Саят

Қазақ төбетінің қасиеті бөлек

«Шіркін, бүгінгінің әншісі әнші ме, нағыз әнші деп Біржан сал, Ақан сері сияқты сал-серілерді айту қажет шығар. Олар әншілік, саятшылық атты қос өнерді қатар алып жүрген ғой.

Қазақ төбетінің қасиеті бөлекБүгін заман басқа болғанмен, мен де солардай болғым келеді. Бір ауық сейіл құруды ұнатамын. Ол маған шығармашылық шабыт сыйлайды. Әсіресе, ит дегенде ішкен асымды жерге қоямын.

Мен өз ауылымдағы шаруашылығымда 5-6 төбет, 7-8 тазы ұстаймын. Көбін Жамбыл, Алматы өңірінен жинағанмын. Кезінде бүркіт салатын, ит жүгіртетін саятшы Есет Имантаев деген ағамыз болған. Сол кісіден Аюбас деген итінің бірнеше қүшігін алған едім. Олар – нағыз қазақы төбеттер.

Кешегі көшпелі халқымызда қорадағы малын іштегі ұрыға, сырттағы бөріге алдырмайтын жеті қазынаның бірі ит атты хайуан болған ғой. «Ит иесіне тартады» дегендей, келген мейман төрдегі үй иесінің қандай адам екенін есіктегі итіне қарап-ақ білген. Қазақ төбет, дүрегей сияқты тұқымдарды малын қорғау үшін асыраса, құмай тазыны аңға салған. Мен екеуінің де қызығын көріп жүрмін.

Тек тазылар ғана емес, қазақтың төбеттерінің өзі қасқыр алатын. Өкінішке қарай, қазір төбеттің өзі жоғалды. Көбіміз төбет деген тұқымды тани да бермейміз. Түркіменнің алабайымен шатастырамыз. Заңды орындардың өзі төбет деген тұқымды тіркемейді. Халықаралық кинология қауымдастығы мойындамайды. Арнайы сертификат бермейді. Құжатына «алабай» немесе «среднеазиатский овчарка» деп тіркейді.

Төбет – өте қасиетті ит. Егер малшы ауылға барсаңыз көресіз: төбет ешқашан босағада жатпайды. Босағада жататын иттің пиғылы – тамақ тілеу, құлқынның құлы болу. Ал нағыз қазақы маң төбеттің арман-ниеті – қораны күзету. Ол әдетте босағада жатпай, қораны айналып жүреді. Сенсеңіз, менің төбеттерім түнде тысқа шықсаңыз, бір шақырым жерде қораны айналып жүреді. Қасиеті осында. Сосын балаға тиіспейді. Қораға бөтен адам келсе, иесіне дыбыс беріп, үргені болмаса, адамды бас салып қаппайды, иесі келгенше кеудесінен итеріп, алдын орап тұрады. Басқа иттер болса, талап жеп қояр еді.

Ал тазының қасиеті тіптен бөлек. Тазыны қазақ ит деп есептемеген. Үйде де бағады. Тіпті, аңкөс қазақ халқы тазының сүйкенуінен адамның дәреті бұзылмайды деп есептеген. Ал аң ұстауға келгенде ол адамнан да ақылды.

Осы бір асыл қазынамызды өсіруге бәріміз атсалыссақ, нағыз қазақтың маң төбеттері мен құмай тазы тұқымын көбейтсек, ұлттық мақтанышымыз, брендіміз болар еді». Бұл – халқымыздың асыл қазынасы, төл иттеріміздің құрып кетпеуіне мұрындық болып жүрген әнші Тоқтар Серіковтың ойы.

Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button