«Дидардың» қонағы

Ерік ЖОЛЖАҚСЫНОВ: – Досхан ағамның менің өнер жолын таңдауыма қарсы болғаны рас

Ерік ЖОЛЖАҚСЫНОВ:   - Досхан ағамның менің өнер жолын таңдауыма қарсы болғаны рас

Жақында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Астана циркінің директоры, белгілі актер, жерлесіміз Ерік Жолжақсыновпен сұхбаттасудың сәті түскен-ді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ел жаққа бір келіп-қайтуды жоспарлап жүрмін

– Ең алғаш өзіңіз бұл қызметке келген кезде Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз осы ғимараттың жанынан өтіп бара жатып: «Әй, Ерік, сен мына НЛО-ға ұқсайтын ғимаратта отырсың ба? Құтты болсын!» деп телефон соққанда сіз: «Тұқа, төрт аяқтыларға келдім» деген екенсіз. «Әй, сол екі аяқтылардан төрт аяқтылар дұрыс-ау» депті Тұңғышбай ағамыз. Содан бері екі аяқтылармен де, төрт аяқтылармен де жұмыс істеп келе жатыр екенсіз. Қайсысымен жұмыс істеу оңай екен?

– Тұңғышбай ағамыз айтты ғой, «екі аяқтыларға қарағанда, төрт аяқтылар дұрыс-ау» деп. Бірақ енді ол тіл табысуға да байланысты деп ойлаймын. Дүниеге келгеннен кейін ғұмырымыздың барлығы екі аяқтылармен тіл табысумен өтеді ғой. Бұл жерге басшылыққа тағайындалғанда үлкен дайындықпен келдім. Тәжірибеміз бар дегендей. Сондықтан екі аяқты болсын, төрт аяқты болсын, тіл табысуымыз керек.

– Атақты иллюзионист-сиқыршы Балтабай Жұмағұлов негізін қалаған Астана циркіне жетекшілік жасап отырсыз. Не жаңалық, не өзгеріс әкелдіңіз? Алда қандай жоспарлар бар?

– Жоспар көп. Оның бәрін айтып жату қиын. Мынадай алып ғимаратта отырғаннан кейін жұмыс таусыла ма? Конвейер секілді, бір жұмыс таусылса, екіншісі шығады. Әртістеріміз Қытайға барып келді. Еліміз Тәуелсіздік алған жиырма жылдың көлемінде алғаш рет әртістерімізді Украинаға жібердік. Үш ай уақыт болса да, әріптестерімен тәжірибе алмасып, білім-біліктерін жетілдіріп қайтты.

– Цирктің күрделі өнер екенін білеміз. Күрделі өнердің еліміздегі аяқ алысы қандай? Цирк әртістері қанша жерден жанкештілік танытып жүрсе де, көбіне олардың еңбегі елеусіз қалып жатқандай көрінеді…

