Тылсым дүние

Кесененің киесі…

Халқымыздың ойшыл перзенттерінің бірегейі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының заманында үш рет қиратылып, қайта бой көтерген кесенесі Павлодар облысы, Баянауыл ауданының аумағында орналасқан. Жергілікті халық ол жерді қасиетті орын санап, арнайы барып, дұға жасап жатады. Тіпті, басына түнейтіндер де бар.

Кесененің киесі...Мәшекең қайтыс боларынан бір жыл бұрын Ескелді жотасы деген жерден өзіне арнап көр қаздырады да, «Мен дүниеден өткенде осында жерлеңдер және бетімді жаппаңдар» деп өсиет еткен көрінеді. Осылайша әулиенің 21 жыл беті ашық жатқан кесенесін 1952 жылы Сталиннің қаулысымен тас-талқан етіпті.

Сөйтіп, бір жылға жетер-жетпес уақытта қылышынан қан тамған Сталиннің өзі о дүниелік болып кетеді. Ал ғұламаның кесенесін бұзғызған сол кездегі аудан басшысы мен кеңшар директоры да, бұйрықты орындаған тракторшы да көп ұзамай дүйім елдің көз алдында бірі тірідей өртеніп, бірі жынданып, енді бірі жол апатынан қайтыс болған екен. Жалпы, Мәшекеңнің қасиеттері жайында ел аузында жүрген әңгіме көп. Солардың бірі төмендегідей.

Жаңадан үйленген жастар аудан орталығындағы АХАЖ-ға тіркеліп, екі-үш мәшинемен ауылдарына қайтып келе жатады. Бүкіл ауыл ел боп, жұрт боп, той дайындығымен әбігер. Көңілдері шалқып-тасыған жастар Мәшһүр Жүсіп кесенесінің тұсына тоқтап, біраз бой жазуды жөн санайды. Көліктен түскен бойда өздерімен бірге ала шыққан арақ-шараптарын ашып, дорба-дорба азық-түліктерін шығарып, даңғаза музыкаларын даңғырлатып, қасиетті адам жатқан мекеннің шырқын бұзады. Араларында Мәшекең жайында естіп-білгені бар екі жігіт: «Жігіттер! Мына дөңнің ар жағында әулие Мәшһүр Жүсіп атамыз жатыр. Мазасын алмай, аулақтау барып демалайық» деп ұсыныс жасайды. Алайда, ащы судың буына бусанып алған топ әлгі жігіттердің өздерін келекелеп, ол аз болса, әулие атамыздың қасиетіне күпіршілік келтіріп, даланы бастарына көтеріп, сауық-сайрандарын жалғастыра береді.

Әбден еліріп алғандар недәуір уақыттан соң «ал енді, ауыл, қайдасың?!» деп жер дүниені қара шаңға көміп, шыбын-шіркей жөнелмей ме. Содан ауылға таяу жердегі тау жолының шорт бұрылысында олар мінген үш көлік бірдей апатқа ұшырап, көліктегі он адамның төртеуі қаза болады. Ауыр жарақат алған төртеудің арасында жүре алмайтын мүгедек болып қалғандары да бар. Ал достарын ақылға шақырып, сақтық жасаған екі жігіт дін аман қалыпты.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button