Құқық

Жаза тәртібін бұзған көкпектілік сотталушы түрмеге қамалды

Сотты болып, есепте тұрған көкпектілік сотталушы жаза тәртібін бірнеше мәрте бұзғаны үшін қамауға алынды.

Пробациялық есепте тұрған Көкпекті ауданының 47 жастағы тұрғыны сегіз ай бұрын кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қатысты міндеттерін орындамағаны үшін істі болып, бір жылға бас бостандығы шектелген болатын. Көкпекті аудандық №1 пробация қызметінің хабарлауынша, бұл жолы ішімдікке мас болып, қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзған ол, сотпен тағайындалған мәжбүрлі жұмыстарға үш рет шықпаған.

Бұған дейін есепке алу барысында оған пробация қызметкерлері жазаны орындау тәртібін, сотпен жүктелген міндеттер мен пробациялық бақылаудың шарттарын егжей-текжейлі түсіндіріп, жаза тәртібін бұзған жағдайда бас бостандығынан айырылатынын ескерткен еді. Сондай-ақ, оған бірқатар әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетіліп, тұрғылықты жері бойынша ақылы-қоғамдық жұмысқа орналастырылды.

Алайда, осыған қарамастан жаза өтеу тәртібін сақтамай, басбұзарлыққа барған оның бас бостандығынан шектеу жазасы 4 ай 6 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, түзеу мекемесіне жіберілді.

Осы айдарда

Back to top button