– Рас, цирк – күрделі өнер. Әлемдік деңгейдегі додаларда болсын, мейлі, ел ішілік жарыстарда болсын, ең әуелі, ұлтымыздың Туын спорт көтерсе, екінші, көк байрағымызды көтеретін – осы цирк әртістері. Әртістеріміз жанын салып-ақ жұмыс істеп жүр. Алайда көк Туымызды желбіретіп жүрген өнер иелерінің еңбегінің елеусіз қалып келе жатқаны рас. Дегенмен, қу шөппен ауыз сүртуге болмас. Қолдау да жоқ емес. Біздің негізгі демеушіміз – Астана қалалық әкімдігі. Әкімдіктегі өнерді түсінетін, қолдайтын азаматтардың арқасында бүгінде әртістеріміз жұртшылыққа өз өнерлерін паш етіп келе жатқан жайы бар. 2005 жылы Елбасымыздың өзі арнайы келіп, осы ғимаратты салтанатты түрде ашып кеткен болатын. Циркте қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Әртістеріміз жоғары деңгейде қызмет етіп, өздерінің шеберліктерін ары қарай шыңдап, бүгінде шет елдерде өнер көрсетіп жүрсе, мұны Астана циркінің жетістігі дер едім.
Жалпы, қазақ циркінде түйіні тарқамаған мәселе көп. Соның бірі – цирк қызметкерлерінің зейнеткерлікке шығуы. Мысалы, алпысқа келген акробатымыз әлі күнге дейін ұшып жүр. Яғни, осынша жасқа келсе де, жұмыс істеп келеді. Осы мәселе ескерілмей отыр. Цирк қызметкерлерінің әрқайсысының зейнеткерлікке шығатын уақыты болады. Мәселен, клоундар 10-15, әрі кетсе, 20 жылдан кейін зейнеткерлікке шықса, акробаттар 15 жылдан кейін зейнеткерлікке шығуы керек. Оларға да денсаулық керек қой. Алпыс жаста секеңдеп, секіріп жүру кімге оңай дейсіз. Елуге келген жігіттеріміз аттың құлағында ойнап жүр. Бұл мәселені дөңгелек үстелдерде, депутаттармен кездесулерде көтеріп, айтып жүрмін. Мәдениет және ақпарат министрлігіне де жеткіздік. Айтпақшы, цирк қана емес, балет өнерінде де шешілмеген мәселелер көп екен. Министрлік бұл мәселелерді шешудің тетіктерін қарастырамыз деп жатыр. Оны енді уақыт көрсетер.

– Күршім ауданының тумасы екеніңізді білеміз. Ел жаққа келіп тұрасыз ба?

– Ел жаққа бармағалы біраз уақыт болыпты. Мен 3-4 сыныпта оқып жүргенде біз отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Содан кейін орта мектепті бітірген кезде ауыл жаққа бір барып қайттым. Одан соң мектепті тәмәмдап, Мәскеуге Өнер институына оқуға түскен кезде, реті келіп, бір жағы, оқуға түскен қуаныштың себебімен ел жаққа бір барып қайтқанмын. Оның өзінде Күршімде болдым. Менің ауылым – әрідегі Ақсуат. Ортада Қызылқұдық деген ауыл бар. Жалпы, «Ел жаққа барып қайтайық» деп жүрген жігіттер бар. Бірақ енді өзім бармасам да, Досхан ағам ел жаққа барып, ата-бабаларымызға ас беріп қайтты. Санап отырсам, ел жаққа 1977 жылдан бері бармаппын. Негізі арнайы бір шығармашылық кеш өткізіп, ауылдағы ағайынмен емен-жарқын жүздесіп қайтуға болады. Бұл жердегі менің мақсатым – кейбір өнерпаздар секілді елге есеп беріп, ақша табу емес, тек халық алдында өнерімді көрсету. Алла сәтін салса, осындай жоспар бар.

– «Егер өмірді қайтадан басынан бастау мүмкіншілігі берілсе, мен Мәскеу қаласындағы Өнер институтына оқуға барар едім» депсіз бір сұхбатыңызда. Неге? Әлде, студенттік күндерді сағынып жүрсіз бе?

– Бұл – үлкен өнер ошағы. Қазір академия деп аталады. Мен тәлім-тәрбиені, рухани байлықты осы өнер ордасынан алдым. Небір хас шебер әртістермен осы жерде кездестім. Әйгілі Джигарханян, Табаков, Андреев, Гончарев, Попов, Павлов, Касаткина секілді актерлер бізге институтта дәріс оқыды. Бұл кісілерді менің ұстаздарым десем де болады. Ол кезде Мәскеуде 50-дей театр болды. Студент кезімде сол театрлардың барлығын аралап, Ульянов, Янковский, Абдулов, Этуш, Соломин, Гундарева секілді атақты актерлердің ойнаған спектакльдерін тамашалап, бүкіл өміріме азық боларлық тәлім алдым. «Өмірімді қайта бастар болсам, Өнер институтына барар едім» дегенім осы себептен болар. Ол кездері Мәскеуді көргеннің өзі былай тұрсын, жұрт теледидардан көріп жүрген өнер тарландарының қойылымдарын тамашалап, бетпе-бет кездесудің, жақын тілдесудің әсерінің қандай екені айтпаса да түсінікті болар.

