Біле жүріңіз

Азаттықтың аққуы – Жәнделі қыз

Жәнделі (1850-1869) қазақтың батыр қызы, Төртуыл тайпасынан шыққан, 1868-1869 жылдары қызылаяқтардың Сауыр, Зайсан, Маңыраққа баса көктеп кірген шабуылдарына қарсы ер-азаматтарды ұйымдастырып, тойтарыс берген. Зайсан ауданы, Маңырақ тауының Зайсан көліне таяу бір сайы «Жәнделі сайы»  деп аталады.

Сауырда ізі сайрап жатыр

Осы жерде Жәнделі бастаған қазақ жасақтары күні бұрын үлкен-үлкен тастарды таудың екі жағына дайындап, қызылаяқтар әбден сайға кіріп болды-ау дегенде, сайдың кірер-шығар жағынан тас домалатып қамаған. Қызылаяқтар екі жақтан ығысып бірін-бірі таптап, көп шығынға ұшыраған. Сайдан сытылып шығып, қыратқа қашқандарын мерген садақшылар баудай түсірсе, атты жігіттер найзамен түйреп, қылышпен шауып тірі қалдырмаған. Ел басына күн туғанда еліне қорған болған мерген садақшы қыз 19 жасында мерт болған. Ноғайбай ақын Айбаламен айтысында:

«Ел қорғаған елімнің батыр қызы,

Наркескен ақсемсердей өткір жүзді.

Садақшы қыз Жәнделі шебін бұзды,

Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді.

Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды,

Азаттықтың аққуы Жәнделімнің

Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі», – деп жырлаған.

Жәнделі жайында жазбаша деректерді қойып, ауызекі әңгімелердің өзі өте аз, мүлдем жоқ деуге болады. Зайсанның елге танымал қарт мұғалімі Жүсіпхан Сәрсеновтің жеке архивінде (1980 ж үйінде болып, бәйбішесінің рұқсатымен жеке архивін қарағанмын) және шежіреші-саятшы Төлеген Ержановтың айтуында Төртуылдың қызы, атап айтқанда, Жүсіпхан Сәрсеновтің  туысы екен. Қарағанды педагогикалық институтының доценті Сапарғали Сырымбетовпен жазысқан хаттарында Ноғайбай ақын туралы және Жәнделінің шыққан тегі сөз болады. 1983 ж мамыр айында Төлеген Ержанов екеуміз Жәнделінің моласын іздеп Зайсаннан машинамен шығып, Қарабұлақ, Сарши, Жалши, Шіліктіге дейін барып қайтқанбыз. Сөз қадірін біледі-ау деген қариялардың көпшілігінен сұрадық, ешбірі ешнәрсе айта алмады, тек қызылаяқтар жоңғардың бір тайпасы деп пайымдады.

Қазіргі Жәнделінің моласын таптық дегендерге күмәнім бар, егер де мәңгілік жай тапқан жері шын болса, қазба жұмысын жүргізіп, жасын, жынысын дәл анықтауға болар еді.

ҚЫЗЫЛАЯҚТАР ҚЫРҒЫНЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

«Енді қызылаяқтар деген кім, қандай ел?» – десек, аяқтарының балтырын алысқа жүргенде сыздамас үшін қызыл шүберекпен байлап алған жаяу әскерлер екен, олардың офицерлері ғана атқа мінген, себебі ат тапшы болған.

Ресей империясының Қытаймен екі арадағы шекарасын белгілеп, бекітуге көп еңбек сіңірген генерал И.Бабков қызылаяқтар жөнінде: «Олар – негізінен ішкері өлкелерден босқын болып келген, Қытайдың батыс өлкелерінде бопсалау-тонау сияқты қарақшылықпен айналысатын қылмыскер содырлар. Дүнген көтерілісі кезіндегі Қытайдың батыс өңіріндегі аласапыран олардың тонаушылық әрекетін асқындырып жіберген» (Бабков И.Ф. Воспоминание о моей службе в Сибири 1859-1875 гг. Разграничение с Западным Китаем 1869 г в 3 кн. – Спб. типография О.Кришбаума, 1912 кн.1. С.189 ).

Ішкі өлкеден босқын қызылаяқтар жол бойы тонаушылықпен айналысып, 1867 ж жазда Алтайдың Бурылтоғай, Жылыкөл жеріне келіп түседі. Қызылаяқтардың басшылары Жан Го, Жан Сайлар Сауырдағы Ажы төре Көгедай ұлына адам жіберіп, көмек сұрайды. «Біз Цин (Чин) үкіметінің Іле, Тарбағатайдан келе жатқан әскеріміз, Қобдаға қарай кетіп барамыз. Алтай елімен жауласпаймыз. Тек бізге ат, азықпен көмек етсеңдер болады, қазіргі аялдап қалғанымыз ат-азықтың жоқтығы салдары», – дейді.

Ажы төре төрт биімен ақылдасып, Алтай мен Сауыр елінен он мың қой, бір мың кесек киіз, мың ат-өгіз жинап беруге бұйрық береді. Момын елге кезігіп, тегін олжаға батқан қызылаяқтар Алтай-Сауырдан кеткісі келмейді. 1867-1868 ж.ж қазақ елін тонап шабуға кіріседі. (Ж.Сәмитұлы. Қытайдағы қазақтар. –Алматы, 2000 ж.80 б.).

