Аймақтар аухалы

Қомақты қаражат тартылды

Биыл Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы саласына қомақты инвестиция тартылып, ауыл-аймақтағы шаруалар шетелдік маркалы ауылшаруашылық техникаларын сатып алды.    

Өңіріміздегі аграрлы аймақтардың бірі саналатын Катонқарағай ауданының биыл өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 36 миллиард теңгеден асып жығылды. Жыл басынан бері көктемгі егіс және күзгі орақ науқандарын өткізуге, мал шаруашылығын дамытуға субсидиялар  бөлінді. Сондай-ақ шаруашылықтар  өздерінің және несиелік қаражат есебінен отандық және шетелдік өндірістегі ауылшаруашылық техникаларын сатып алып, нәтижесінде аудан бойынша 33 ауыл шаруашылығы құрылымына инвестициялық субсидия төленді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл салаға жалпы сомасы 1,8 млрд теңгенің  инвестициясы  тартылды.

Шаруашылықтар етті мал шаруашылығын дамыту үшін облыстың асыл тұқымды шаруашылықтарынан 219 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алды. Бұдан бөлек  ауыл шаруашылығы басқармасының биылға арналған жоспар-тапсырмасын орындау мақсатында аналық малды тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта оның орындалуы 77,8 пайызға жетті.

Өрел ауылдық округінің аумағында 200 басқа арналған маусымдық бордақылау алаңы жұмыс істеп жатса, Солдатово ауылдық округінде 300 басқа арналған бордақылау алаңын құру жұмыстары жүргізілуде.

Аудандағы марал шаруашылықтары жыл басынан бері 2,5 тонна консервіленген панты өндірді. Сондай-ақ марал басын асылдандыру жұмыстары да қарқынды. Атап айтсақ, биыл Ақсу ауылдық округінің «Верх-Катун»  шаруашылығы Ресейдің Алтай өлкесінен асыл тұқымды 59 бас марал сатып әкелді. Сонымен қатар  марал шаруашылықтарын қолдау мақсатында соңғы екі жыл қатарынан берілмеген субсидия бөлініп, облыстық  бюджеттен 30 млн. теңге қаражат бағытталды. Бұдан бөлек аудандағы омарта  шаруашылықтары 250 тонна бал шайқаса, жылқы шаруашылықтары 450 тонна қымыз өндірді.

Тұрсынқан   Базарбаев

Катонқарағай  ауданы.

Осы айдарда

Back to top button