«Біржан салда» мен ойнайтын рөл болмады

– Білуімізше, Досхан ағаңыз гастрольде жүргенде емтихан тапсырып, байқаудан өтіп, оқуға түсіп кеткен екенсіз. Ол кісі сіздің өнер жолын таңдауыңызға қарсы болған дейді…

– Қарсы болғаны рас. Мен негізі Алматыдағы денешынықтыру институтына оқуға түсемін деп дайындалып жүргенмін. Бір жағы бокспен шұғылданып, спортқа біршама ден қойып жүрген кезім. Бокспен қатар ағам Досхан мені театрға спектакльдерді көруге жиі ертіп апаратын. Былайша айтқанда, театрдан шықпайтынмын. Жасыратыны жоқ, өнерге деген қызығушылық ағамыздан басталды. Театр өз алдына, мені кейде өзі түсіп жүрген кинолардың түсіріліміне де ертіп апаратын. Бұдан кейін өнерге қалай қызықпайсың?! Бұл – менің мектепте оқып жүрген кезім. Сол кездері «Қаладан келген қылжақпас» деген спектакльде ағамның да ойнайтын рөлі болатын. Бұл қойылымның көрермені көп болды. Осы спектакль қойылған кездері театрға жиі барып, ішіне кіріп, актерлердің грим жасау, киім кию, рөлге дайындалу секілді қойылым барысындағы әзірліктерін, яғни, сахнаға шыққанға дейінгі сәттерін көріп жүретінмін.
Сөйтіп, мектеп бітірер уақыт жақындағанда бір күні бүгінде марқұм болып кеткен жездем келді маған. «Ерік, мұнда Мәскеуден атақты өнер майталмандары келіп, Өнер институтына талапкерлер іріктеп жатыр. Сен неғып отырсың?! Бар да, бағыңды сынап көр» деді. Содан домбырамды құшақтап, алып-ұшып әлгі жерге жетейін. Толық дайындығым болмаса да, өзімше іштей әзірлендім. Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесін проза ретінде оқып, дайындалдым. Тағы да бірнеше өлеңдерді жаттадым. Содан не керек, «құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, жездемнің айтуымен әлгі дүрмекке кірдім де кеттім. Құдай салмасын, еліміздің бүкіл облысынан мен секілді өнерге құштар бозбалалар мен бойжеткендер жиналыпты. Бір орынға жиырма бес адам таластық. Бағым деймін бе, сорым деймін бе, іріктеуден өттім де кеттім. Бұл өнер ордасына оқуға түскеніме, білім алғаныма ешқашан өкінген емеспін. Осы жерде тәлім алғанымды мақтан тұтамын. Бүгінде еліміздің өнер саласына теңізге тамған тамшыдай болсын өз үлесімді қосып, отандық киноның дамуына азды-көпті еңбегімді сіңіріп, елдің құрметіне бөленіп жүргенім осы оқу ордасынан алған білімімнің жемісі деп білемін.
Айтпақшы, Мәскеуге оқуға түскеннен кейін Досхан ағам маған телефон соғады ғой баяғы. «Не болды, қайда түстің?» деп. Мен айтам: «Ойбай, Мәскеуге түстім» деп. «Ай, анау ВГИК па?» дейді. ВГИК дегені – кинематография. Мен айтам: «Жоқ, ГИТИС» деп. Яғни, бұл – кино емес, театр институты. Іштей маған ұрсатын шығар деп ойлағам. Жоқ, «жарайды, дұрыс болыпты» деді.

– Бір сұхбатыңызда актер Болат Әбділмановқа Досхан ағаңыздың сіз туралы айтқан «Ерік Жолжақсынов – менің актерім емес» деген сөзін келтірген екенсіз. Сонда сіз кімнің актерісіз?

