Айтылмай жүрген ақындар

Қалжыңның хас шебері Ғаббас еді

Қалжыңның хас шебері  Ғаббас едіБұл өмірден Ғаббас Шөкімұлы деген ақын өткен. Өлең сүйер есті жұрт ақын есімін әлі ұмыта қойған жоқ. Ол Сыбан Байқарадан тарайтын 17 ақынның бірі – Уәйстің немересі.

Теміржолда да жұмыс істеген кездері болыпты

Ғабаңның өмірдеректері де өте қызық. Ол кеңес өкіметі ел ішінде толық орнай қоймаған кезеңде 1919 жылы Еңірекей болысына қарайтын 24-ауылда орта шаруа отбасында дүниеге келіпті. Аумалы-төкпелі заманда әкесі Шөкімнің ұйғаруымен көршілес Ресейдің Улан-Удэ қаласына қоныс аударып, 1933 жылдан бастап сол қалада жаңадан салынған поровоз-вагон зауытына жұмысқа орналасады. 1941-1945 жылдары сол зауыттың қару жасайтын цехында еңбек етеді. Туысқан ағасы Тілеуғазы Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып, елге оралады. Інісі Дүйсеш оқуын бітіріп, Жарма бекетінде есепші болып қызмет еткен. Ағасы да осы теміржолда істейді. Соғыс жеңіспен аяқталып, ел есін жия бастаған кезде Ғабаң да 1946 жылдың күзінде елге оралып, туыстарымен табысып, 1958 жылға дейін теміржол бойында әртүрлі қызметтер атқарады. Қызметтер атқара жүріп, өлеңнен де қол үзбейді. Ақын елге оралған жылдары туған жерге, ата қонысына һәм ата-анаға деген сағынышын, елінің бай өлкесін тыңдаушының көңіл күйін сусындата жырға қосады. Жүрек сырын жырмен ақтарады. Оған «Аягөз», «Еңрекей», «Алтай», «Ащысу», «Алакөл», «Ертіс» деген лирикалық өлеңдер дәлел.

Мысалы «Алтай» атты өлеңінде:

Алтайдың кенін алдың ақтармалап,
Алыптың шалқасынан жатқан қарап.
Атты Алтай, айбынды Алтай, атақты Алтай,
Ақын ба жыр жазбаған саған арнап?!
– деп байлығын тамсана жырласа, «Алакөл» атты жырында:
Көк толқын арпалысып салған асыр,
Кім білсін жасағанын неше ғасыр.
Жүзіндей ақ семсердің жарқ-жұрқ етіп,
Жар сүзген күміс көбік қандай асыл, – деп әлемге әйгілі Алакөлдің әсем көрінісін өлеңмен суреттейді. Осылай ақындық өнерімен Жарма жұртшылығына таныла бастаған Ғаббас Шөкімұлы 1958 жылы Аягөз қаласына жұмыс бабымен қоныс аударып, Республикалық теміржол жұмысшысын жабдықтау жүйесінде сатушы болып қызмет істейді. Осы қызметті 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарады. Сонымен қатар, ақындықтан да бір сәт қол үзбеген. 1960 жылдары республика көлемінде ауданішілік, облысаралық, республикалық ақындар айтысы өріс алғаны көпке мәлім. Солардың ішінде Шығыс өңірінен де республикаға танымал Қалихан Алтынбаев сияқты айтыс құлагері шықса, Ғабаң да облыс көлеміне айтыскерлік өнерімен танылды.

Ақын аманаты

Ақын айтыскер ақындар Қалихан Алтынбаев, Тоқтархан Шәріпжанов, Мұрат Төлеуов және менімен айтысқа шықса, енді бір топ қарт ақындар Төлеу, Сұлтан, Ақматай Әріпұлымен сөз қағыстырады. Мен өзім, Ғаббас Шөкімұлымен Аягөз-Жарма ауданаралық айтысында 4 рет сайысқа түстім. Ең соңғы рет 1979 жылы тың игерудің 25 жылдығына орай Семей қаласында болған облыстың 8 ауданының ақындар айтысында мен Жарма атынан, Ғаббаң Аягөз атынан өнер көрсеттік. Сол жылы айтысқа шығардың алдында аудан ауылдарын аралап жүріп, біздің үйде қонақта болды. Кешінде әңгіме үстінде Ғабаң маған күтпеген жерден мынадай наз айтты. – Мәукен, мен саған ағалық ретінде мынадай тапсырма берем. Оны сен орындайсың. Саған сенемін. Кейін жария етерсің, – деді.
– Ол мынау – деп қойынынан шағын қалта дәптерін алып шықты. Көлемі 114 беттік. Өзінің әдемі суреттері бірінші бетте. Астына мынадай бір ауыз өлең жазыпты:
«Жігіттер өлең деген өлмес өнер,
Сайрандап дүниені өмір сүрер.
Ақын боп мың жыл бұрын бізден өткен,
Халықпен мәңгі жасап бірге жүрер».

