Аймақтар аухалы

Ара тұқымын Еуропадан алдыртып отыр

Жарма өңірінде түрлі кәсіпті нәсіп еткендер баршылық. Олардың бірі – етікші, бірі – кәсіпкер, енді бірі ағаш өңдесе, тағы біреуі жылыжайда құлпынай өсіреді. Сондай іскер жанның бірегейі Тамирлан Ахмеджанов бал арасын өсірумен айналысуда.

Он жасынан Тамирлан омарташы нағашы ағасының әр ісін қалт жібермей, қатар жүріп үйренеді. Ағасы да бар білгенімен бөлісіп, омарташылыққа баулыды. 22 жастағы Тамирлан бүгінде кәсіпкер ретінде қалыптасып, алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Омарташылық әдіс-тәсілдерді еркін меңгерген ол Қалбатау ауылында 300-ге тарта ұя ұстайды.

Бұл шаруаға қызыққан омарташы ара өсіретін орын таңдап, қажетті құрал-жабдықты Ресейден жеткізген. Ол араларға әсіресе қыста ерекше күтім керек екенін айтады. Қыста араларын ауылдағы базасында, +4 температурадағы арнайы бөлмелерде ұстайтын омарташы сыймай қалған араларды қардың астында сақтайды. Жаздың жауынды болып, жердің жақсы көктеуі аралар өнімін арттырады.

Ал күн жылына аудандағы Ортабұлақ, Божығұр ауылдарына және Риддер, Алтай, Катонқарағай аудандарына дейін барып, ара ұяшықтарын орнатады.

– Мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған соң инженер-механик мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түстім. Биыл оқуымды аяқтаймын, алдағы уақытта омарташылыққа оқысам деген ой бар. Бала кезімнен ара өсіруге қызықтым, бұл шаруаны қолға алғаныма алты жыл болды. Жеке кәсіпкер ретінде ауданда омарташылықпен айналысатындар сирек, жұмыстың қыр-сырын алғаш ағам үйретті. Қазір ата-анам да көмектеседі, біз өңір климатына төзімді араларды өсіреміз. Қазір шет мемлекеттердің ара өсіру технологияларын зерделеп жүрмін. Ізденіп, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңестеріне де жүгініп отырамын. Үш жылда бір рет Германия мен Аустрия елдерінен араның аналық тұқымын алдыртып отырамыз. Өндірілген балды өз дүкенімде сатамын. Ел өңірлерінен тапсырыс беретіндер де біршама, әлеуметтік желідегі парақшаларымыз арқылы тапсырыс алып, пошта арқылы жеткізіп отырамыз, – дейді жас кәсіпкер.

Мемлекеттен ара тұқымын асылдандыру бағытында берілетін субсидия алып, кәсібін дамытып отырған омарташының алдағы мақсаты – интернет-дүкені арқылы елдің әр өңірінен тапсырысты көбейту, халықты табиғи балмен қамту. Қазіргі уақытта ол балмен қатар, аналық және аталық ара сүті, балтозаң, балауыз, ұядағы бал, прополис, прополис тұнбасы, ара желімі, ара уы сынды өнімдерді де ұсынуда. Кәсіпкер келешекте ара санын арттыруды жоспарлап отыр.

 Кәусар Арықханқызы

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button