«Дидардың» қонағы

Болат ӘБДІЛМАНОВ, театр және кино актері: – Өзге рөлім – бір төбе, Абай рөлі – бір төбе

Былайғы жұрт көк жәшіктің арғы жағынан өнерін көріп, тамсанып жүрген белгілі актер Болат Әбділманов бір топ өнер адамдарымен бірге Өскеменге келіп қайтқан болатын. Біздің «Оқырмандарға ойыңызды ақтарсаңыз» деген өтінішімізге Бөкең де бөтен қараған жоқ. Сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Болат ӘБДІЛМАНОВ, театр және кино актері: – Өзге рөлім – бір төбе, Абай рөлі – бір төбе

Театрдағы гүрілдеген дауыспен
кинода ойнау міндет емес

– Сіз қазіргі кезде көзі қарақты жұрттың назарынан берік орын алған «Жаужүрек мың бала» фильмінде Бөгенбай батырдың рөлін сомдапсыз. Алдымен осы кинотуындыға аз-кем тоқталып өтсеңіз.

– Бұл кино айналасы бір жетінің ішінде өзінің табысын бір миллион долларға жеткізді. Бұл – тіл-көзіміз тасқа, қазақ кино тарихында бұрын-соңды болмаған жаңалық дегім келеді. Онда Қанжығалы Бөгенбай батыр бабамызды ойнау менің маңдайыма бұйырды. Жалпы, ол кино халықтың ыстық ықыласына бөленді десем артық көсілгенім емес. Мәмбетәлі Қойгелді бастаған тарихшы, сыншылар да оған өте жоғары баға берді. Егер олардың сөзімен айтсақ, «Жаужүрек мың бала» – «Көшпенділерді» он орап алатын фильм. Бұл киноның тағы бір ерекшелігі: басты рөлдерді ойнауға басқа жақтан «жұлдыз» шақыртып, әуре болған жоқ. Есесіне, еліміздің түкпір-түкпіріндегі небір таланттарды шақырды. Сонымен қатар режиссері де, сценарийін жазған да – өзіміздің қазағымыздың азаматтары. Тіпті, бүкіл техникалық эффектілерінің барлығын тек қазақтар жасады. Сондықтан бұл қазақ деген ұлттың да татымды кино түсіре алатынын танытқан, бүкіл әлем алдында еңсесін тік ұстап тұрып, ұлтымыздың өркениетін жарқыратып көрсете алатын фильм дей аламын. Түсірілімге бір жылдай уақыт кетті. Кинода басты рөлдердің бірін сомдаған актер ретінде оның барысында жоңғар шапқыншылығы заманындағы қазақ жастарының ерте есейгені әрі олардың патриоттық сезімдері кереметтей көркем көрсетілді деп айта аламын.

– Сізді халыққа актер ретінде танытқан Абай рөлі екен. Ұлы тұлға образын сәтті алып шығу сізге қиындық тудырған жоқ па?

– «Әр кәллада – бір қиял» демекші, бұл сірә, кей көрерменімнің пікірі болар. Кім қалай айтса да, Абай рөлі менің театрлық ғұмырымда ерекше орын алады. Өйткені, бұл – Халық Қаһарманы, Орта Азия халықтарының, ТМД елдерінің ішінде ең мықты режиссер болып саналатын Әзірбайжан Мәмбетовтің ең соңғы қойған спектаклі. Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымы алғаш рет осыдан 40 жыл бұрын қойылған. Ол кезде Абай рөлін менің ұстазым, КСРО-ның халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев сомдаған болатын. Ол кісі 40 жылдан кейін осы қойылымға тағы бір оралып, өзінің жетпіс жылдығына орай оны қайта алып шықты. Мен Абайды сомдадым әрі «Үздік актер» аталымын еншіледім. Сондағы ойыныма Әшірбек Сығай, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдімбеков сынды театр сыншылары жоғары баға берген болатын. Сондықтан «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, бір тұрғыдан алғанда ол сөздің де жаны бар болуы мүмкін. «Сегіз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дегендейін, менің осы уақытқа дейін сомдаған рөлдерімнің ішінде Абай рөлі ерекше.

– Соңғы кезде киноға бет бұрғаныңызды жақсы білеміз. Актер үшін театрда рөл сомдау мен кинода ойнаудың айырмашылығы бар ма?

