Nur Otan

Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы талқыланды

Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасындағы шаралар дер кезінде іске асуда.

Бұл туралы Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен облыстық филиалдың саяси кеңесі бюросы мен облыстық маслихаттағы Nur Otan партиясының депутаттық фракциясының бірлескен отырысында айтылды.

Жиында партияның сайлауалды бағдарламаларын орындау жөніндегі Жол карталарының іске асырылу барысы талқыланып, «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы бойынша осы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

– Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасын орындауда кей аудан-қалаларда кемшін тұстар бар. Ұйымдастыру жұмыстары қанағаттанарлық емес. Аумақтық филиалдардың төрағалары олқылықты жойып, Жол картасының әр тармағы бойынша көрсетілген іс-шараларды уақтылы орындап, айтылған кемшіліктер бойынша нақты шаралар қабылдаулары керек, – деді Даниал Ахметов.

Жалпы облыс бойынша Жол картасы негізінде осы жылы 22 индикаторға бөлінген 82 іс-шараны жүзеге асыру көзделген.

Жол картасы негізгі жеті бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша іс-шаралар уақтылы жүзеге асуда. Мысалы, «Білім беру сапасын жақсарту» бағыты бойынша Семей мен Риддер қалаларында мектептер құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, Степное кентінде 300, Восточный кентінде 1200, Риддерде 620 орындық мектептер бой көтеруде. «Менің мектебім» акциясы аясында 250 мектеп жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. «Бұқаралық спортты қолдау» бағыты бойынша Күршім мен Үржар аудандарында 2 бассейн салынды.

«Тарих пен мәдениетті дамыту» бағыты бойынша «Рухани жаңғыру», «Абай әлемі» жобалары шеңберінде көрнекті жерлестердің мұрасы насихатталуда. Сондай-ақ, өңірде археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып келеді, оған 218,4 миллион теңге жұмсалды.

Ержан Әбіш

 

 

Осы айдарда

Back to top button