– (Қарқылдап күліп алды). Бұл енді Болат Әбділмановтың қалжыңдап айтқан сөзі болар. Ол өзі сондай ақкөңіл, қалжыңбас актер. Ол маған айтады: «Жұрт менен «Ерік Жолжақсынов ағасының киносына неге түспейді?» деп жиі сұрайды. Мен оларға Досхан Жолжақсыновтың өзі «Ерік – менің актерім емес» деп айтты» дедім» дейді. «Дұрыс айтқансың» деймін мен оған. Өйткені, екеуміз де өнер адамымыз. Әрине, егер Досхан ағама беттің арын белге буып: «мені киноңызға түсіріңіз» деп жамбастап жатып алсам, бетімнен қақпас еді. Бір рөл берер еді. Бірақ маған оның керегі не?! Ол кісі бәрін өзі жақсы біледі. Қандай актерді таңдауды, кімді қай рөлге бекітуді дегендей. Дегенмен, өнер жолында, кино түсіру барысында ағама шамамның келгенінше ақыл-кеңесімді айтып жүремін. Мәселен, Досхан ағам «Біржан сал» фильмін түсірген шақтары қолғабысымды тигізіп, әсіресе, кастинг кезінде бірге болып, басы-қасында жүрдім. Ойымды айттым. Рөл таңдау кезінде де бір-бірімізбен ақылдасып, кеңестік.

– Бірақ өзіңізді бұл кинодан көре алмадық…

– «Біржан салға» түскен жоқпын. Өйткені, мен ойнайтын рөл болмады. Әрине, сұрасам, рөл табылар еді. Бір жағы өзім сол кездері басқа да киноларға түсіп жүрген болатынмын.

Құнанбай туралы киноның түсірілімі Аягөзде басталады

– Досхан ағаңызбен бірге киноға түскен кездеріңіз болды ма?

– «Қош бол, Медеу» деген кинода бірге ойнадық. Бұл – менің алғашқы түскен фильмім. Студент кезім. Бірінші курстың аяғы болуы керек. Бұл кино Чехословакия мемлекетімен бірлесіп түсірілді. Басты рөлде Роза Рымбаева ойнады.
Реті келгенде айта кетейін, Досхан ағам «Құнанбай» атты кино түсіруді қолға алғалы жатыр. Бұл кинода Абайдай ұлы тұлғаны тудырған Құнанбайдың кемеңгерлігі, тұлғалығы жан-жақты көрсетілетін болады. Алла сәтін салса, киноның түсірілімі биылғы наурыз айында Аягөзде басталады.

– Жолжақсынов деген фамилияны жұрттың бәрі біледі. Ағайынды Жолжақсыновтарды елдің бәрі таниды. Осы текті көтеріп жүру қаншалықты жауапкершілік жүктейді?

– Кім өзінің ата-тегіне кір келтіргісі, дақ түсіргісі келеді дейсіз. Егер елге танылып, атымыз шығып жатса, атқарған қызметімізге, сіңірген еңбегімізге, халықтың бізге деген сүйіспеншілігіне байланысты болар деп ойлаймын. Меніңше, әрбір азамат өзінің ата-тегін абыроймен алып жүруге бар-күш жігерін салады. Елдің алдында, қызметте, жұртпен қарым-қатынаста, тағы да басқа жағдайларда дегендей. Сондықтан, бұл – үлкен жауапкершілік. Таяқтың екі ұшы бар ғой, бір қадам жасамас бұрын «абыройыма нұқсан келмей ме, ата-тегіме кір келтірмеймін бе?!» деп алдын ала ойланасың. Бір сөзбен айтқанда, қай кезде де баппен, ақылмен, парасатты қалыпты сақтап жүру керек қой.

– Отыздан астам киноға түскен екенсіз. «Ер Төстігім – бір төбе, тоғыз ұлым – бір төбе» демекші, осы рөлдердің ішінде қайсысы жаныңызға жақын?

