Саят

Бөлтірік аулауға балаларды да салатын

Аң мен құстың сан түрінің аялы мекені – Алтай тауын мекендеген шығыстықтардың аңшылық дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұра.

Бөлтірік аулауға балаларды да салатынМен бала кезімде Нұрғали, Қауқай, Құлатай деген үш ақсақалдың қасында өстім. Үшеуі де атақты аңшы адамдар еді. Жалпы, кез келген аңшы қасқыр, аю сияқты азулы жыртқыш аңдарды аулай бермейді. Ол үшін жүректілік, табандылық, ептілік керек. Көп жігіттер аң аулауға құмар болғанымен, бойынан жоғарыдағы қасиеттер табылмайды. Аюды көргенде атпақ түгіл, мылтықтарын тастай салып, тұра қашқан жігіттерді де көргенбіз.

Менің «Қызыл бөлтірік» повесін жазған себебім: кітаптағы оқиға желісін өз көзіммен көрдім. Өзім ауладым. 4-ші сыныпта оқып жүрген кезімде Қауқай атам мені Қызылкесік, Шұбарағаш жайлауларының қасқыр ұялайтын жерлеріне бөлтірік аулауға ертіп баратын. Сонда қасқырдың апанының ішіне кіріп, бөлтіріктерді алып шыққан кезім болды. Әрине, қорықтым. Бірақ, осы оқиға мені батылдыққа бастады. Аңшылық өнердің қыр-сырын білуіме жол ашты. Шығармашылығымды дамытты.

Қасқыр апанды тура қазбайды. Түбінде бұрылма болады. Мұны жатақ деп атайды. Бөлтіріктері осы жатақта жатады. Алтай тауында қасқырлардың жатағы жартастың қуысында болады. Оның айналмасына адамның қолы жетпейді. Сондай кезде балаларды кіргізіп, алады. Мен сол жолы осындай жартастың айналмасындағы жатақтан бес бөлтірік алып шықтым. Аталарым төрт бөлтірікті тұмсықтарынан соғып өлтірді. Олар бір-бірден қанжығаларына байланды. Біреуін «қанжығаң майлы болсын» деп менің қанжығама байлады. Қалған бір бөлтірікті өлтірмей, тірсегін қиды да, жатағына қайта апартып тастады. Оның үлкен мәні бар екен. Егер бөлтірігінің бәрін алып кетсе, қасқыр ызамен жақын ауылдардың қорасына шабуылын жиілетіп, малдарын қырып кететін көрінеді. Ал біреуін тірі қалдырған жағдайда оны қорғау үшін басқа жаққа алып кететін көрінеді.

Асқар Алтай,
жазушы

Осы айдарда

Back to top button