Денсаулық сақтау

Ауылдарда дәріхана ашудың жолы бар ма?

Ауылдарда дәріхана ашудың жолы бар ма?


Қалалы жерлерде аяғыңды аттап бассаң – дәріхана. Менің үйімнің жанында бір-біріне іркес-тіркес бес бірдей дәріхана орналасқан. Үйді айналсаң, көшенің екінші жағында тағы соншасы тұр. Дәрі-дәрмектің бағасы удай қымбат болғанына қарамастан, тұтынушылардың аяғы саябырлар емес. Соған қарап, бүгінгі таңдағы ең тиімді бизнес – дәріхана ашу ма деп ойлайсың. Бірақ ауылдарда жағдай мүлде басқа. Тұрғындар медикаменттердің жетіспеушілігі мен дәріхананың жоқтығына, мамандардың тапшылығына үнемі шағымданады. Біз осы мақаламызда ауылды жерлерде дәріхананы қалай ашуға болады, фармацевт, провизор мамандарды кім даярлайды деген сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Фармацевтер жұмыссыз қалмайды

Жуықта жұмыс бабымен Тарбағатай, Зайсан аудандарында болғанымызда, осы проблемалардың ең өзекті екеніне көзіміз жетті. Мысалы, Тарбағатай ауданындағы Тәуке ауылын алсақ. Біз барған кезде дәріхананы қойып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін медбике де болмады.

Тәуке ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Мұқатов ауылда дәріхана ашу үшін жер де бөлініп қойғанын, бизнес-бастау бағдарламасымен кәсіпкерлікті меңгеріп алу туралы хабарландыру да жасалғанын айтқан еді сол жолы. Алайда, тәукеліктер арасынан белсенділер шықпаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өңірде 2016 жылы барлығы 148 фармацевт оқып шықты. Олардың 82-сі Өскемен медициналық колледжінің түлегі болса, қалған 66-сы Семей қаласының Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік колледжін тәмамдапты. Өскемен медициналық колледжі жыл сайын күндізгі және кешкі бөлімдерде екі топты даярлап шығарады. 2016 жылы колледжді тәмамдаған 82 маманның барлығы жұмыспен қамтылған.

-Біздің түлектеріміз жұмысқа жүз пайыз орналасады. Әзірге сырттай оқытатын бөлім мен қашықтықтан оқытуға қолымыз жеткен жоқ. Оған дәл қазір дайын емеспіз. Құрал-жабдықтар, оқытушылар, арнайы бағдарламалар керек. Сонымен қатар әзірге қазақша да оқыта алмаймыз, өйткені мемлекеттік тілде дәріс беретін мамандарымыз жоқ, – дейді колледждің директоры Адлет Ахмадиев

Басты тұлға – провизор

Көпшілігіміз дәріханаларда фармацевтер істегеннен кейін, қожайыны да солар деп жаңсақ ойлаймыз. Директордың түсіндіруінше, дәріхананы ашуға лицензия алу үшін міндетті түрде провизордың дипломы керек. Ал провизор дегеніміз – жоғары білімді маман, оларды Қазақстанда тек Шымкент қаласындағы фармакадемияда оқытады. Алайда, Денсаулық сақтау министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы №27 бұйрығында дәріханалары жоқ алыстағы ауылдарға қызмет көрсететін жылжымалы дәріхана дүңгіршектерінде орта медициналық білімі бар медбикелер арнайы аттестациядан өткеннен кейін барып, жұмыс істей алатыны көрсетілген. Ол үшін олар фармация саласы бойынша біліктілікті арттыру курстарын бітірулері керек. Мұндай курс өзіміздің Өскемен медициналық колледжінде де бар екен.

– Біз арнайы орта білім беретін мекеме болғандықтан, фармацевтерді оқытамыз. Соған қоса фармация саласы бойынша біліктілікті арттырудың 54 сағаттық ақылы курсы бар. Курста оқығысы келетіндер алдымен бізге келіп, өтініш жазады. Содан кейін топқа адам жиналғанша тосамыз. Бір-екі кісі үшін сабақ жүргізілмейді. Бір апталық курстың бағасы 13-15 мың теңге мөлшерінде. Бірақ курсты бітірген маманның дәріхананы аша алатынын немесе аша алмайтынын фармация департаменті шешеді, – деп ескертті Адлет Амангелдіұлы.

Аталмыш курсты өткен жылы 37 маман, биылғы қыркүйек айында тағы 20 маман бітіріп шығыпты. Бірақ бұл осы мамандардың барлығы ауылдарға кетті деген сөз емес. Басым бөлігі білімдерін толықтыруды көздеген, қалалық жерлерде дәріханада істеп жүргендер екен.

Лицензияны кім береді?

-Ауылдарда дәріхана ашу үшін дәрі-дәрмекті бөлшек саудалауға рұқсат етіледі деген курсты тәмамдау жеткіліксіз. Олар бір аптада провизор болып кете алмайды ғой, – деген түсініктеме берді облыстық фармация департаменті басшысының міндетін атқарушы Ұлжан Сәрсембаева. – Жоғарыдағы біліктілігін арттыру курсын оқып шыққандар дәріханалық дүңгіршектерде не дәріханаларда медикаменттерді босатуға ғана құзырлы. Бірақ ол кісі дәріханалық қызметпен айналасуға лицензиясы бар басқа заңды тұлғаның ауылдағы филиалы ретінде аша алады. Не болмаса, шалғай елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары арқылы дәріханалық дүңгіршек ашуына болады. Көбінде орталықта жұмыс істейтін дәріханалардың шалғайдағы қосымшасы ретінде жұмыс істей береді.