– Жалпы, әртіс үшін не керек? Әртіске үлкен рөл керек. Сондықтан да ешқандай рөлімді бөле-жара атағым келмейді. Әйгілі Станиславскийдің айтқан «Рөлдің кішісі, жаманы болмайды. Жаман актер болады» деген сөзі бар. Институтты бітіріп, дипломдық жұмыс қорғаған кезде кейбір курстастарымыз «мынау кішкентай рөл ғой» деп қомсынып, реніштерін білдіріп жататын. Сондай кездерде «сендер мынаны кішкентай рөл, ананы жаман рөл деп айтушы болмаңдар» дейтін ұстаздарымыз. Алайда тәжірибе жинай келе, рөлді де таңдайды екенсің. Менің өзімнің көңілімнен шыққан рөлдерімнің бірі – «Кек» фильміндегі Көкбөрі, сосын «Шолпанның күнәсі» фильміндегі Сәрсенбай. Екі рөл де – өте күрделі, ауқымды, психологиялық рөлдер. Жалпы алғанда, рөлдің жақсы-жаманы болмайды. Кейде жұрт маған: «сіз қатігез адамдардың рөлінде көп ойнайсыз» деп айтып жатады. Режиссер рөлді бергенде әртістің кескін-келбетіне, кино тілімен айтқанда, фактурасына қарап береді. Ең бастысы, драматургияға толы, елге айтары бар, жұртты ойландырар, тәлімі бар рөл болуы керек. Сонда әртістің де бағы ашылады.

– Қатігез рөл деп жатырсыз. Осындай рөлдерге неге сізді таңдайды?

– Яғни, бойымда сондай мінездер болуы керек. Жалпы, әртісте мінез болуы қажет. Менде сондай мінез болғаннан кейін осындай рөлдерді ұсынатын шығар деп ойлаймын.

– Талай киноға түстіңіз. Режиссерлікке кету ойда жоқ па?

– Бүгінгі таңда режиссер болу үшін бураны бастан ұрып құлататындай талант болуы керек деп ойлаймын. Режиссерлердің көбі фанат, ойлау жүйесі өзгешелеу болып келеді. Әрине, режиссер болу өте қиын. Әртістің, драматургтің ойын, образын сахнаға шығаратын – бұл режиссер. Сондықтан бұл бүгінгі таңдағы өнердегі өзекті мәселелердің бірі. Біз қазір режиссер дегенде, ең әуелі, «мықты режиссер еді» деп Әзірбайжан Мәмбетовті, Шәкен Аймановты, Абдолла Қарсақбаевты, Сұлтан Қожықовты еске алып, сол кісілердің есімдерін айтамыз. Бүгінде режиссерлер жоқ емес, бар. Бірақ ешкімді ауыз толтырып айта алмаймыз. Тимур Бекмамбетовті айтамыз. Қазақтың жігіті дейді. Бірақ осылай айтатын өзімізде ешкім жоқ.

– Ақан Сатаев ше?

– Ақан Сатаев – талантты жастардың бірі. Енді-енді көрініп келе жатыр. Құдай қаласа, бес-он жылдың ішінде өзіндік ойы бар, айтары бар мықты режиссерлер шығатын шығар.

– Қазақ актерлерінен кімді құрметтейсіз? Кімдердің өнерін жоғары бағалайсыз?

– Ешқайсысын бөле-жара атағым келмейді. Әр актердің өзіндік ерекшелігі бар. Менің Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда біраз уақыт жұмыс істегенім бар. Сол кезде бүгіндері дүниеден өтіп кеткен Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Әмина Өмірзақова және қазір ортамызда қазақ өнерінің ұйтқысы болып жүрген Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театрдың хас шеберлерінің өнерін көріп, есті сөздерін тыңдадым. Бұл кісілер қазақ театр өнеріне өшпес қолтаңбаларын қалдырды. Бүгінде Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Меруерт Өтекешовалар Сәбира мен Әмина апаларының ізін жалғап келе жатыр. Сәбира, Шолпан, Бикен, Фарида, Әмина апаларымыз үнемі: «Шіркін, Шәкең! Қайран, Қаллекең! Шіркін, Елекең» деп емірене сөйлеп, аузынан тастамайтын. Екі сөзінің бірінде осынау ұлы адамдардың есімдерін айтып жүретін. Өзім құралпылас актерлерге келсем, біз жайында кейінірек айтыла жатар деп ойлаймын. Оны уақыт сараптайды.