Содан соң бір топ лирикалық өлеңдер мен жоғарыда аты аталған ақындар мен олардың айтысынан үзінділер тізіліпті. Бүгін сол аманатты орындау мақсатында Ғабаңның жас бозбала кезінде республикаға белгілі Халық ақыны Төлеу Көбдіковпен сөз қағысын көпке ұсынуды жөн көрдім. Төлеу белгілі Сабырбай ақынның қызы Қуандықтан туған, Ғаббасқа жиен. Қарт ақын Ғаббасты сырттай өлеңмен әуестеніп жүргенін естіп, ақындығын сынамаққа мынадай өлең жолдапты.
Төлеу
Талабы таудай дейді Ғаббас бала,
Жабылмас жақсы сөзге бекер жала.
Төкетай бір өлеңін алып келші,
Көрейін сынға салып келсе шама.
Шал болдық сыртқа шықпас үй күзетші,
Жеткен соң кәрілікке бар ма шара.
Кешегі жігіт шақта бірме бірге,
Салмаған жүйрік едім алға қара.
Мұзбалақ томаға көз қыран едім,
Шығандап алыс самғап тартқан шырға.
Семсер ем баптап салса тас тілетін,
Сақталып келген көптен алтын қынға.
Атадан қалған бұлақ көзі бар ма,
Алтын ба, айтқан сөзі жезі бар ма.
Байқайық, қалай аяқ тастайды екен,
Бір ауыз біз туралы сөзі бар ма?!
Сәлем Ғабаңа жетіп, Төкеңе былай деп жауап хат жіберіпті.

Ғаббас
Ассалаумағалайкүм, Төлеу жиен,
Жастанып, жатырмысыз мұраны иен.
Алтындай асыл сөзін ел тыңдаған,
Ақ жібек сақалыңа басымды ием.
Белгілі жиендігің Байқараға,
Жүйрік боп, топтан озып шықтың дара.
Қуандық тегенелеп тасығанмен,
Сарқылмас бірақ оған қара саба.
Атаға тартпасам да сөзге мығым,
Бар шығар артық айтсам балалығым.
Жиеннен қорқып қазақ мал баққан ба,
Жиен ғой ала бөтен қара шығын.
Қара көк он жеті ақын түбім менің,
Бағыма заманым сай бүгін менің.
Ап кетер ауыр состав әрең жылжып,
Атадан қалған мұра жырым менің.
Кім асты өз тұсында Сабырбайдан,
Сізге ауды-ау меруерттей сөзі қайран.
Қуандық жатқан жерің торқа болғыр,
Қыз болып біздің сорға тудың қайдан.
Сол апай бізге ештеңе түк қоймапты,
Қопарып ескі қорды сізді ойлапты.
Ерке қыз еншісіне өлең алған,
Сөзімен таңырқатқан бар аймақты.

Төкең өлеңді алып оқып, қатты риза болып, ағынан жарылып ақ батасын беріпті. Ғабаң сондай-ақ, күлкілі әзіл-ысқақ, қалжың өлеңге де өрелі еді. Сол 1960-1970 жылдары аудандық, облыстық айтыстарда жүргенімізде жол бойы талай әзіл, қалжың өлеңдер айтылатын. Соның бастаушысы қашан да Ғабаң болатын. 1967 жылы күзде Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай Семей қаласында облыстық айтыс өтті. Оған 8 аудан ақындары қатысты. Ішімізде бас ақынымыз Қалихан Алтынбаев. Ол ақсуаттық Мақан Баймурзинмен айтысты. Айтыс шымылдығын Ғаббас екеуміз аштық. Ол кезде ақындарға беретін сый-сияпат қол сағат, кітап, диплом, тағы сондай ұсақ-түйек дүниелер. Бұл жолы үлкен мейрамда бас бәйгені өзімізше Қалиханға ұйғарып, бір құнды кілем ұсынады деп топшыладық. Айтыс бітіп, сый-сияпат жасалды. Бір ерекшелігі, бәрімізге Мұхтар Әуезовтің столға қоятын құйылған бас мүсіні ұсынылды. Қалекеңе бізден өзге сыйлық, кілем емес, үстелге қоятын жазу қаламы тартылды. Сонда қонақүйге келе жатқанда Ғабаң мынадай қалжың өлең айтқаны есімде. – Жігіттер! – деді Ғабаң:
– Қалихан бас бәйгеге қалам алды,
Ол өзі кілем алмай қалап алды.
Қуанышы қойнына сыймай кетіп,
Мұқаңның жалтыр басын жалап алды, –
дегені. Ақындар түгел мәз болып, күлісіп қапты. Шіркін, есіл ақын мұндай әзілге шебер-ақ еді. Ақын тек қана айтыс, лирикалық өлеңдермен шұғылданып қоймай, көптеген тарихи тақырыптарға да көңіл бөліп, «Ботақара баты», «Ақсақ құлан», «Тентек қыз» сияқты дастандар мен толғауларды жазған. Еліміздің Абай, Жамбыл, Мұхтар, Бауыржан сынды біртуар тұлғаларына арнаған арнаулары бір төбе. Осы еңбектердің көбі кезінде баспа бетінде жарияланған болатын. Біраз өлеңі «Шұғыла», «Дала дауысы» сынды Алматы баспасынан шыққан жыр жинақтарына енген. Десек те, ақынның күні бүгінге дейін өз алдында аса мол мұрасы жинақталып, жеке кітап болып шықпай отыр. Ақын 1984 жылы қайтыс болды. Келер жылы дүниеден өткеніне 30 жыл, туғанына 95 жыл толуына орай аудан басшылығы жұртшылықтың тілегін ескеріп, жеке жыр жинағын шығарса дейміз. Бұл өнер иесіне зор құрмет болар еді.

Мәуітқазы Зүкенов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button