Білім

Бағаның орнына – баллдық жүйе

Бағаның орнына - баллдық жүйе


Елімізде 2016-2017 оқу жылында жаңартылған білім мазмұны енгізіліп, бірінші сыныптың оқушылары жаңа бағдарламамен оқығандары белгілі. Биылғы 2017-2018 оқу жылында бұл бағдарламаға 2, 5 және 7 сыныптары қосылады. Өскемен қаласындағы химия- биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен тамыз кеңесінде жаңа білім жүйесінің артықшылықтары мен оған ауысудың тәжірибесі талқыланды. Кеңеске келесі оқу жылында 5 және 7 сыныптарға сабақ беретін облыстың 620 мұғалімі қатысты.

Жиында белгілі болған басты жаңалық – енді оқушыларға әдеттегідей сандық баға қойылмайды. Олардың білімі баллдық жүйе бойынша анықталмақ.

-Орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа стандарттары және пәндердің оқу бағдарламалары құндылықты-бағдарлы және жүйелік-әрекеттік тәсілдемелерді кіріктіру негізінде әзірленді. Құндылықты тәсілдеме тәрбиелеу мен оқыту үдерісін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы негізінде ұлттық біртектілікті қалыптастыруға бағыттайды. Құндылықтарды қалыптастыру пән мазмұны арқылы, сондай-ақ сабақтан тыс жұмысты ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Ал оқытудың жүйелік-әрекеттік тәсілдемесі оқушылардың танымдық әрекетке белсенді қатысуын көздейді. Мұғалімнің міндеті – сабақты оқушылар оқу мәселелерін барынша өз бетімен шешетіндей етіп ұйымдастыру болып табылады, – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Күлфарида Раисова.

Бағдарламаларда білім мазмұнының бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында «шиыршықтылық» қағидасы қолданылған. Аталмыш қағиданың мәні – әрбір тақырып бірте-бірте тереңдетіліп, күрделендіріліп, білім және дағдыларды дамыту ауқымы кеңейтіліп оқытылады екен.

Жаңа мазмұнды енгізумен қатар бүгінгі күні мектептерде әділ бағалаудың өзектілігі мен қажеттілігі туғанын барлық педагогтар түсінеді. Директордың түсіндіруінше, енді балалардың білімі қорытынды бағалау және жиынтық бағалау жүйесімен анықталады. Қорытынды бағалау – бұл күнделікті сынып жұмысы барысындағы бағалау. Оқушыларға бұрынғыдай баға қойылмайды, олардың жұмысындағы артықшылықтар мен кемшіліктер сараланып, ұсыныстар беріледі. Мұғалімнің ұсыныстары оқыту сапасын жақсарту мүмкіндігін береді, оқушының оқуға және бағалауға көзқарасына жағымды әсер етеді.

Жиынтық бағалау – оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді оқудан кейін, сонымен қатар белгілі оқу кезеңі (тоқсан, оқу жылы) аяқталғанда жүргізілетін бағалаудың жинақтаушы түрі.

Тоқсандық баға тоқсан соңындағы барлық жиынтық жұмыстардың нәтижелері бойынша шығарылады. Осылайша, оқушы өз бағасының 50%-ын тоқсан бойы жинайды, ал қалған 50%-ын тоқсандық бақылау жұмысы нәтижесінде жинайды. Бұл жерде тоқсандық бақылау жұмысының қорытынды бағаға ықпалы жоғары екенін айта кеткен жөн. Соның арқасында оқушының тоқсан соңына дейін нәтижесін жақсартуға мүмкіндігі сақталады.

Барлық жиналған ұпайлар бес балдық жүйе бойынша әрбір тоқсанның нәтижелері бойынша тоқсандық бағаға және оқу жылының нәтижелері бойынша жылдық бағаға ауыстырылады.

Мұндай ұстаным бүкіл оқушыларға бірыңғай талаптарды қоюға мүмкіндік береді. Оқушылар мен ата-аналарға белгілі және түсінікті мұндай талаптар қойылатын баға тек мұғалімнің пікіріне ғана тәуелді болатын субъективтілік жағдайларға жол бермейді. Мысалы, мұғалім оқушыны тақтаға шығара ма, оқушы колын көтере ме, көтермей ме, оқушы мұғалімге ұнай ма, жоқ па, баға осы факторларға қарамастан әділ қойылуға тиіс.

Пленарлық мәжілістен кейін барлық пәндер бойынша жаңартылған бағдарламаның ерекшеліктері және критериалды бағалау жүйесі туралы шеберлік сыныптар өткізілді. Шеберлік сыныптың барысында ұстаздар тек теориялық білім алып қоймай, бағдарламадағы нақты тақырыптар бойынша практикалық жұмыстар орындап, бағалау жүйесін жүзеге асыруға қажетті дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік алды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button