РУХАНИ ЖАҢҒЫРУNur OtanӘдебиетРуханиятТәуелсіздік - 30

Көк тудың желбірегені…

Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы  Jas Otan жастар қанатының, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ақын Алмас Сақбаевпен шығармашылық кездесу кеші өтті.

Мемлекеттік рәміздер күніндегі іс-шара «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлы мен жастар арасын байланыстыра отырып, патриоттық сезімді, рәміздерге деген құрметті арттыруды мақсат етті.

– «Көк тудың желбірегені» – сағынышқа толы, жан тебірентер, рухты оятар ән. Тапсырыстан емес, атамекенге деген сағыныш пен елжандылықтан туған ән, Отанына жете алмай жүрген қазақтардың жүрек лүпілі, – деді Алмас Ахметбекұлы.

Биыл алпыс жасқа толу мерейтойын атап отырған ақын өмірі туралы қызықты тың ақпарат берді. Алмас Сақбаев Қытайдың Тарбағатай округінде дүниеге келген. 1982 жылы Іле педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Әдебиетке алты жасынан құмартқанын, он жылдай Қытайдың Шәуешек қаласында шығатын «Тарбағатай» әдеби журналында қызмет етіп, 1993 жылы елге оралғанын айтты.

Патриотизм тақырыбы – ақынның шығармаларының негізі, оның барлық өлеңдері шабыттандырып, биікке жетелейді.

– Алғаш көк туды Қорғас шекара бекетінен елге өтіп келе жатқанда көрдім, байрақ алыста желбіреп тұрды. Сол кезде жүрегім елжіреп, бойымды ерекше бір сезім билеп, «Көк тудың желбірегені» деген жолдар ойыма келді, Алматыда өлеңнің қалған жолдары жазылды. Әнді халықтың жылы қабылдағанына ризамын, – деді Алмас Ахметбекұлы өлеңнің жазылу тарихына тоқталып.

Іс-шара барысында Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков аймақ басшысы Даниал Ахметовтің құттықтау хатын оқып берді. Хатта Алмас Сақбаевтың қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосқаны аталған.

– Университетіміздің студенттері бүгін танымал ақынмен кездесіп отыр. Олардың жүздесуден мол тағылым алғанына сенімдімін, – деді ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген. – «Көк тудың желбірегені» әні ел Тәуелсіздігінің символына айналып, жастарды шабыттандырып келеді. Әр ақынның Отан алдындағы өз борышы бар, Алмас Ахметбекұлы осы парызын толық өтеді деп ойлаймын.

Аманжолов университетінің жастары осы іс-шара аясында тұтас концерттік бағдарлама ұсынды. «Шабыт» студенттік театрының актерлері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, университет түлегі Аян Қалымбек мерейтой иесіне арнау айтты. Патриоттық әндер шырқалды. Кездесу «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.

Ержан Әбіш

 

 

Осы айдарда

Back to top button