Ауыл шаруашылығы

Келдімұратта ірі қараны асылдандырып жатыр

Келдімұратта ірі қараны асылдандырып жатыр27 ауылдық округтің барлығында мал тұқымын асылдандыру қарқынды жүріп жатыр. Мал дәрігерлері көше-көшені аралап, тұрғындардың малын егіп, қанын алып, сырға тағып, толық зерттеуден өткізуде.

Соның бірі – Келдімұрат ауылындағы ірі қара мал басын асылдандыру іс-шарасы. Бұл дегеніміз етті, сүтті немесе сүтті-етті бағыттағы малдың төлін көптеп өсіру. Аудан басшысы Серік Зайнулдин ауыл әкімдеріне осы істі ширатуды қадап тапсырып отыр.

Келдімұрат ауылында бізге ұрықтандыру жолымен және қарапайым ауыл бұқасынан туған күні бірдей бұзауларды көрсетті. Айырмасы едәуір.

– Өскемен мал тұқымын асылдандыру стансасынан ұрық алып отырмыз, – дейді мал дәрігері Ержан Қайранбаев. – Ауылдағы 100-ден астам сиыр қолдан ұрықтандырылды. Бұл келесі жылы асыл тұқымды осынша бұзау алынады деген сөз. Мүмкін осы бұзауларды көріп, тұрғындардың қолдан ұрықтандыруға ықыласы ауады. Жаппай ұрықтандыруға әкелдіруге қол жеткізе алмай келеміз.

Ауыл тұрғындарының қолында 800-ден астам сауын сиыр бар. Үш табынға біріккен осы малға «Әулиекөл» асыл тұқымды үш бұқа қосылып отыр.

– Бұл – біртіндеп болса да, сапалы бұзау алу үшін жасалып отырған шара, – дейді әкімшіліктің санитар-мал дәрігері Тарбағатай Ибраев.

Ауылда тұрған соң мал ұстағанға не жетсін?! Көбейте алса, тіпті жақсы. Ерінбей еңбектенсе, әркімнің-ақ аузы аққа тиеді.

Атап өтерлігі, ауылдағы мал дәрігерлік пункт барлық талапқа сай. Өткен жылы «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында демеушілер бекет ғимаратына жөндеу жүргізуге қол ұшын беріпті.

Осы акция арқасында көптеген елді мекендерде мал дәрігерлік пункттер, мал соятын орындар мен әлеуметтік нысандар, көшелер күрделі жөндеуден өтті.

Үржар ауданы
Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button