Тылсым дүние

Көккөз бабаның құпия қазасы

Ерте заманда Найман ішіндегі Қарабас руында Көккөз деген адам өткен екен. Көккөз азамат болған шағында белгісіз бір ауруға шалдығыпты. Көзі ілінсе болды, әлдекіммен алысып-жұлысып, жағаласып, дамыл таппай, кейде қазан-ошақты тепкілеп, шашып, сындыратын күйге түскен. Хал-жағдайын сұраған туыстарына шешіліп ештеңе демесе де, құлағында қобыз үні сарнап, маза бермейтінін айтса керек. Туыстары оны ұйықтаған кезінде кезектесіп бағып, өзін-өзі өлтірудің, жазым болудың алдын алған.

Көккөз бабаның құпия қазасыБірде түске таман, әбден қалжыраған Көккөз талықсып барып, ұйықтап кетсе керек. Сол кезде аяқ астынан екпінді қара құйын көтеріліп, басындағы киіз үйді іліп әкетеді де, Көккөзді шығарып алмақ болған туыстары бір-біріне соғылысып, ес-ақылдары шығады. Маңай астан-кестең, әлем-тапырақ болып кетеді.

Міне ғажап, құйын тоқтап, шаң басылғанда маңайдағылар айналасына қараса, әлгі «қираған» үй бүлдіргесі де бүлінбей, орнында тұрғанын көреді. Бұған аң-таң болып, шошынған жұрт ішке кірсе, сұмдықтың үстінен түседі: Көккөздің басы артына қарап, тілі желкесінен шығып, денесі жансызданып, әлдеқашан өліп қалған екен.

Үлкендер жиналып, «бұл өте қуатты жын-перінің ісі болар, ол осы шаңырақтан өзі тиянақтайтын бір нәрсе іздеген. Көккөздің қобыз сарыны маза бермейді деуінде бір гәп бар. Қобыз – жын шақыратын киелі аспап. Көккөздің науқасы мен өлімі осыған байланысты тәрізді. Бірақ ол жын-перінің пиғылына не көнгісі келмеген, не болмаса түсінбегендей. Сол себепті мерт болған. Неге ғана қобыз әкеліп бермедік екен, қалай болса да, жын осы шаңырақты таңдаған, сондықтан кие, жын мекендейтін аспап – қобыз қарастыру керек, олай болмаса жын өзге біреуімізді де жазым етер» деп ақылдасып, қобыз іздемекке бекінеді. Бұл тоқтамға иланған Көккөздің ер жеткен баласы Шөгөлтай киелі аспапты іздеуге кіріседі.

Ақыры алыстағы ағайын – Моңғолиядағы қазақтар арасында бір шебердің қобыз жасайтын өнері бар екенін естіп, туыстары әдейілеп, жолсапарға аттанады. Хас шебердің қолынан шыққан қобыздың қымбаттығына қарамай, түйе бастаған тоғыз, тайтұяқ жамбы беріп, қобызды алып қайтады.

Бұл оқиға 1764-1767 жылдар шамасында болған. Үлкен қара қобыз бен оның киесі Шөгөлтайдың шаңырағына осылай мекендеген. Ал бақсылық өнер Шөгөлтайдың Күнтуар деген немересінің ұрпағына дарыған көрінеді. Осыдан кейін-ақ бұл қасиетті аспап «Күнтуардың қобызы» деген атпен қалың жұртқа белгілі болған екен.

Әзірлеген – Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button