Денсаулық сақтау

Ана мен бала өлімін қалай азайтуға болады?

Ана мен бала өлімін қалай азайтуға болады?
Бұл мәселелер облыс орталығында Денсаулық сақтау саласының вице-министрі Лязат Ақтаеваның төрағалығымен өткен ана мен бала өлімін төмендетудің жедел шараларын қабылдау бойынша көшпелі штабтың отырысында жан-жақты көтерілді.Республикалық мамандар бірнеше күн бойы өңірдің медициналық ұйымдарының жұмысымен танысып, ана мен бала өлімін төмендетудің нұсқаулықтарын ұсынатын болады.
Вице-минстрдің сөзіне қарағанда, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарлы шарасы, осымен алтыншы аймақта өтіп жатыр. Министрліктің өкілдері жыл соңына дейін барлық өңірлерде болып қайтуды жоспарлапты.
Лязат Ақтаева салалық басқарма мен облыстық әкімдіктің бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірдің денсаулық саласын жақсартудың тиімді шаралары жүзеге асқанын тілге тиек етті.
-Өткен жылы аймақтың денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын оңалтуға 10 млрд. теңге кетсе, биыл осы мақсатқа 8 млрд.теңге жұмсалды. Кадрлар білімдерін шетелде жетілдіруге мүмкіндік алған. Аягөз бен Зырянда екі инсульт орталығы ашылды, – деді вице-министр.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген вице-министр Лязат Ақтаева жыл басынан бері облыста үш ана өлімі тіркелгенін атап өтті. Бұл жағдайлардың әрқайсысы алдымен медициналық ұйымдарда, облыстық денсаулық басқармасы мен қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің тәуелсіз сараптамасында, одан кейін көшпелі штабтың отырысында талқыланатын болады. Лязат Ақтаева жазым болған әйелдердің жүктілікке дейінгі және кейінгі дәрігерлік бақылауына, оларға жасалған сараптамаларға, атқарылған әр іс-әрекетке талдау жасалып, баға берілетінін ескертті. Бұл талқылаулар алдағы уақытта кемшіліктерді қайталамай, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов тіркелген барлық ана өліміне қатысты фактілер жан-жақты тексеріліп, себеп-салдары анықталып жатқанын айтты.
-Бұл жерде біз кемшіліктер алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдардан кеткенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, амбулаторлық қызмет пен стационардың арасында байланыс жетіспейді. Пациенттерді аудандық, қалалық деңгейде көреміз де, ары қарай жоғалтып аламыз. Осы жерде медициналық ақпараттық жүйені енгізу осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Пациент ақпараттың соңынан емес, керісінше, ақпарат науқастың соңынан ілесіп отыруы керек, – деді басқарма басшысы.
Соңғы қайтыс болған келіншек Шар қаласының тұрғыны. 37 жастағы әйелдің алғаш бала көтеруі екен. Алайда, денсаулығында көптеген кінәраттар болған. Қан қысымының жоғарылығы, қант диабеті, гастрит, семіздік сияқты дерттердің кесірінен жүктілік өкінішті аяқталған.
-Бала сүю әр әйелдің арманы, өз қалауы. Алайда, мамандар денсаулығында кінәраты бар әйелдерге жүктіліктің қауіп-қатерін дұрыстап ескертулері керек. Орын алған үш ана өлімінің де алдын алуға болатын еді, – деп қорытындылады Марат Шоранов.
Өңірдегі бала өлімінің себептеріне келер болсақ, сала басшысының мәліметтеріне сүйене айтсақ, бұл – туа біткен ақаулар, шала туу және туған кезде алған жарақаттар. Бала өлімінің көрсеткішін төмендету үшін, вице-министр Лязат Ақтаеваның айтуынша, әйелдерде мерзіміне жетпей босанудың, нәрестелердің шала тууының алдын алу қажет. Бұл ең алдымен болашақ анадан өз денсаулығына деген жауапкершіліктің болуын талап етеді.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button