар Үржар мен Катонқарағай аудандарының ауданаралық ауруханаларында өтті.

Нәтиже талдауы, тұтас алғанда, туудың, бала өлімінің және қан айналымы жүйесі аурынан болатын өлімнің қысқаруы сынды жекелеген көрсеткіштерде оң өзгерістер байқалатынын көрсетті. Мұнымен қоса, тексерушілер бюджет қаржысының жұмсалу тиімділігіне теріс әсер ететін бірнеше олқылықтарды да анықтаған.

Денсаулық сақтау ұйымдарында 451,8 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатын, сонымен қатар мемлекет активтерін тиімсіз қолдану деректері анықталды. Мәселен, Семейдің өңірлік онкологиялық орталығы сатып алған 304,6 миллион теңгенің дәрілік заттары мен құрал-жабдықтары (оның ішінде 2016 жылы сатылып алынған 34,200 миллион теңгенің үш түрлі дәрілік заты) рентген түтігінің істен шығуы салдарынан компьютерлік томография жүргізу кезінде контрастілі заттар ретінде пайдаланылмаған. Сандық маммограф, компьютерлік томограф, қан газдарының анализаторы, колоноскопы бар эндобейнетірек, бу стерилизаторы, құны 270,7 миллион теңге тұратын ЭХВЧ-400 электрлі коагуляторы, Аягөз және Бородулиха аудандарының аудандық ауруханалары 33,7 миллион теңге сомасына, Үржар мен Катонқарағай аудандарының ауданаралық ауруханалары 7,1 миллион теңге сомасына (2,1 миллион теңге және 25,2 миллион теңге) сатып алған құрал-жабдықтартексеру кезінде түрлі себептермен науқастар игілігі үшін қолданылмай тұрған.

Катонқарағай ауданының ауданаралық ауруханасының ғимараты толық өндірістік қуатында қолданылмайды. Аурухананың жобалық қуаттылығы – 75 төсек-орын, нақты тек 60 төсек-орын ғана пайдаланылады. Бұл кәсіпорынның айтарлықтай шығынына және ғимаратты пайдалану тиімділігінің төмендеуіне себепкер болып отыр.

Үржар ауданының ауруханасы өз балансына құны 11627,5 мың теңге болатын 4 жер телімін алмаған, Бородулиха ауданының орталық аудандық ауруханасы 23 телімді балансына алмаған, бүгінгі таңда олардың құны анықталған жоқ. Бұл қаржылық есеп берудің бұрмалануына әкеп соқтырған. Бородулиха ауруханасында бухгалтерлік есеп тізімінде меншік иесінен алынған жарғылық капитал 0,2 миллиард теңгеге ұлғайтылмаған.

Денсаулық сақтау басқармасы жалпы сомасы 78,7 миллион теңге болатын 19845 тексерудің, атап айтсақ, жатыр мойыны ісігін анықтау бойынша әйелдер скринингінің жоспарын орындамады. Ал скринингтік зерттеулерді жүргізудегі мақсат – онкологиялық ауруларды бастапқы кезеңдерінде анықтау.

Көрсеткіштер көңіл көншітпейді

Семейдің өңірлік онкологиялық орталығы мәліметтері бойынша, аудиторлар жүргізген талдау басты мәселе обыр дертін, әсіресе визуалды локализация ісіктерін кешігіп анықтау болып отырғанын көрсетті. ІІІ-ІV кезеңде анықталған онкологиялық аурулардың себебі төмендегіше: жағдайлардың 47,5 пайызында – аурудың жасырын өтуі, жағдайлардың 49,5 пайызында – науқастардың уақытында дәрігерлерге жүгінбеуі ал жағдайлардың 1,6 пайызында – диагностикадағы қателіктер, жағдайлардың 1,2 пайызында – ұзақ тексерілу.

«Онкологиялық аурулардың электронды тізімі» (ОАЭТ) ақпараттық жүйесі онкологиялық науқастардың есебі мен бақылауын тиімді жүргізуге мүмкіндік бермейді. Семейдің онкологиялық диспансерінде науқастарды есептен уақытында алмау деректеріне жол берілген. 420,6 мың теңге сомасындағы 165 жағдай тіркелген. Есептік мәліметтер бойынша, ОАЭТ-те тіркелген онкологиямен ауыратын науқастар саны 37 адамға сәйкес келмейді. Бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізу сапасы бойынша күндізгі стационар науқастарының 35 медициналық картасы тексерілген, олардың жетеуінде жоспарлы госпитализация кезіндегі талап етілетін тексерулер минимумы жоқ болып шыққан.Кәсіпорын аккредитациясының әрекет мерзімі біткен соң қайталап аккредитациядан өтпеген. Мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарын әзірлеу, бекіту ережесін бұза отырып 2010 жылдан 2015 жылға дейінгі есепті кезең үшін нақты орындалған көрсеткіштер өзгертілген.