– Ендігі мақсат қандай? Алда қандай кинолардан көреміз сізді?

– Алла сәтін салса, алдағы уақытта «Боксшының жолы» деген кино экранға шығуы керек. Бұл кинода бапкердің рөлінде ойнаймын. Режиссер Ермек Шынарбаев түсірген «Сары дала» фильмінен Депардьемен бірге көріп қалуларыңыз мүмкін. Бірақ бұл кинода Жерардың бала кезін сомдайтын актермен бірге ойнаймын. Одан кейін «Қазақша тонау» деген киноға түстім. Қыран-топай, атыс-шабыс кино. Бір сөзбен айтқанда, шытырман оқиғалы фильм.
Әділбек Жақсыбеков ағамыз тағы бір кино түсіріп жатыр. Сол киноға да шақырту алдым. Генералдың рөлін беріп отыр. Естеріңізде болса, «Афалина секірісі» деген кинода генералдың рөлінде ойнаған болатынмын. Бұл фильм сол туындының жалғасы іспетті. Әйтеуір, генералдан түспейтін болдық. Әзірге генералдардың рөлін бірінен соң бірін ойнап жатырмын.

– Депардье деп қалдыңыз. Соңғы жылдары осы актерді қазақ киносына түсіру модаға айналып кеткен секілді…

– Жалпы, мұндай танымал әртістерді көрсеткеніміз, бір жағынан, дұрыс та секілді. Режиссерлердің де өз ойлағаны бар шығар. Мәселен, киноны прокатқа тезірек шығару үшін дегендей. Бүгінгі кино нарығына ешкімді ешкім оңайлықпен жібере қоймайды. Біз қазір Ресейдің кино нарығына шыға алмай жатырмыз. Ресей бізді ешқашан шығармайды.
«Оскар» сыйлығына қазақ кинолары ұсынылып жатыр ғой. Меніңше, «Оскар» біз үшін түс, қиял. Не болмаса, арман. Соқыр тауықтың түсіне кірген тары секілді. Бәлкім, келешекте арман-қиялдарымыз орындалып қалар.

Әкем домбыра тартатын, шешем ән салатын

– Арғы тектеріңізде өнер адамдары бар ма? Әке-шешеңіз өнерге жақын болды ма? Әулетіңіз жайында, ата-анаңыз жайында аз-кем айтып өтсеңіз.

– Менің анам бір кісідей ән салатын. Әрине, ауыл арасында, дос-жаран, жақын-жуық ортасында дегендей. Ән айтып қана қоймай, ауылда қойылатын спектакльдерде ойнап, өз өнерін көрсетіп жүретін. Әкеміз Қали домбырашы болды. Суырыпсалмалылығы да бар еді. Өзім сол кісінің қолында тәрбиеленгеннен кейін көптеген жиын-тойларда бірге еріп жүретінмін. Той-томалақтарда мені алдына отырғызып қоятын. Ән салып, жиын-тойдың көрігін қыздырып отыратын.
Бұл – қазақтың өмірі ғой. Ауылда етті түнгі сағат он екілер кезінде жейтін. Қонаққа сағат он екілерге қарай баратынбыз. Әкем малын жайғап бітпейінше ешқайда шықпайды. Малды жайғап, көңілі жайланғасын қонаққа барамыз. Әлі күнге дейін есімде, әке-шешеммен бірге қонаққа барғанда сәлден кейін мен ұйқыға кетем. Домалап ұйықтап жатам. Ұйықтап жатып анамның «Доқ Дуадақ дегеееендееей, Доқ дуадақ» деп әндеткен дауысын естіп жатам. Бұл ән менің құлағыма жастайымнан сіңіп қалған. Ауыл жұрты түнімен ән шырқайды. Таң ата мені көтеріп алып, «үйге кеттік» деп әке-шешем қайтып бара жатады. Сол кездегі қонақжайлық, сол кездегі тамаша сәттер әлі күнге дейін есімде. Сондықтан да менің актерлігім ананың сүтімен, атаның қанымен дарыған өнер ғой деп ойлаймын.

