Денсаулық сақтау

Емханаларға тіркелу басталды

Емханаларға тіркелу басталды
Қыркүйектің 15-інде елімізде емханаларға тіркелу науқаны басталып кетті. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі науқан 15 қарашада аяқталады. Енді емханаларда бір учаскеге тіркелетін тұрғындардың саны 1700-ден аспауы керек. Бұған дейін бір учаскелік терапевт 2200 адамға дейін қабылдайтын. Сол себепті емхананы таңдауда тұрғындардың ертерек қимылдағаны дұрыс.
Жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту қосымша учаскелер ашуды қажет еткендіктен алдағы уақытта облыс көлемінде қосымша 66 учаске пайдалануға берілуге тиіс. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов мәлім етті.
– Емхананы ерікті таңдау болғанымен, әр медициналық ұйымға қабылдаудың шегі бар екенін ескерген жөн. Қазір емханалар пациенттің санына қарай қаржыландырылады. Ақпарат пен қаражат пациенттің соңынан еріп отырады, сондықтан емдеу мекемесін таңдағанда тіркелуші өзіне барынша тиімді әрі қолайлысын таңдағаны дұрыс. Учаскелік терапевтердің жүктемесі 1700 пациентке дейін кемігендіктен, қосымша учаскелерді ашатын боламыз. Оларда кадр тапшылығы болмайды, – деді Марат Шоранов.
Емханаға тіркелу науқаны қаралып жүрген емдеу ұйымына көңілі толмайтындарға басқа жаққа ауысуға мүмкіндік беру ғана емес. Сонымен қатар бұл шара нарыққа жаңадан қосылған медициналық мекемелердің келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі.
-Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында 131 жеткізуші тіркелген. Оның 61-і – жекеменшік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал 2019 жылы олардың саны тағы да артады деген болжам бар. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып отыр, – деді қордың облыстық филиалының директоры Болат Алиев.
Болат Хайроллаұлының түсіндіруінше, емхананы таңдаған кезде екі принципті ұстанған абзал.
-Ол –отбасылық қызмет көрсету принципі мен емхананың жақын маңда орналасуы. Бірнеше жылдан бері бақылап жүрген дәрігер отбасы мүшелерінің қандай аурулармен ауырғанын және қандай инфекцияларға бейім екенін жақсы біледі, ем-домы да тиімді болады. Таңдау түскен медициналық ұйымның үйге жақын маңда, жаяу жүргенде 15-20 минуттық жерде болғаны қажет кезде үйде жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді,- деді Болат Алиев.
Өткен жылдан бері Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетелдік азаматтарға да емдеу орындарына тіркелу құқы берілген болатын. Денсаулық саласының басшылары елімізде ұзақ уақыт тұрып жатқан барлық азаматтарға медициналық қызметтерді алуға бірдей мүмкіндік туғызудың қажеттілігін баса айтты.
Спикерлердің сөзіне қарағанда, тұрғындардың 90 пайызы бұрынғы емдеу орындарын ауыстырмайды. Таңдауды негізінен жаңадан қоныс аударғандар немесе тұрғылықты жерінде жаңа емдеу мекемесі ашылғандар жасайды. Өткен жылы облыстың 29 мыңнан астам тұрғыны емхана таңдау науқанына ат салысса, биыл үш күннің ішінде үш мың шығысқазақстандық осы құқын пайдаланып үлгеріпті.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтар үш түрлі жолмен, атап айтқанда, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады.
Кейбір өңірлік бұқаралық-ақпарат құралдарында «облыста 16 мың өзін-өзі қамтушы медициналық көмектен бас тартты» деген ақпарат таралды. Алайда, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтты.
-Облыстық әкімдікте өткен жиыннан кейін көптеген журналистер осындай ақпарат таратты. Бұл түсінбеушіліктен болған сияқты, – деп түсіндіруге тырысты сала басшысы. – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен кейін тұтынушылар медициналық көмекті әлеуметтік мәртебесіне қарай алатын болады. Ол үшін өңірдегі мәртебесі әлі анықталмаған әрбір тұрғынмен жеке жұмыс істеуге тура келеді. Осы мақсатта арнайы штабтар құрылған. Бүгінгі таңда 107 мың адам өзін-өзі қамтушымын деп жариялап отыр. Алайда, мемлекеттік ақпараттық базаларда олар жайлы мәліметтер сәйкес келмейді. Біздің бүгінгі міндетіміз – осы адамдардың мәртебесін дәлме-дәл анықтау. Олардың ешқайсысы да медициналық көмектен бас тартып отырған жоқ. Керісінше, медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін олар дәрігерлік көмексіз қалмау үшін қазірден бастап қимылдауымыз керек. Басқарма басшысы тұрғындар өз мәртебесін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан, жұмыспен қамту орталығынан не болмаса 1414 кал-орталығына хабарласу арқылы анықтай алатындарын еске салды.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button