Аймақтар аухалы

Ауылды түлетудің алғашқы қадамы жасалды

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Тарбағатай ауданының шекаралық белдеуге таяу жатқан ауылдарының бірі Сарыөлең елді мекені. Екі жүзге жуық тұрғыны бар таулы мекен мал шаруашылығына қолайлы. 

Десе де тіршілігі түзу ауылдың өзіндік мәселесі де жоқ емес болатын. Солардың қатарында тұрғындарының бас ауырып, балтыры сыздаса жүгінетін медициналық пункттің кетеуі кетіп, көзге қораш көрінген жағдайы еді. Бұл олқылықтар көпке созылмай шешімін тапты.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық пунктке күрделі жөндеу жасалғаннан кейін жарқырап шыға келді. Іші-сырты санитарлық талаптарға сай келетін заманауи материалдармен жөнделген тамаша ғимаратқа айналды. Ауыл халқының игілігіне жұмыс істейтін мекеменің ашылу рәсімінде жергілікті халық Жаңаауыл дәрігерлік амбулаториясының және Сарыөлең медициналық пунктінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.

«Адамның басты байлығы – денсаулық. Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Мәселен, Тарбағатай ауданының ауруханасы стратегиялық мекеме, оған жеті ауылдық дәрігерлік амбулатория және 19 медициналық пункт  қарағандықтан, олардың кез келген  жағдайға дайын болатындай материалдық базасы да толық болуы керек. Індет кезінде дәрі-дәрмектен бөлек әртүрлі шаруашылық, әлеуметтік керекті заттарды халық болып, жоқтан бар жасап беріп жатты, қысылтаяң кезең болды.

Былтырдан бастап аурухананың жетіспеген керекті материалдық базасы толықтырылуда. Бүгінде  облыстық қоймалардан сұраныс жасалып, керекті  заттар жеткізілген. Бұлардың бәрі халық денсаулығын жақсартуға қолданылатын болады. Жеткізілген заттардың арасында тек аурухананың медициналық қызметкерлеріне ғана емес, науқастарға қажетті киімдер, тұрмыстық, шаруашылық бұйымдарда бар.

– Ауданда алдағы уақытта жаңа жабдықпен жарақталған, білікті медицина қызметкерінен жасақталған тоғыз жаңа медициналық пункт және дәрігерлік емхана салынатын болады. Алдағы үш жыл ауылды түлету жылы болмақ. Медициналық қызметкерлер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында баяндалған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын жоғары бағалап, жылы қабылдады, – дейді Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков.

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button