– Өзіңіз де, Досхан ағаңыз да – өнерде. Отбасыларыңызда өнер жағында жүрген жандар бар ма, сіздерден бөлек?

– Жоқ, екеуіміз ғана. Бірақ біз секілді ел алдына шықпаса да, өнерге жақын жүргендері бар. Бағдат деген апайымыз болды. Өмірден ерте озып кетті. Қызылордада музыкалық училищені қобыз мамандығы бойынша бітіріп еді. Зинайда деген апайымыз бар. Ол кісі мондалин мамандығы бойынша білім алған. Бірақ кейінгі кезде мондалинді қойып, ұстаздық қызмет атқарып жүр. Менің алдымда Бақыт пен Жамал деген егіз апайларым бар. Олар да музыка мамандығы бойынша білім алды, бірақ өмірдің ағымымен, тағдырдың тәлкегімен дегендей басқа саланы таңдады. Жалпы, алпысыншы жылдары халықтың өнерге деген талпынысы керемет еді. Екінің бірі өнерге құштар болатын. Бірақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, дарындылары ғана електен өтіп, ел алдына шығып, өнерлерін көрсетіп жататын.

– «Полиция Хоккайдо» фильмінде жапонның рөлінде ойнадыңыз. Тіпті, жапон тілінде сөйлеген екенсіз. Қиын болған жоқ па?

– Ол кезде мен «Махамбет» киносына түсіп жүрген болатынмын. Сол кезде Алматыға Ресейден Шиловский деген актер келіп, мені кастингке шақырды. Бұл кісі өзі маған бір жағынан ұстаз. Ол кезде мен де жапонға ұқсайтын әртістерді іздестіріп жүргенмін. Содан жаңағы кастингке бардым. Жан-жақтан әртістер көп жиналған екен. Содан не керек, кастингтен өтіп кеттім. Әрине, киноға түсу оңай болған жоқ. Жапонша транскрипцияны жаттадық. Не керек, әйтеуір әупірімдеп жүріп он екі серияны бітірдік қой. Бір айдай Жапонияда, қалған төрт ай көлемінде Мәскеуде болдық. Киноны түсіру барысында маған «тек жапонша сөйлейсің» деген талап қойылды. Талап қойылғаннан кейін қойыртпақтатып сөйлеуге тырыстық. Бір айда аз уақыт емес қой. Сол уақытта жапонша сөйлеп, аздап тілімді сындырғаным рас.

– «Махамбет», «Күнә» фильмдеріндегі рөлдерім үшін таластым» депсіз бір сұхбатыңызда. Рөлге таласу қаншалықты қажет? Рөлге таласып, әріптестеріңізбен сөзге келіп қалған кездеріңіз болды ма?

– Бір рөлге бірнеше адам таласады. Қайсың өтесің, оны бір құдай ғана біледі. «Күнә» фильміне түсу кезінде де талас болды. Біреудің қарыны болды, біреудің дарыны кем түсті дегендей. Бұған енді тек актерлік шеберлік қана емес, физикалық даярлық та қажет. Режиссер мені көріп: «Мына жігіттің физикалық даярлығы дұрыс екен, ана жігіттердің қарны бар» деп таңдау жасап, кастингтен өтіп кеткен кездерім де болды. Сондай кездерде спортпен айналысқанның пайдасы көп екендігіне көз жеткізесің.
Алайда рөлге таласып, әріптестеріммен жаға жыртысқан кезім жоқ. Керісінше, біз ол жерде «Мен тұрғанда, сен қайда барасың?» дегендей бір-бірімізге қалжыңдап, дем беріп, бір-бірімізді қамшылап отырамыз. Бұл бір жағынан қызықты да. Бір сөзбен айтқанда, актерлер арасындағы рөлге талас достық рәуіште өтеді.

