Білім

Бірлескен жоба білімді нығайтуға жұмыс істейді

 Бірлескен жоба білімді нығайтуға жұмыс істейді

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нақтыланған міндеттерді жүзеге асыруда еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнымен серіктестік орнатудың маңызы зор екендігін атап өтті. ҚазҰУ ректоры өз тарапынан іргелі университеттің ғылым мен білім саласындағы, инновациялық бағыттағы жетістіктеріне тоқталды.

– Біздің университет жұмысы цифрлы Қазақстанды дамытуға және озық технологияларды оқу үрдісіне енгізуге бағытталған. Бұл ретте өңірлермен байланыс орнатудың және дарынды жастарды қолдаудың рөлі жоғары, – деді Ғалымқайыр Мұтанов.

Меморандум аясында өңірдегі мектептердің оқушылары аталған университеттің қашықтан оқытатын «Виртуалды академиясында» оқып, ашық білім берудің ұлттық тұғырнамасындағы онлайн курсқа қол жеткізе алады.

Бірлескен жұмыс сондай-ақ, жоғары оқу орнының базасында облыстың білім беру саласы қызметкерлерін даярлықтан және қайта даярлықтан өткізу, кәсіби біліктілікті көтеру, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар мен көрмелер ұйымдастыру, оқулық авторларының қатысуымен педагогтарға арнап курстар өткізу секілді шараларды қамтиды. Облыс кәсіпорындарына бағытталған университет студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, дипломы бар жас мамандарды жұмысқа орналастыруда жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетін болады.

«Дидар» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button