Тылсым дүние

Көне шіркеудің құпиясы неде?

Катонқарағай ауылының төменгі бір бөлігін тұрғындар Алтай атап кеткен. Сол Алтайда кезінде казактар қарағайдан қиып салған шіркеу бар. Қараусыз қалғанына жиырма жылдан асса да, шіркеудің негізгі қаңқасы сол қалпы сақтаулы тұр.

Көне шіркеудің құпиясы неде?1882 жылы Казак әскери шаруашылығының қаржысына тұрғызылған діни ғимарат жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына дейін орнықты жұмыс істеп, көптеген тақуалардың алғашқы қызмет баспалдағына айналды. Ал жаппай қудалау, дінге шектеу қою үрдісі белең алған тұста бұл шіркеу ең соңғылардың бірі болып жабылды.

Ресми түрде жабылғанымен, жасырын мінәжаттар мен жоралғылар өткізіліп тұрған. Кейін Рыков атындағы орта мектептің ғимаратына айналған шіркеу көп өзгертулерге ұшырайды. Күмбезі алынып, бөлмелерге бөлінеді. Ал тәуелсіздік алған тұста ғимарат мүлде қараусыз қалды. Кеңестік биліктің меншігіндегі мүлік пен ғимараттың бәрі тоналған шақта талан-таражға түспеген бірен-саран ғимараттың бірі осы шіркеу еді. Алайда, оған да адамның қолы, балтаның жүзі тиген. Көнекөз тұрғындардың айтуынша, шіркеуді бұзу жұмыстары кілт тоқтаған. Олай болуының себептері жайлы аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Сол әңгімелердің ұзын-ырғасы мынаған саяды.

Еркіндік алып, тәуелсіздіктің рухын сезіне бастаған халықтың арасынан бодандықтың көзіндей болған шіркеуді бұзуға ниеттілер пайда болады. Бір жағынан бостан-бос, күнге қақталып, желге мүжіліп тұрған ағашты кәдеге жарату көзделсе керек. Шіркеуді бұзу кезінде кейбіреулердің құлағына шоқыншылардың діни әні шалынса, енді бірі қоңыраудың сыңғырын естігендей болады. Мұны ауылда қалған санаулы орыс ұлтының өкілдері діни ғимараттың қасиетіне баласа, қалған халық кезінде шіркеуді салушылардың құпия айласы деп қабылдаған. Әйтсе де, шіркеуді әрі қарай бұзуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Кейін келе осындай жағдай тағы қайталанған деседі. Шіркеудің бұл тылсым сыры қазірдің өзінде ел арасында ара-тұра қозғалып қояды.

Бүгінде шіркеуді бұзуға мемлекет тарапынан тыйым салынып, тарихи ескерткіш ретінде қорғалады. Түркіден тараған өршіл халықтың қасиетті қара шаңырағы саналатын Төр Алтайдың бір пұшпағында орыстың отаршылары үстемдік құрғанын еске салып тұратын ғимарат бұрынғы айбынынан айырылғанымен, ішіне ешкім аша алмаған және ашуға құлықсыз сырды бүгіп әлі тұр. 130 жылдан астам уақыт өтсе де, сыр берер емес. Ал оны бұзушылардың құлағына әртүрлі үндердің шалынатыны жайлы аңыз анықталмаған күйінде қалуда.

Тылсым құбылыстарды зерттеушілердің кейбірі мұндай құбылыстардың құпиясы өте қарапайым екенін айтады. Ескі ғимараттарда бұрынғы дауыстардың жаңғырығы қалатын көрінеді. Сол жаңғырықтар оқта-текте қайталанады-мыс. Бұл құбылыс ғимараттың қандай материалдан салынғанына тікелей байланысты болса керек. Мұндай ұстанымды қолдаушы ғалымдар ағаштың дауыспен бірге иістің ақпараттарын да бойында сақтай алатынын айтады. Бұл пікірдегілер шіркеуден қоңыраудың сыңғыры мен діни әндердің естілуіне діннің ешқандай да қатысы жоқ екеніне сенімді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button