Тылсым дүние

Кемпірбайдың көкала үйрегін комбинат төбесінен көріпті

Кемпірбайдың көкала үйрегін комбинат төбесінен көріптіШөже, Әсет сынды саңлақтармен терезесі тең Кемпірбай ақын жайында аңыз көп. Соның бірін әйгілі Мұхтар Әуезов те қағазға түсіріп, өз пайымын қалдырған.

«Кемпірбайдың өлерде айтқан сөзі көңіліне тығылып жүрген сырды ашады. Оны бес жасынан бастап ақындықтың иесі – Дәуіт пайғамбар иектеп, өнер дарытқан екен. Өлеңнің көкала үйрек секілді бөлек жаны, бөлек денесі бар.

Сол сый енді ақынның кеудесінен ұшқалы жатыр. Осы қадірлі сыйдың ұрпағына қонбай, мұның әулетінен біржола жоғалып кетуі мүмкін. Жалғыз арман, мұң – осы. Сөйтіп ұрпақ өнерсіз қалмақ. Міне, қоштасқан жерде жүректегі сыр мен көңілде кетіп бара жатқан арманды айтқан жері» деп ол қоштасу өлеңіне ғылыми сипаттама берген.

Қарқаралыда кіндігі кесілгенімен атақты ақынға Семейден топырақ бұйырған. Алайда, ақын зиратының үстіне кеңестік кер заманда ет комбинаты салынып кетеді. Ол туралы Ақселеу Сейдімбек те жүрген жерінде асқан өкінішпен айтып жүрген екен. Бірде оның Жәнібек Кәрменов, Мұхаметжан Қаратаев, Төрегелді Шармановтың ортасында осы әңгімені терең қаузағанын Мырзабек Дүйсенов өз естелігінде жариялаған.

– Кемпірбайдың зираты Семейдегі ет комбинатының астында жатыр. Сол Кемпірбай ауырып жатыр дегенді естіп, көңіл сұрайын деп, Әсет келеді ғой. Қасында сыбан Боранқұл бар екен. Сол кезде иығынан дем алып отырған Кемпірбай қасындағы кісілеріне қарап:

«Иығыма қонған көкала үйрек пен көк қаршығам бар еді. Екеуі төбемнен үш айналып ұшып кетті. Үш күннен кейін мен өлетін шығармын. Далаға шығып қараңдаршы, кім келді екен? Бір қимасым келе жатқанға ұқсайды ғой» депті. Жұрт далаға шықса, Әсет ақын аттан түсіп жатыр екен, – деген Ақселеу Сейдімбектің әңгімесі талай аңызға тұздық болып жүр.

Аңызға бергісіз әңгіменің бір парасы Семейдегі шығармашыл жастардың арасында кең тараған. Қар ери бастаған шақта қаланың шығармашыл жастары кезекті рет бас қосады. Мұндай басқосуларда ақындар жаңа өлеңдерінің тұсауын кессе, әуесқой жазушылар болашақ шығармасының сюжетін сынатып, әншілер тың үйренген туындысын шырқап, арқа-жарқа болатын әдеті. Осындай келелі бір басқосудың соңы дүкенге шапқылаумен жалғасып, таң ағарғанша отырыс болады. Бәрінің көзіне ұйқы тығылған шақта әлі де болса тың отырған екеуі сыртқа шығады. Әлгі екеудің құлағына көкала үйректің үні естіледі. О баста құс келмеген мезгілде үйрек қайдан келгеніне таңданған жігіттер өз құлақтарына сенбей, бір-бірінен сұрайды. Осылай даурығып тұрғанда дәл іргедегі ет комбинатынан үйрекке ұқсас құс ұшады. Бұлар қалғандарын «оятып әкелгенше» елес пен түстің арасындағы көрініс ғайып болып, ескі ғимараттан басқа ештеңе көзге шалына қоймайды.

Сол отырыста Кемпірбайдың Әсетпен қоштасуы орындалып, ақындар достығы жайында әңгіме өрбісе керек. Басына кесене қойылмақ түгілі қан-жыннан арыла алмай жатқан ақын зиратында шынымен бір тылсымның болғанына сенбеуге де келмейді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button