Қыстыгүні мұздай суға жуынып келе жатқаныма 20 жылдан асты

– «Спорттың пайдасын көп көрдім» деп айтып қалдыңыз жаңа. Білуімізше, мектепте оқып жүргенде бокспен шұғылданған екенсіз…

– Мен Алматыдағы №12 мектепті бітірдім. Мектеп қабырғасында бокспен шұғылдандым. Сол кездегі ұлттық құрамада болған Геннадий Рожков, Виктор Демьяненко секілді жігіттермен бірге жаттығып, бірге жұдырықтасып жүрдік.

– Сіздің айтып отырған Демьяненкоңыз Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері ме?

– Дәл өзі. Өйткені, мен де сол жігіттермен бірге еліміздің ұлттық құрамасында болдым ғой. Бапкерім бокстан Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы Әбдірашит Әбдірахманов деген кісі болды. Демьяненко екеуміздің салмағымыз шамалас болатын.

– Ең жоғарғы жетістігіңіз қандай болды?

– Қапшағай қаласының және Алматы қаласының чемпионы болдым. Спорт шеберлігіне үміткер атандым. Реті келгенде айта кетейін, мені боксқа баулыған да – Досхан ағам. Содан Мәскеуге Өнер институтына оқуға кеткеннен кейін бокс жайына қалды.

– Демьяненконы жеңіп жүруші ме едіңіз?

– Түрлі жолдастық кездесулерде, турнирлерде, жаттығу кезінде жұдырықтасып жүретінбіз. Бірде ол жеңетін, бірде мен жеңетінмін. Өзіне соққыны көп дарытпайтын. Мықты боксшы болатыны сол кездің өзінде байқалатын.

– Сол кезде боксты тастап кеткеніңізге өкінбейсіз бе? Бәлкім, Әлем, Олимпиада чемпионы атанар ма едіңіз…

– Аса көп өкінішім жоқ. Сол кездері бір көрші апамыз бар еді. Ұлты – татар. Сәкен Сейфуллиндермен замандас, сыйлас болған кісі. Сол апамыз: «Барма, боксқа. Ертең басың ауырады. Миыңа зақым келеді» деп маған ұрсатын. Сөзінің жаны бар. Денсаулығынан айырылған талай боксшыны көрдік қой. Жасыратын несі бар, бокстасып жүріп, талай таяқ та жедік. Соққыны да алдық. Кейде басым ауырғанда сол кездегі басқа тиген жұдырықтардың әсері ме деп ойлап қоямын.

– Боксты тастап кетсеңіз де, спортпен үнемі шұғылданатыныңыз дене бітіміңізден байқалады.

– Спортпен күнделікті шұғылданамын. Белтемірге тартылып, бір уақ жүгіріп, денемді сергітемін. Бұрынырақта темір-терсек көтеріп, жаттығу залынан шықпаушы едім. Қазір оны қойдым. Неге десеңіз, денсаулыққа зиян екен.

– Темір-терсек көтердім дейсіз бе?

– Иә, салмағым 100 келіге дейін барды. Арнольд Шварценеггерді көріп, сол секілді бұлшық еттерімді бұлтылдатамын деп біраз тыраштанғаным бар. Бірақ оны да кейін қойдым. Темір-терсекті көп көтеремін деп, жүректен кетіп қалған талай жігіттерді көрдім. Қазір тек белтемірге тартыламын.

– Естуімізше, сіз қыстыгүні Есілге түседі екенсіз…

– Иванов жүйесі дейміз бе? Морж болып, суық суға түсіп, шынығу ғой бұл. Суық суды құйынуды әдетке айналдырғаныма жиырма жылдан асты. Кейде Есілге түсіп тұрамын. Суық су болмай жатса, қарға аунаймын. Әрине, мұның денсаулыққа пайдасы зор. Адам бір үйреніп алғаннан кейін тастай алмайды екен.

– Сонда суық суды күнделікті құйынып отырасыз ба?

– Күнделікті құйынып отырамын. Әсіресе, таңертеңгілік мезгілде. Таңертең құйына алмасам, кешке құйынамын. Есілге түскен кезде суда көп жүрмеймін. Күмп етіп түсемін де, тезірек шығып, жылы киініп кетіп қаламын. Әйтпесе, суық тигізіп алуың мүмкін.

– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button