«Дидардың» қонағы

Азамат ЖЫЛТЫРКӨЗОВ, опера әншісі: – Опера – ежелден қазақ баласына жат өнер емес

Бар-жоғы 26 жаста болғанына қарамастан әлемнің 13 елінде өнер көрсетіп үлгерген, аса дарынды классик әнші, Абайды сомдаған ең жас операшы, Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі Азамат Жылтыркөзовпен Өскеменге келген сапарында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Азамат ЖЫЛТЫРКӨЗОВ, опера әншісі: – Опера – ежелден қазақ баласына жат өнер емес– Азамат, бір сөзіңізде «Шығыс жұрты маған бөтен емес» дегенді айтып қалдыңыз. Соның мәнін аша кетсеңіз.

– Алты жасыма дейін Үржар ауданының шұрайлы Шұбартауында, нағашы атамның тәрбиесінде өстім. Бұл Шығысты менің нағашы жұртым десе де болады. «Үйдің жақсы болуы – ағашынан, баланың жақсы болуы – нағашыдан» демекші, негізгі тәрбиені нағашы ата-әжемнен алғаным өнерге бет бұруыма бірден-бір себеп болды ма деп ойлаймын.

Эстрадалық әншілерге қарағанда
бізге сұраныс төмен


– Өнер жолы оңай жол емес екені бесенеден белгілі. Соның ішінде сіз аяқ басқан сүрлеудің жөні мүлде бөлек. Жалпы, ән өнерінің ішінен не себепті классикалық жанрды таңдадыңыз?

– Менің анам да бір кісідей ән айтады. Сол кісінің ықпалы болды-ау деп ойлаймын. Ес біліп, етек жиғаннан кейін Талдықорғандағы музыка мектебіне түстім. Ал 2001 жылы Астанадағы қазақ ұлттық музыка академиясының колледжіне түсіп, кейін 2005 жылы академияның өзінен жоғары білім алдым.

– Опера әншілерінің негізгі тірлігі театрда екенін білеміз. Басқа қандай қосымша табыстарыңыз бар? Бүгінгі операшылардың күнкөріс деңгейін басқа елдермен салыстыруға келе ме?

– Жеке өзім театрдан бөлек, академияда вокалдан сабақ беремін, филармония әншісімін. Халықаралық жиындарда, түрлі мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін мерекелік шараларда ән айтамыз. Екібастан, оның бәрі ақылы. Әрине, Батыс Еуропада операға деген ілтипат мүлде бөлек қой. Олардың операшылары мен біздің жағдайды салыстыруға келмейді. Бірақ ресейліктер Қазақстанда операға деген қамқорлықтың жолға қойылғанын мойындап, қызығушылық білдіріп жатады.

– Ғаламторда сіз 5-6 әнге кем дегенде 1500 АҚШ долларын алады деген ақпарат жүр. Осы тұста қойылар сұрақ: сіздің әндеріңізге қалталы азаматтардан тапсырыстар болып тұра ма?

(Әнші күліп алды). Жалпы, «осынша әнге мынанша ақша» деген баға жоқ. Одан кейін табыс үшін көрінген мейрамханада өтетін той біткеннің бәріне жүгіре бермейтінімді айта кеткім келеді. Біз ел арасында секеңдеп жүре бермейміз. Ондай қылық операның табиғатына жат. Ал ғаламтор деген ғажап өсекші солай деп жазса, алғанымыз бар болғаны ғой. Жел соқпаса, қамыс басы қозғалмайтыны сияқты, сондай оқиға болмаса, аспаннан алып жазбаған шығар.

– Қомақты ұсыныстар қаншалықты жиі түсіп тұрады?

– Әрине, эстрадалық әншілерге қарағанда бізге сұраныс төмен. Олардың жарнамасы мықты ғой. Өткенде «Хабар» арнасының «Сонымен, солай дейік» бағдарламасында «Сіз эстрада әншілерін көре алмайсыз» дегендей пікірлер айтылды. Олай емес. Менің Алмас Кішкенбаев сынды жақын араласатын достарым – классикалық білім алып, артынан эстрадаға ауысқандар.

