Денсаулық сақтау

Ай сайын алпыс сәби дүниеге келеді

Ай сайын алпыс сәби дүниеге келеді


Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жексенбай Тілеуберлинді бұрыннан танимыз. Жоғары санатты хирург, 1977 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген соң, Аягөз, Шұбартау, Жаңа Семей қалаларында қатардағы дәрігерден басшылық қызметке дейін өскен, Катонқарағай, Зайсан аудандарында аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарған азамат 2013 жылдан бері Үржар аудандық ауруханасына жетекшілік етуде.

Жекең бізді жылы қарсы алды. Төрт қабатты аурухананың іші-сырты күрделі жөндеуден өткен, айнадай жарқырайды. Аурухананың ішкі жағындағы кең алаңды көрсетіп, келер жылы осы жерден «Ана мен бала» саябағын ашамыз дегенде, бас дәрігердің шаруашылық жұмыстарына көңіл бөлетінін аңғардық.

– Мына тұрған «Ардагерлер» бөлмесі аудан әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасы бойынша жасалды. Ішіне күрделі жөндеу жасап, теледидар, қажетті жабдықтарды орналастырдық. Ауданның өркендеуіне ерекше үлес қосқан қариялар осында орналасып, қажетті ем-домын алады, барлығы тегін. Мына тұрған перзентханаға жаңа қуатты құрал-жабдықтарды орнаттық. Бізде перзентхана, терапия, жансақтау, балалар, гинекология, хирургия, жұқпалы аурулар бөлімі қызмет көрсетеді. Аудандық ауруханада 100 дәрігер, 331 орта буын қызметкерлері бар. Барлығы 629 адам қызмет етеді. Мекемеге қарасты 39 емдеу-сауықтыру орындары, 16 медициналық пункт, 6 фельдшерлік-акушерлік, 15 дәрігерлік-амбулатория, Таскескендегі және орталық аурухана, Мақаншыдағы ауданаралық орталық аурухана өңірдің 80 мыңнан астам адамына медициналық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайын да халыққа түсіндіріп отырамыз, – деп бас дәрігер біраз мағлұмат берді.

Аурухананы аралап шыққанда, тазалыққа ерекше көңіл бөлінетінін аңғардық. Сырқат жандар жататын палата тап-таза. Кең әрі жарық палаталарда 2-3, 4-5 кісі ғана жатады. Дәлізде демалыс бұрышы, теледидар орналасқан.

Бас дәрігер Жексенбай Тілеуберлиннің айтуынша, соңғы екі-үш жылда «Парыз» қоры бойынша 148 миллион, облыстық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы бөлініп, ол заманауи аппараттар сатып алуға жұмсалған көрінеді. Ал ол қандай қондырғылар дегенге келсек, тек Астана мен Үржарда ғана бар іш құрылысы (видеогастро) және короноскопия аппараттары. Жансақтау бөліміндегі наркоз беретін қондырғы Оңтүстік Кореяның әкелініпті. Оның бағасы – 12,5 миллион теңге. Рентген аппаратына 6 миллион, жаңа айтылған қос жабдыққа 11,5 миллион теңге жұмсалған көрінеді. Оның сыртында екіқабат әйелдерді, асқазан, басқа да сырқаттарды тексеретін УЗИ қондырғыларына қыруар қаржы жұмсалған.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел азаматтарының денсаулығы, сергек те салауатты өмір сүруі жайында ерекше айтылған. Аурухана қызметкерлері мақала жарияланысымен оны қызу талқылады, ойларын ортаға салды. Бұл жиында ауданда жаңа туылған сәбилердің соңғы жылдары көбейгені сөз болды. Бізде ай сайын 55-60 сәби дүниеге келеді, бір жылда 730 бала туылды. Биыл жыл басынан бері 568 сәби дүниеге келді. Сәбилердің шетінеуі күрт азайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Оның үстіне аурухананы жөндеуге, қазандық орнатуға, қалдық заттарды тазартатын қондырғыға 270 миллион теңге жұмсалды. Бұл адамдарға жасалған жақсылық. Облыс және аудан әкімдері қамқорлық жасап келеді, – дейді бас дәрігер Ж.Тілеуберлин.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша соңғы төрт жылда ғана 38 дәрігер Үржар ауруханасына қызметке орналасқан. Аудан әкімінің гранты бойынша 21 бала Семей медициналық университетіне оқуға түсіпті. Биыл 10 жас маман туған ауылына келіп, қызметке орналасты. Жолдамамен келгендерге 158 мың теңге көтермеақы, пәтер беріледі. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген Қымбат Мұсаева қазір бөлімше меңгерушісі болса, Алматыдағы Аспандияров атындағы медициналық университетті бітіріп келген Марсель Алиев терапевт болып қызмет етуде. Олар өздеріне барлық жағдайды жасаған аурухана басшысына разы.

Ауруханада қызмет ететін бас дәрігердің орынбасарлары Темеш Шақаров, Бейбіт Ғабдуллин, диагностикалық емхананың бас дәрігері Ерлан Қаржыбаев, 30 жылдан астам сырқаттарға күрделі операция жасап, жүздеген адамды аман алып қалған хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Шенемесов өздерінің бай тәжірибелерін кейінгі толқын жастарға үйретіп жүр. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Жексенбай Бәуенұлы ұжымда темірдей тәртіп орнатқан, өзіне қарасты қызметкерлерден іскерлік пен жауапкершілікті талап етеді. Тәртіп пен жауапкершілік бар жерде жетістік те бар.

Оңдасын Елубай
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button