Білім

Ерекше жоба екі колледжде жүзеге асады

Ерекше жоба екі колледжде жүзеге асады


Өскемендегі ақпарат орталығында облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова журналистерге арнап брифинг өткізіп, осы салада атқарылып жатқан жағымды жаңалықтармен бөлісті. Мемлекет басшысының өткен жылғы халыққа Жолдауындағы білім саласына қатысты берген тапсырмаларының өңірімізде орындалу барасы туралы мәлімдеген басқарма басшысы облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындықтары мен жаңа оқыту жүйесі саналатын үштілділік оқу-бағдарламасына да тоқталып өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, Елбасының 2015 жылғы Жолдауында жоғары сынып оқушыларына, яғни 9-шы сыныптан кейін жалпы орта біліммен қоса арнайы кәсіби-техникалық мамандық алам деушілерді мемлекет қаражатына тегін оқыту мәселесі қамтылған. Бұл көзделген бағыттың тиімділігі, кәмелет жасына жеткен жеткіншектеріміз ендігі жерде орта білімді бір алып, кейіннен арнайы кәсіби білім алуға уақыт өлтірмейді деген сөз. Сонымен қатар арнайы оқып алған кәсіби-техникалық мамандығын дәлелдейтін толыққанды дипломы қоса беріледі, – дейді Айжан Ерханқызы.

Ағымдағы жылдың басынан бастап оқудың осы түрін жүзеге асыру мақсатында аталмыш жобаға қатысты кез келген мәселелерді Білім және ғылым министрлігіндегі мамандармен бірлесе отырып талқылап, бір жүйеге келтіріп министрліктің қарауына өткізіп, олардың толық қолдауына ие болған облыстық Ббілім басқармасы, бүгінгі күні білім және ғылым министрінің бұйрығымен осындай жаңа бағытта оқытуға арнайы сертификат алып, эксперимент ретінде Өскемен политехникалық колледжі мен Шемонайха қаласының гуманитарлық-техникалық колледждерін таңдап алыпты. Бұл оқу орындарының бірі мемлекеттік болса, бірі жекеменшік. Білім саласы мамандарының бұлай таңдау жасаудағы мақсаттары, жаңаша оқыту жобасы қай оқу орнында тиімдірек болатындығын анықтау екен.

– Бұл жобаға облыс тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Оның дәлелі ретінде қазірдің өзінде конкурстық негізде бір орынға үш баладан талас туып жатыр, – дейді А.Садықова. – Өйткені, бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – ай сайын шәкіртақымен қоса арнайы кәсіби мамандық алған түлек, болашақта өзге де жалпы білім беретін мектеп түлектерімен қатар ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орнына түсе алады. Тіпті болмаса осы алған мамандығы бойынша кез келген салада жұмысқа орналасып, қосымша қысқартылған оқу бағдарламасымен білімін жетілдіруге мүмкіндігі зор.
Оқу мерзімі бар болғаны бір жыл, он айға ғана созылатын экспериментті оқуға биыл 150 студент қабылданбақ. Жобаны жасаушы мамандардың айтуынша, егер жоба ойдағыдай жүзеге асып, ел арасында қолдау табатын болса, болашақта ауылды жерлердегі барлық колледждер оқудың осы түріне көшірелетін көрінеді.

Брифингте Шығыс өңірінде мұнай саласының мамандарын әзірлеу барысы, бірыңғай үлгідегі мектеп киімдері, сыныптық қорлардың тиімді-тиімсіздігі, үштілділік және басқа да келелі мәселелер көтерілді. Оларға газетіміздің алдағы сандарының бірінде облыстық білім басқармасы басшысы Айжан Садықовамен жүргізілетін арнайы сұхбатымызда жан-жақты тоқталатын боламыз.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button