Мәселен, мемлекеттік үлкен шараларда, Елбасының алдында өнер көрсеткен әртістерге төлемақы төленетіні туралы ұйғарым шығарылған. Бұны таза «мемлекеттік тапсырыс» деп атаса да болады. Мұның өз ішінде қойылатын шарттары бар. Еңбек сіңірген қайраткерлерге, халықаралық конкурстардың лауреаттарына, ешқандай атағы жоқтарға деп, 150 мың теңгеден 3 мың АҚШ долларына дейін төленеді. Мен сол бағанның ортасындамын.

Шетелге шығу шығармашылықты шыңдайды


– Шетелдік әріптестеріңізбен байланысыңыз қалай? Тәжірибе алмасып, гастрольдік сапарларға шығып тұратын шығарсыз?

– Ең алғаш рет екінші курс студенті болып жүргенімде АҚШ-қа сапарлап қайттық. Бұл да бір естен кетпес оқиға. Өзгелер көршілес елдерден бастаушы еді мен бірден мұхиттың ар жағынан бірақ шыққаным бар. Қазір Австрияда тұратын, «екінші Шаляпин» атанған Евгений Нестеренкодан дәріс алудамын. Ресейлік Анна Томовамен де тығыз байланыс жасаймын. Әрине, бұлар – жасы келген музыканттар. Сондықтан да олардан үйренерім әсте көп.

– Бізде де операның жілігін шағып, майын ішкен серкелеріміз бар ғой, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы сынды. Сол кісілерден неге сабақ алмасқа? Әлде, Нестеренконың деңгейі жоғары ма?

– Деңгей дегенде, Нестеренко мен Серкебаев бір кезеңдерде ән салған. Ермек ағамыз ол кісіден 10 жас үлкен. Ал Әлібек Мұсаұлы тенор ғой. Әрине, өмір алда. Өзіміздің ағалардан сабақ алатын кез келеді. Ал қазір, мүмкіндік туып тұрғанда қолымыз жете бермейтін мамандардың тәлімін алып қалсақ деген талпыныс қой біздікі.

– Жаңағы аты аталған ағаларымыздың операға кейіннен келген жастардың әнді бұзып айтатыны жайында сын-пікірлері жиі айтылып жүр. Олар «Солармен жағаласқымыз келмегендіктен, көп шыға бермейміз» дегенге саятын ойлар да айтатыны бар. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Әркімнің өз ойы бар ғой. Сосын мен мынандай нәрсені түсінбеймін: әр нәрсенің өз уақыты болады емес пе? Мысалы, мен де алпыстан асып, сексенге келгенше селкілдеп, ән айтып жүрмеймін. Денсаулығымыз, мүмкіндігіміз қаншаға жететіні бір құдайға ғана аян. Мен дауысым дірілдеп тұрса, не деп ән айтпақпын?

– Операны көпшілік түсіне бермейтіні рас. Ол белгілі бір ортаның ғана өнері іспеттес. Жалпы, операны түсіну үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Опера дегеніміз, музыкамен жазылған драма ғой. Опера бізге батыстан келген деп ойлау дұрыс емес. Осы жерде халық әртісі Ғафиз Есімовтің жазғаны есіме түсіп отыр. Ол кісі қазақ даласында ежелден операның сарыны болғанын, дәстүрлі ән өнері мен айтыс операға өте жақын екенін айтқан. Шынымен опера бізде де болған. Сондықтан ол – қазаққа жат өнер емес. Немесе Абайдың әндерін алайық, кез келген опералық шығармадан артық болмаса, кем емес. Сондықтан «қазаққа опера жат» деген пікірлермен келіспеймін.

Менің идеалым –
Елбасы мен Тоқаев


– Саяси қайраткерлердің ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Қасымжомарт Тоқаевты идеал тұтады екенсіз. Таңдауыңыз неге осы адамдарға түсті?

