Тылсым дүние

Қатты ауырып, соңынан халық емшісі болған

Гүлнардың әкесі Рахымберді 1939 жылы Ақсуат ауданынан әскери борышын өтеуге шақырылып, одан енді қайтқалы тұрғанда екінші дүниежүзілік соғысы басталып кетеді. Содан соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан ол жеңіс күнін Одер өзені бойында барлаушылар құрамында жүргенде қарсы алған көрінеді.

Қатты ауырып, соңынан халық емшісі болғанСоғыста Маршал Рокоссовскийдің армиясы құрамында болған ол небір ерліктері үшін көптеген медальдармен қоса «Қызыл Жұлдыз» орденімен де марапатталыпты. Сөйтіп, елге тек 1949 жылы ғана жеткен Рахымберді зайыбы Ажария екеуі көп ұзамай Көкпекті ауданы, Жұмыскер ауылындағы мал дайындау мекемесіне ауысады. Рахымберді мен Ажария 14 баланы дүниеге әкелгенімен, барлығы жастай шетінеп, тек 15-ші баласы Гүлнар ғана тірі қалып, әке-шешесінің қуанышына бөленіпті.

– Сол жылдары 16 жаста едім, – дейді Гүлнар, – апамның айтуымен үйді ағартпақ болып, терезенің пердесін жия бастап едім, ол лап етіп, жанып кетті. Ал өзіме алақаным күйіп тұрғандай болып сезілді. Жалпы, мен қыстыгүні қар үстінде жалаң аяқ жүре беретінмін.

Міне, жасынан-ақ бойынан осындай таңғаларлық қасиет байқалған Гүлнар 8-ші сыныптан соң Семейдегі медициналық училищеге түседі.

– Училищеде оқып жүргенде бір топ студенттермен қаладағы мәйітханаға бардық, – дейді Гүлнар сол бір келеңсіз көріністі есіне алып. – Онда бұрын көрмеген сұмдыққа тап болып, қатты шошынып, жатақханаға зорға жеттім. Содан ауыра берген соң үйге қайттым. Әке-шешем де өлердей қорықты. Қорықпай қайтсын, жалғыз баламын ғой. Олар маған қазақи ем жасап, ауыл молдасына қаратты. Содан Алланың жазуы болар, тәуірленіп кеттім.

Әкесі Гүлнарды ерекше еркелеткен екен. Оның өзінің бойында да биотогы болса керек, малдың таз-қотырларын қолмен тырнаса, жазылып кететін болыпты. Әкесінің жылынан соң, 1993 жылы ауылға Мұратбек Әубәкірұлы деген емші келеді. Оған қаралуға көппен бірге Гүлнар да барады. Әлгі емші Гүлнар барған соң кешке қарай маужырап ұйқыға кетсе керек.

– Ол ертесінде мені шақырып алып: «Сенде ерекше қасиет бар екен. Көптің сауабын ал» деп батасын береді. «Содан аздап емшілік қона бастаған менің түсіме бір қария кіріп: «Саған 40 күн шарт қоямын. Осы күндерде саған емшілік қасиет әбден қонады» деді де жоғалып кетті. Мен содан былай емшілікке біржола бет бұрдым» дейді халық емшісі Гүлнар Рахымбердіқызы.

Сол қария қасиетті, әулие атамыз Ырғызбай болса керек. Ал 23 жасында емшілік қонған Гүлнар қазір республикаға танымал халық емшісі.

Мәуітқазы Зүкенов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button