Саят

Қақпандағы аюды қаптап жүріп, өлтіре алмадық

1962 жылы біздің ауыл Алтайдың Қандығайты жайлауында отырған-ды. Сол жылы жайлауда аю көп болды. Малға жиі шабуылдайтынды шығарды.

Қақпандағы аюды қаптап жүріп, өлтіре алмадықБір күні ауылдың жігіттері әккі аңшы менің әкеме келіп, қақпан құруын сұрады. Аю түсе қалса, біз соғып, қызығын көреміз деп дүпілдесті. Әкеме бір өгізге қақпанын артқызып, жайлау төріне кетті. Қақпанды кеше ғана аю жеп кеткен сиырдың өлексесінің шетіне құрып, қайтып келді.

Ертеңінде барса, керіскедей қоңыр аю қақпанға түсіпті. Аюды соғуға жігіттің саны емес, айла-тәсілі керек. Бірақ, әкем көрсін деген оймен ауылға келіп, әлгі дүрлігіскен он шақты жігітті ертіп кетті. Қызық үшін тай-құнандарымызбен ауыл балалары да бардық. Жігіттердің бәрі де күшті, батыр көрінді. Ол заманда малшыларда мылтық жоқ, бәрі де сойыл-шоқпар, балта ұстаған. Қақпанның қазығын жұлып, шынжырымен сүйреп кеткен аю сай табанына жеткенде орман шетіндегі бір ағашқа шынжырдың дәу тоқпағы оралып қалыпты. Арпалысқан аю маңайындағы балапан қарағайдың бәрін жапырып тастаған. Ал өзі ұйысып қалған бұтақтардың үстіне шығып алыпты. Шынжыры қысқарып, ағаштың астында қалған.

Ол адамдарды көре сала айбат шегіп, тік шапшып, гүр-гүр етеді. Жайшылықта аю соғуды оңай көрген жігіттер арпалысып тұрған жуан аюды көргенде батылдары бармай, бір-біріне қарасты. Батырсынған біреуі аюға таяп барып, сойылын сілтемек болып еді, гүр етіп тік секірген аюдан қорыққаны соншалық, сойылынан айырылып қалды. «Ойбай!» деп, баж етіп, кері шегінді. Екіншісі сойыл сілтеген болып еді, жүрексініп, жақын бара алмағандықтан, онысы тимей мүлт кетті. Үшінші жігіт бара бергенде оның сойылынан бұрын аю қарағайдың бір бұтағын сындырып алып, лақтырғанда жігіттің басына тиді. Шошыған жігіт кері қашты. Әкем әлгі жігіттерге:

– Қане, енді қайсың аю соғасыңдар? Бәрің де армансыз бір алысыңдар, – деді. Дегенмен жігіттердің енді ешқайсысының аюға жақындауға батылы бармады. Сол кезде әкем оларға қалжыңдап:

– Енді сендерге аюды мен жығып берейін. Сонан соң соғыңдар. Бәрің де армансыз бір-бір алысыңдар, – деді. Әкем аюды бір айналып, оңтайлы бір жерді таңдап алып, жақындады. Ол жақындаған сайын жігіттер: «ойбай, байқаңыз» деп шуылдайды. Әкем әбден жақындаған соң өзіне қарсы ұмтылып тұрған аюды сойылмен періп-періп жіберді. Аю өкіріп барып, омақаса құлағанда әкем дереу беліндегі балтасын алып, аюдың қақ басынан шауып жіберді. Аю қорылдап, серектеп жатты.

Бұл жердегі аюдың бірнешеу екені белгілі болғандықтан, әкем қақпанын қайта құрды. Бірнеше күннен соң қақпанға тағы бір аю түсті. Ол біртүрлі ақмойнақ аю екен. Мұндай аюды әкем де бірінші рет көріпті. Бұл аю қақпанды сүйретіп, ауылға жақын келіпті. Сайдағы бір жуан терекке шынжыры оралып, арандап қалған екен. Тұрған жері бұтақ жағына қарай сәл қиялау. Жақын жер болғандықтан, ауыл азаматтары, қатын-қалаш, бала-шаға бәрі барып, қызығын көрді. Аю ұруға оңтайын келтірмей, көпке дейін әуреледі. Ол адамдардың шуылына тіптен ашуланып, айбар шегіп, гүрілдеп, аузын арандай ашты. Бұлқынып, қақпанның шынжырын алдыңғы аяғының бірімен тартып қалғанда, дөңбектің арасына қыстырылған тоқпақты суырып алып, тоқпақты көтерген бойы (алдыңғы аяғының біреуі қақпанда ғой) адамша тік тұрып, жиналған жұртқа қарсы ұмтылды. Зәре-құты қалмаған адамдар тұс-тұсқа қаша жөнелді. Бір кемпір екі-үш жастағы немересін көтеріп барған екен, сасқалақтаған ол баласын тастай қашты. Бала көк жайсаңға жығылып, аюдың қарсы алдында шырылдап жатты. Кемпір де ұзай алмаған.

Әкем дереу жүгіріп барып, баланы іліп алып, әлгі кемпірді дедектете сүйреп келеді. Бұрылуды білмейтін аю тоқпақты қақпанды сүйрей сайдың аяғына қарай беттеді. Тоқпақтың тағы бір ағашқа іліну сәтін күткен әкем оның алдын орай берген. Орайлы сәт келгенін білген әкем шапшаң қимылдап, оған қарсы жүрді. Пәлені қарасаңшы, тоқпақ қыстырылған ағаштан шығып кетіпті. Өзіне қарсы ұмтылған аю бас салуға тақаған сәтте әкем оны сойылмен қара тұмсықтан соққан. Жанды жеріне соққы тиген аю бір сәт есеңгіреп, тұрып қалды.

Оңтайлы сәтті қалт жібермейтін әккі аңшы дереу беліндегі ай балтасын суырып алып, мақұлықтың басын қағып түсірді. Әлгінде қызық көруге жиналғандардың бәрі бір биікке шығып үлгерген екен. Олар әкемнің ерлігіне таң-тамаша қалысты. Міне, мен аю сияқты мақұлықты адам көптігімен жеңе алмайтынын сонда көрдім. Ал аюмен айқасу үшін қарудың сыртында ұшқыр шапшаңдық пен асқан ержүректілік қажет екенін бәрі де түсінді.

Мәнекей Зында

Осы айдарда

Back to top button