Науқастарды сарсаңға салып отыр

Аягөз орталық аудандық ауруханасында тәулік бойғы стационар науқастарының 70 медициналық картасы тексерілген, 20 картада скринингтік тексерулер бойынша нақты орындалмаған жұмыс үшін 80,8 мың теңгенің негізсіз төлемі анықталған. 432,9 мың теңгеге 39 жағдайда көрсетілімі жоқ науқастарды госпитализациялау дерегі орын алған.

Бородулиха орталық аудандық ауруханасында 235,9 мың теңгеге 23 жағдайда дәл осындай көрсетілімі жоқ науқастарды госпитализациялау деректеріне, 33,1 мың теңге сомасына орындалмаған жұмыс көлемі үшін негізсіз төлемдергежол берілген.

Өңеш пен асқазанның обырын ерте анықтау бойынша скринингтік бақылау жүргізу кезінде асқазан тарапынан патология анықталған 140 науқастың 10-ы гастроэнтерологқа кеңес алуға жіберілмеген.

Катонқарағай орталық аудандық ауруханасында 499,1 мың теңгеге 27 жағдайда негізсіз госпитализациялауға жол берілген, елу медкартаның бесеуінде қандағы холестерин мен қанттың деңгейін анықтау нәтижелері болмаған, скринингтік бақылаулар нәтижелері бойынша барлық 50 картада «қарқынды бақылау тобы» белгісі қойылмаған, үш жағдайда көзіші қысымы өлшемінің нәтижелері белгіленбеген, 16 жағдайда асқазан патологиясы анықталған науқастар гастроэнтерологқа кеңес алуға жөнелтілмеген, төрт науқас өңеш пен асқазан обырын анықтау бойынша диспенсерлік есепке алынбаған.

Катонқарағай ауданының ауданаралық ауруханасында алғаш анықталған патологиялары бар 50 науқастың үшеуі диспансерлік есепке алынбаған, барлық тексерілген 203 жағдайда М1 маммография нәтижелерін алу кезінде келесі маммографиялық бақылаудан екі жылдан соң өту туралы науқастарға ұсыныс жазылмаған. 365 медкартаның 10-ында 150,1 мың теңгеге медициналық көрсетілімсіз госпитализациялау жағдайлары анықталған.

Бос қызмет орындарын лауазымдарды алмастыру есебінен толтыру жағдайлары анықталған, бұл өз кезегінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігіне әсер етеді. Айталық, Аягөз орталық аудандық ауруханасында штаттық кесте бойынша 164 дәрігер қарастырылған, нақты еңбеккерлер саны – 123 адам, дәрігерлердің алмасу коэффициенті 1,33 мөлшерлемені құрайды. Бұл бос бірліктер еңбек етіп жүрген медициналық қызметкерлер есебінен толтырылатынын және медициналық кадрлардың тапшылығын көрсетеді. Бородулиха және Катонқарағай аудандары орталық аудандық ауруханаларының дәріханаларында фармацевтикалық білімі жоқ еңбеккерлер жұмыс істейді.

Жауапкершілікті күшейту ұсынылды

Мына оң деректер айрықша атап көрсетілді: облыстағы 12 маман – 6 акушер-гинеколог және 6 неонатолог Англияда оқып келді.

Аудит қорытындысы әкімшілер қарамағындағы ұйымдарда медициналық қызметтерді көрсетудің ағымдағы жағдайын талдау және бюджет қаржысы мен активтердің қолданылуын жедел қадағалау бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбейтінін көрсетті. Нәтижелер Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысында қарастырылды, оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының және оған қарасты ұйымдардың басшылары қатысты. Бюджет қаржыларын және активтерін қолданудың тиімділігін арттыруға және аудит нысандарының қызметін ұйымдастыруды жақсартуға, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ, осы аудиторлық іс-шара бойынша ұсыныстар облыстық мәслихатқа жіберілді.

А. Төрекенова,
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
тексеру комиссиясының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button