Тылсым дүние

Бәйгеге қосылған қобыз

Күршім, Марқакөл өңірін мекендеген қаракерейлердің Қожамбет руынан тарайтын стабандар арасында ерте заманда Күнтуар бақсы деген қасиетті көріпкел адам өткен. Ол кісінің көріпкелдігі, қасиетті қара қобызы жайында бүгінгі ұрпаққа жеткен көптеген аңыз-әңгімелер бар. Сондай аңыз-хикаялардың ішінде ең әсерлісі һәм таңғажайыбы – Үлкен Нарын мен Катонқарағайды жайлайтын Қаратай елінде ғұмыр кешкен Қамбар төренің құзырымен өткен бір үлкен аста болған оқиға.

Бәйгеге қосылған қобызСол асқа Күршімнен тау асып, қобызын арқалап, Күнтуар бақсы да барған көрінеді. Ол заманда ас беру – ел өміріндегі аса елеулі дәстүр. «Ауыл – алыс, жер – шалғай» дегендей, ондай кездері хабарласа алмай жүрген ағайындар жүздеседі, жақсы-жайсаңдар бас қосып, шежіре толғап, бір жасап қалады екен. Сонымен қатар ат жалын тартып мініп, ел аузына іліне бастаған жас әнші-күйшілер және шешен азаматтар сыннан өтіп, даналардың батасын алса, балуандар белдесіп, күш сынасады, тіпті, мешкейлер де өнерін көрсеткен.

Әйткенмен, солардың ең елеулісі – жұртты дүрліктіріп, соңынан ұзақ әңгімеге айналатын бәсеке аламан бәйге екені анық. Осынау аста бәйгеге қосылатын аттардың қатарында Қамбар төренің әйгілі тұлпары Көкторғай да болған. Сәйгүліктерді аралап, сынап жүрген Күнтуар Көкторғайдың жанына сәл аялдап: «бәйгенің алдын бермес, бірақ та, бұдан менің қобызым озар» деген екен.

Қазақта қобызды бәйгеге қосқан бақсылар туралы аңыз бағзы заманнан бері бар. (Бұл Моңғолия қазақтары арасында 19-ғасырда өмір сүрген атақты қобызшы, бақсы Құсайын деген кісіге қатысты айтылады. Б.Т.). Ескі салт-дәстүрге сай, Күнтуар бақсының қобызын бәйгеге қосуға той иелері де қарсы болмаса керек.

Күнтуар бақсы қобызын ат айдаушыларға беріп жібереді де, «Аттар жөнелтілгенде қобызды биіктеу жерге немесе тастың үстіне қойсаң болды, қалғанын бір Алла біледі» деп тапсырады. Қобыздың қасиеті жайында талай естіген Қамбар төре қайткенде де өз жүйрігі Көкторғайды көмбеден бірінші көру үшін ат айдаушыға «қобызды байлап кет» деген астыртын тапсырма береді. Ат айдаушы Қамбар төренің айтқанын орындап, қобызды бір түп шеңгелге байлап кетеді.

Түстік жерден жіберілген аттар межелі уақытта көмбеге де жақындап, алдыңғы аттардың шаңы қылаң береді. Осы кезде дабырласқан қалың ел көп жүйріктің алдында келе жатқан Көкторғайды танып, шуылдаса бастайды. Бір сұмдықтың болғанын іші сезген Күнтуар бақсы Көкторғай көмбеге жүз қадамдай қалғанда жынын шақырады. Сол уақытта бір түп шеңгелді қопара жұлып алып, ұшып келе жатқан киелі қобыз бәйге аттарының алдына түсіп, көмбеге жетіп құлайды. Сөйтсе, қобыздың шанағына айна орнатылған екен. Қобыз жерге қатты екпінмен түскенде сол айнасының шетіне сызат түседі.

Осы қасиетті қобыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінге дейін жеткен екен. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Әзірлеген – Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button