– Оның ешқандай да айырмашылығы жоқ. Екеуіне де ерекше ізденіс пен шеберлік керек. Екеуіне де адамның ішкі жан сезімі керек. Мәселен, театрға келген көрерменнің жүрегіне актердің бүкіл үні, дауысы, қыл аяғы қимыл қозғалысына дейін жетуі керек. Сондықтан актер ол кезеңде артығырақ күш-қуат жұмсап, шеберлігін бар қырынан көрсетуге тырысады. Ал киноның өз тілі бар. Театрдағы гүрілдеген дауыспен кинода ойнау міндет емес. Жалпы, мен театрда жүрген 25 жылдың ішінде он рөл сомдасам, ал киноға ауысқан алты жылдың ішінде 20 киноға түскен екенмін. Яғни, жылына 4-5 фильмге түсіп келемін деген сөз. Өткен жылы қазақ халқының бірлігі мен татулығын бейнелейтін «Жерұйық» атты кинода басты рөлді сомдадым. Ол «Жылдың үздік киносы» атанды. Осы тұста айта кетейін, бұл маған арнайы жазылған рөл болатын. Нәтижесінде мен «Жылдың ең үздік ер адам бейнесі» деген аталымды жеңіп алдым. Дәл осының өзі маған кино саласы да жат емес екенін көрсетсе керек. Өйткені, менің бітірген мамандығым «театр және кино актері» деп аталады.

Өнер адамында
өзіндік мінез болуы керек


– Ата-анаңыз да белгілі актерлер болған екен. Өзіңіз де сол жолмен жүріп келесіз. Әулеттің осы сабақтастығын жалғастыратын балаларыңыз бар ма?

– Бес баланың әкесімін. Бірақ, әзірге олардың ешқайсысы да бұл жолды таңдаған жоқ. Егер таңдай қалса, ақ батамды беремін. Халқымызда «өзің су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөз бар ғой. Әкесі актер болса, баласы оның жолын қууы шарт емес шығар. Өнер – Алланың берген сыйы. Сондықтан ол балаларымда бола ма, немерелерімде бола ма, оны тек Құдай біледі. Десе де үлкен ұлым Иманғали бір-екі киноға түсті. Оның бірі «Аңшы бала» деген кино. Балалар туралы бұл фильм бірінші рет Голливудтың арнайы сыйлығын алды. Бұл – қазақ кино тарихында бұрын болмаған жаңалық еді. Онда Иманғали екінші басты рөлді ойнаған-ды. Ол әлі мектеп жасындағы бала болғандықтан, болашақта қандай жолды талдайтыны белгісіз.

– Өнер адамдары өмірде қалай болуы керек?

– Өнер мен өмір бір-бірімен байланысты. Жалпы, өнерде үлкен биікке жету үшін адам өмірде тұлға болуы керек. «Сен тимесең, мен тимен» деп жүре беретін талғамсыз адамдардан ештеңе шықпайды. Ондай адамдардың өнерге келіп те керегі жоқ. Өнер адамында алдымен өзіндік мінез болуы керек.

– Мысалы…

– Өзім ұстанған қағидаларды айтар болсам, өмірде де, өнерде де адам адамға жақсылық жасауы керек. Өйткені, мен өзім де қазақтың небір ірілерінің жақсылығын көргенмін. Сондықтан соңымнан ерген жас буынға да шамамның келгенінше көмек қолымды созамын. Алматыға алғаш келген жас актерлердің менің үйіме қысылмай келіп, екі-үш ай жатып кетуінің өзі осы сөзімнің дәлелі бола алса керек. Тағы бір айтарым, қазақ азаматтары өз ұлтымыздың салт-дәстүріне берік болса деймін. Тіпті, қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласында келе жатып та, осы бір өңір бабаларымыздың қылышын сүйрете жүріп, біздің жарқын болашағымыз үшін күрескен дала екенін елестетуі керек. Әрі бұл жердің бас иесі тек қазақ екенін, өзі екенін сезінуі керек. Өнер адамдарында көбіне «жұлдыз ауруы» деген дерт болады. Турасын айтайын, бұл – өнерпазды көп нәрседен алшақтатып жіберетін кесел. Айталық, сондай жандарда аяқ астынан паңдық пен тәкаппарлық пайда болады. Бұл негізінен жастарда болатыны өкінішті. Ал мен сияқты Алматыда 16 жыл үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға ондай ауру жоламайды!

– Өнерде орындалмай жүрген арманыңыз бар ма?

– Ондай арман көп, ең негізгілерін атасам, қазақтың рухын көтеретін, ұлтқа қызмет ететін образдарды көбірек сомдағым келеді.

– Шығыс туралы көзқарасыңызды білсек.

– Облыстарыңыздың Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ үлкен жұмыстар атқарып жатқанын естіп, біліп жатамыз. Шығыс – киелі жер әрі желдің өтінде, шекараның белдеуінде тұр. Сондықтан бұл аймақ еліміз үшін ерекше маңызға ие. Шынын айтсақ, соңғы кезде осы жақтың спорт саласындағы, өнер саласындағы қаншама жасының маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып жатыр. Шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген сол жастарға қарап отырып, облыста спортқа, өнерге қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын аңғарып отырасың. Қысқасы, Өскеменде ұлттық рухтың, тіл мен ділдің деңгейі бұдан да биіктей беретініне сенемін.

Сұхбаттасқан –
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button