Ұлжан Казезқызының айтуынша, фармацевттік білімі, үш жылдан кем емес өтілі бар медициналық қызметкер де жеке дәріханасын аша алады. Қазір дәріхана ашам деушілерге аттестациядан өтіп керегі жоқ дейді. Жеке кәсіп ашқысы келетіні туралы құжаттар облыстық денсаулық сақтау басқармасының порталына түседі. Басқарма алдымен санитарлық-эпидемиологиялық қызметке хат жолдайды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары дәріхана үшін алған ғимараттың не бөлменің дәрілік препараттарды сақтауға қолайлылығын, жабдықталуын, жалпы санитарлық ережелер талаптарына сай келетін-келмейтінін мұқият тексеріп барып қорытынды шығарады. Бәрі дұрыс болса, денсаулық сақтау басқармасы дәріхана ашуға лицензия береді.

Кешкі бөлімде жасамыс студенттер де оқиды

Жасы зейнеткерлікке жақындаған тұрғындардың арасында фармация мамандығына қызығушылық танытып жатқандар аз емес. Өткен жылы Өскемен медициналық колледжінде фармация мамандығын кешкі бөлімде 57-58 жастағы бір адам меңгеріп алса, биыл да 54 жастан асқан студент болыпты.

Колледжде фармацевтерді екі жыл он ай оқытады. Бұл мамандық тек ақылы беріледі, өйткені оларды қажетсінетін дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың барлығы жекеменшік.

– Колледжде фармацевтерден басқа емдеу мекемелеріне, ауруханаларға медбикелерді тегін даярлайтын бюджеттік емдеу бөлімі бар. Түлектеріміздің арасында ауыл балалары жоқ емес, бірақ жастар үйлеріне қайтуға құлықсыз. Себебі біздің мамандар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына кірмейді. Жалақысы төмен, ешқандай көтермеақы, баспана беру сияқты жеңілдіктер қарастырылмаған соң ауылдан безеді. Егер аудан әкімдері грант тағайындап, өздеріне қажетті мамандарды оқытып алса, олар ауылға барар еді. Мысалы, фармацевтерді де келісімшарт негізінде, жылдық оқуының 190 мың теңге ақшасын төлеп, өздері үшін даярлап алуға болады. Кейбір дәріханалар дәл осы тәжірибені қолданып жүр. Қажетті мамандарының оқуына ақысын төлеп, жас мамандарды әзірлеуде. Қазір фармацевтер өз қаражатына ақылы оқығаннан кейін, оларға «анда бар, мұнда кел» деп айта алмайсың. Бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауылдардағы медициналық кадр мәселесін шешудің жолдарын қарастырып жатыр, – дейді колледж директоры.

Фармация бөлімінің оқушылары болашақта қызметтерін бизнеспен байланыстырулары әбден мүмкін. Сол себепті оларға соңғы курстан бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін семинарлар жүргізіледі.

-Облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары келіп, 40 сағаттық курс оқиды. 2018 жылдың ақпан айына кезекті семинар сабақтарын жоспарлап отырмыз, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Бегімжанова.

Оқушыларға мамандар жеке бизнесті ашу үшін не істеу керек, неден бастаған дұрыс, құжаттарды қалай рәсімдейді, тіпті қандай несие, қайдан алу керектігіне дейін жіліктеп, түсіндіріп береді. Әзірге студенттер өздерінің болашақ жоспарларын құпия ұстайтын көрінеді. Оқытушылар болса, бұл алған білімдері оларға міндетті түрде кәдеге жарайтындарына сенімді.

Ауылдарда дәріхана ашудың жолы бар ма?

Екі-ақ дәріханасы бар аудан

Облыстық фармация департаментінің мәліметтеріне жүгінсек, облыста дәрі-дәрмек босататын барлығы 846 нысан бар. Олардың тек 49 дәріханасы мен бір дәріханалық дүңгіршегі ғана мемлекеттің иелігінде, қалғандары жекеменшік. Ал аудандарға жіліктесек, Абай ауданында бар болғаны екі-ақ дәріхана бар, олардың өзі жеке кәсіпкерлердікі. Бесқарағай ауданында -10, Ұланда -13, Күршімде -16, Жармада -19, Тарбағатайда -21, Бородулихада -22, Зайсан мен Көкпектіде сәйкесінше 23 және 20 нысан бар. Нысан деген түсінікке дәріханалық дүңгіршектер де кіреді. Өңірде барлығы 59 дәріханалық дүңгіршек тіркелген. Жоғарыда Тәуке ауылы дәріханаға зәру екенін жаздық. Мына деректерге қарасақ, дәрі-дәрмек үшін пәленбай шақырым жерге қатынап жүрген ауылдықтардың саны аз емес деп болжауға болады. Ендеше дәріханалары, тіпті медикамент сататын дүңгіршегі де жоқ ауылдардың әкімдері мен тұрғындарына ойлану керек сияқты. Алыс ауылдарға фармацевтер бармайды екен, онда орта медициналық білімі бар жергілікті қызметкерлер, тым болмаса, бір апталық біліктіліктерін жетілдіру курсын тәмамдап алса, орталық дәріханалардың қосымшасы ретінде өз ауылдарында ашылған дәріханалық дүңгіршекте жерлестерінің игілігіне қызмет істей берер еді. Ал дәріханалық бизнесті бастаудың негіздерін кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарынан анықтауға болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button