Nur Otan

Жиырма төрт жыл бойы жеке куәліксіз жүрген

Nur Otan партиясының Алтай қалалық филиалына көп жылдан бері жеке куәлігін ала алмаған қала тұрғыны жүгінді. Белгілі болғандай, азаматша 24 жылдан бері жеке бас куәлігінсіз жүрген.

Аталмыш оқиға 1997 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы Алтай қаласының тұрғыны Галина Пантелеева Ресей Федерациясы азаматтығына ауысу туралы шешім қабылдап, көші-қон қызметіне құжаттарын тапсырады. Кейін ол өз шешімін өзгертіп, Қазақстан Республикасында қалуды жөн санайды. Содан соң қайта қалпына келтіру үшін тиісті құжаттарын тапсырады, ал көші-қон қызметі жеке куәлікті қалпына келтіру және азаматтығын ауыстыру үшін құжаттар жинауға жібереді. Алайда Галина 2020 жылға дейін жеке куәлігін қалпына келтіре алмаған, осы уақыт ішінде Қазақстанда ықтиярхатпен тұрып келген.⠀

Әйелге көмек көрсету үшін Nur Otan партиясының филиалы мен көші-қон қызметі келіссөздер қорытындысы бойынша қажетті құжаттарды бірлесіп жинауды ұйғарды. Тіпті, Ресей Федерациясының Елшілігінен азаматтығының жоқтығы туралы анықтама да сұратты.⠀

Бірігіп атқарған шаруаның нәтижесінде Галина ақыры жеке бас куәлігіне қол жеткізді.⠀

– Маған көмектескені үшін партия өкілдеріне үлкен рахмет айтамын. Мен бұл күнді ұзақ күттім, – деді филиал қызметкерлеріне алғысын білдірген Г.Пантелеева.⠀

Айта кетсек, өткен жылы Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына ел бойынша 393,2 мыңнан астам өтініш келіп түскен, бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп.⠀

Ал соңғы 5 жылда партияға 1,2 млн адам жүгінген, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн-форматта жүгінген. Олардың 92%-ы оң шешімін тауып, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмектер көрсетілген.⠀

Талдау көрсеткендей, халықтың 30%-ын – әлеуметтік қамсыздандыру, 16%-ын – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 15%-ын – тұрғын үймен қамтамасыз ету, 14%-ын – еңбек даулары, 9%-ын –құрылыс пен білім беру, 7%-ын медициналық қызмет көрсету мәселелері алаңдататыны белгілі болған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button