– Шетелге шыққанда көріп жүрміз, Қазақстан десеңіз, алдымен біздің Елбасымызды атайды. Әрине, экономикамыздың, өнеріміздің, мәдениетіміздің осындай деңгейге жеткені біріншіден, сол кісінің арқасы. Маған Ресейдегі достарым да «Сендердің театрларың қандай, жақсы төлемақы аласыңдар. Жақсы елде тұрып жатырсың, Астаналарың қандай!» деп қызғанышпен қарайды. Қасымжомарт Кемелұлын қатты сыйлаймын. Оның туған күнінде болғанымыз бар. Әртістерді шақырған кезде сондай кішіпейіл. Өте дипломат және өнерді қатты бағалайтын адам ғой. Мен оны «өзіміздің жетісулық» деп, мақтан тұтам.

– «1937 жылы ерте солған гүлдер» атты әніңізге бейнебаян түсіріліпті. Біз оны көгілдір экраннан қашан көре аламыз? Бұл классикалық бағыттағы ән бе?

– Бұл әннің сөзін жазған Жарасбай Нұрқан оны 1937 жылы репрессияға ұшыраған Алаш ардақтыларына арнаған екен. Әні – Ерсайын Нарымбаевтікі. Идея авторларының таңдауы маған түскен екен, «классикалық бағыттағы ән болмаса да, Алаш тарихына қосқан үлесім болсын» деп, орындауға келісім бердім. Клипті Астана маңындағы атышулы АЛЖИР-де түсіріпті. Шынымды айтсам, әлі өзім де көрген жоқпын.

– Сайлау алдындағы бір мақалаңызда «Бибігүл апамыз бен Ескендір ағамыз – өнер сахнасынан саясат тұғырына самғай білген жандар» деп айтқаныңызды оқыдық. Өзіңіздің саясатпен айналыссам деген жоспарыңыз бар ма?

– Төлеген Мұхаметжанов ағаларымыз сияқты Қазақстанның мәдениетін көркейтіп, өзгелерге таныту үшін араласар едім. Жаңағы өзіңіз айтқан жандар бір емес, бірнеше мәрте депутат атанған.

– Сіз Абайдың рөлін сомдаған ең жас опера әншісісіз. Е.Серкебаев ол рөлде 27 жасында ойнаса, сіз 23 жасыңызда сахналапсыз. Сол 23-тегі кезіңізде ойнаған Абай мен бүгінгі Абайыңыздың арасындағы айырмашылық жер мен көктей деп айтар ма едіңіз?

– Әрине, мен ол кезде студент едім. Әр сахнаға шыққан сайын шеберлік шыңдалатыны белгілі. Сондықтан айырмашылық бар деп ойлаймын. Ең бастысы, өз басым операда Абай рөлін сомдаған ең жас қазақ ретінде тарихта қалғаныма мақтанамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан –
Есімжан Нақтыбайұлы

Керек дерек

Азамат Қайратұлы ЖЫЛТЫРКӨЗОВ 1986 жылы 29-маусымда Талдықорған қаласында туған.

2006 жылдан Астана қаласы мемлекеттік филармониясының, 2007 жылдан бері К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі. Ресей, Белоруссия, Қытай, Жапония, Польша, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Йордания, Швейцария, Австрия, АҚШ, Моңғолия мемлекеттерінде гастрольдік сапарларда болған.

«Шабыт» IX халықаралық байқауындағы, «Жас дарындар» XXIII халықаралық байқауындағы 1-ші сыйлықтардың (Сан-Бартоломео, 2008), Н.Сәбитов атындағы VII халықаралық орындаушылар байқауындағы 2-ші сыйлықтың (Уфа, 2008), Мирьям Хелин атындағы VI халықаралық вокалшылар байқауындағы 4-ші сыйлықтың (Хельсинки, 2009), Бибігүл Төлегенованың IV Халықаралық вокалшылар байқауындағы бас жүлденің және Н.Тілендиев атындағы I Халықаралық байқауындағы бас жүлденің, басқа да көптеген сыйлықтардың иегері.

Осы айдарда

Back to top button