Оңбай алданған қазақтар, әсіресе Сауыр мен Кендірлік елі Далай мерген мен Төргенбай батырдың басқаруында түгелдей атқа қонып, жауға мықтап қарсылық көрсетеді. Бұл кезде қызылаяқтардың бірталайы бас сауғалап, Қобдаға қашуға мәжбүр болады. Олар 1869 ж Зайсан еліне ылаң сала бастайды. Жан аямай ерлік танытқан Жәнделі батырдың өмірі де осы тұста  үзіледі. Қызылаяқ қырғыны туралы И.Бабков «… Қысқартып айтқанда, қорғаныс қарауылында қытай бұзықтарының қырғыздарды (қазақтарды) қуалап, кенеттен қарауылға жетіп келгенде, оларға қарауылдан ескерту берілді… Мініс аттары жоқ, олар 12 км жерде жайылымда болатын. Бірақ казактар асып-сасқан жоқ. Олар біздің елдің қырғыздарының аттарына міне салды да, Зайсан жақта біздің елдің қырғыздарының мал мүлкін тонаушыларға ерлікпен қарсы шабуыл жасады. 500-ден асатын қызылаяқ қашып кетті» (И.Бабков көрсетілген кітап, 190 бет).

Генерал қызылаяқтардың Зайсанға келуін дәлме-дәл 1869 ж деп көрсетеді. Осыған ұқсас тағы да бір эпизодтық әңгіме бойынша, ежелгі Зайсан тұрғыны Пресногорьков (кейде Проскуряков деп те атайды) қызылаяқтардың Зайсанға келгенін көзбе-көз көрген, оқиғаның ішінде жүрген. 1940 ж айтқан әңгімесінде: «… 16 жастағы кезім. Зайсанды басып алуға қызылаяқтар келе жатыр деп малшы қазақтардан хабар алдық деді казак отрядының командирі. Қосарға бір ат алып, шауып отырып Көкпектіге барасың, мына хатты атаманға бересің, – деді. Түс кезі болатын. Хатты алып, бірден Зайсаннан аттандым. Аттарды ауыстырып мініп, қас қарая Көкпектіге жеттім. Бір сағаттың ішінде атқа қонған 200 казак таң атар-атпастан Зайсанға жетті, ол кезде Зайсанда небары 50 казак болатын. 250 аттылы казак қазіргі  Заречьенің жоғарғы жағындағы Стрельбищенің (Зайсан қаласындағы Заречье жағындағы әскерлердің жаттығу алаңы) үстіне келгенде команда бойынша аттылы жасақ қатарға (конный стройға) тұрды. Тау жақта бірнеше жүз жергілікті қазақтардың атты әскері тұрды. Команда бойынша, казактар бірінші болып 250 мылтықтан  бір мезетте (залппен) дүрс еткізіп оқ атты. Қылыш, қалқан, садақпен қаруланған қызылаяқтар мылтық дауысынан қорыққандары сонша, құлақтарын басып тұрып қалды. Осы мезетті пайдаланып, казактар мен қазақтар қызылаяқтарды қылышпен шаба бастады. Адамның қаны өзен болып аққанын көрдім, бұл мәңгі есімде қалыпты. (Зайсан тұрғындары А.Қожамсейітов, М.Юзефович, Пресногорьков өз аузынан жазып алған). Уланған садақ оқтарынан казактардан алты адам шығын болған. 1960 ж дейін молалары Стрельбищенің биігінде тұрды», – дейді. М.Юзефович: «Алты жауынгердің бейітін Зайсан шекара әскерлері қамқорлыққа алу керек, – деп мен 1960-1970 ж дейін айтып келдім, бірақ құлақ асқан ешкім болмады», – деп қынжылып еді Михаил Юзефович 1983 жылғы әңгімесінде.

САЯБАҚҚА САДАҚШЫ ҚЫЗДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ

Жәнделінің тағдыры алты атты казактың тағдырындай болмауы керек. Жәнделінің мәселесін мен 1976 ж бері көтеріп келе жатырмын. Аудан басшылары К.Укин, З.Құнияров, Т.Түсіпов, Мұхтарханов, С.Зайнулдин, С.Оңдақанов, Т.Қасымжанов, бәріне құлаққағыс қылдым. С.Зайнулдин іске кірісіп те кетіп еді, Жәнделіге арнап аллея жасатып, алдына мүсінші Ж.Берстенов жасаған «Азаттықтың аққуы» ескерткішін қоюға келіскенбіз. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты іс аяқсыз қалды. 1985 ж өзім Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) құю цехында көлемі 70х80 см-ден қазақ, орыс тілдерінде Жәнделіге арнап дюралюминийден ескерткіш тақта жасатқанмын. Тақталар қазір Жәнделі сайында тұр. Бірақ мен онда қате жіберіппін. Жәнделіні Қарабұлақ, Шілікті ақсақалдарының сөзін негізге алып, жоңғарға қарсы ұлт-азаттық соғысының батыры деп жаздырған едім. Кейінірек зерттей келе бірнеше мақала жаздым, кітаптарыма кіргіздім, қатемді түзедім.  Жәнделі есімі қазақтың батыр қыздарының қатарына енді. Ұлттық энциклопедияда аты бар, биыл тарих энциклопедиясына жазылды.

А.Тоқтабай,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Осы айдарда

Back to top button