Тылсым дүние

Қазығұмар бақсы

Ерте заманда Күршім, Марқакөл өңірлерін мекендеген қаракерейлердің Қожамбет руынан тарайтын стабандар арасында Күнтуар бақсы деген қасиетті көріпкел адам өткен. Ал оның қасиеті қонған немересі Қазығұмар Бәйкенұлы соғыс жылдарында Күршім ауданындағы «Қойтас» колхозында бақташы болған екен. 1961 жылы бақиға аттаныпты.

Қазығұмар бақсыКеңестік дәуірде бақсылыққа тыйым салынғандықтан, ол көбіне жасырын түрде бал ашатын болған. Айтқаны айнымай келеді екен. Әсіресе, майдангерлерден сарғая хабар күткендер Қазекеңе жиі жүгінген көрінеді. Қасиетті адам аман-есен оралатындардың отбасына қуанышты хабарды ашып айтса да, қайғылы хабарды жайып сала бермеген. Көбіне жұбаныш сөздер айтып, үміт отын үздірмей, алдарқатып қана шығарып салатын болыпты. Қазекеңнің арғы аталарынан қонған «Соқыр» атты жыны бар екен.

Қойтастың құрметті азаматының бірі Қорықбас Әшенұлының майданда жараланғанын, кешікпей келетінін Қазығұмардың осы «Соқыр» жыны жеткізіпті. Қорықбастың түсіне Көжекбай деген атасы болып кіріп, «үш айдан соң елге ораласың» депті. Бірақ, атасының бір көзі соқыр боп кірген екен.

Ал бас-аяғы қол созым, кішкентай Қойтастың жұртшылығы Қабдолданың мерзімінен бұрын босанып келгенін естісімен лезде жиналады, арасында бақсы да бар. Ауылда шама-шарқынша той өтеді. Қабдолда ауылдық кеңесте қызметте болғанда Қазығұмар атасынан қолынан келген ұсақ-түйек көмегін аямай, қол ұшын беріп жүрсе керек. Ол осыны алға тартып: «Мені ұмытып кеттіңіз, алыста жүргенде бір сәлем жолдамадыңыз ғой» деп назданса керек. Сонда Қазекең: «Неге? «Соқырым» барып, сенімен жолығып, үш айда қайтасың деп түсіңде аян берді емес пе?» дейді. Сонда Қабдолда: «Түсіме Көжекбай атам кірген» депті. Бақсы: «Ол Көжекбай емес, менің «Соқырым». Саған Көжекеңнің кейпінде, бірақ, бір көзі жоқ болып көрінген» деп түсіндірген екен.

Осы елде Ошақбай деген ұста болған. Бір күні Қазығұмар бақсы сол үйге келеді. Ұста көрігін қыздырып, бір-екі темірді шоқ арасына көміп, балқығанын тосып отырса керек екен. Қазекең кіріп, сәлем береді де, Ошақбайдан насыбай шақшасын сұрайды. Ұста болса, таусылып қалды деп сылтау айтып, бермейді.

Бақсы: «Жарайды, оқасы жоқ, құдай өзі қазір-ақ берер» деп отыра кетеді. Осы мезетте Ошақбай қызған темірді ортадағы үлкен төске салып, ұрғылап, илей бастағанда, бір ұшқын оң жақ етігінің қонышына барып түсіпті. Балтыры күйген ұста отыра қалып, етігін шешкенде, қонышындағы шақшасы жерге түседі. Асықпай шақшаны көтеріп, бір атым насыбайды ерніне салған бақсы: «Ошеке, сұрағанда бермесең де, қолыма өзі түсті. Адам көңілі қалатын бір атым насыбай осы ғой» деп, шығып кеткен екен.

Зейнеткер Бекболат Дәрібаевтың аузынан
жазып алған – Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button