«Дидардың» қонағы

Қалқаман САРИН, ақын: – Қарапайымдылықты қарабайырлықпен шатыстыруға болмайды

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, ақын Қалқаман Саринмен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Қалқаман САРИН, ақын: – Қарапайымдылықты қарабайырлықпен шатыстыруға болмайды

Есі дұрыс эстрадаға жарымадық


– Қалқаман Саринді ән сөзін жазушы ретінде жақсы білетін қауым соңғы кездері поэзияңыздан да сусындай бастады. Поэзияға кештеу келдім деп ойламайсыз ба?

– Мүмкін солай да шығар. Өйткені, мен әдеби ортадан оқшау жатқан, орыстандыру саясатының эпицентрі болған Ақмола облысында білім алдым. Өзім Шығыстың тумасы болсам да, 1994 жылдан бері сол жақта өмір сүріп келемін. Шынын айтсақ, ол жақта әдеби орта енді ғана қалыптасып, оның көші енді ғана түзеле бастады. Менің қазақ әдебиетіне кештеу келуімнің бір себебі – осы. Мен поэзияға 30 жасымнан бастап, бел шешіп кірістім. Бір жағынан алып қарасаң, ол жас кеш те емес сияқты. Себебі, басқасын айтпағанда, ұлы Абай да поэзия деген әлемге қырықтан кейін келгені белгілі. Негізі мен оған дейін де өлең жазып жүрдім, бірақ қалың елге жария ете қояйын деп баспалардың табалдырығын тоздырған емеспін. Тегі екі қазақтың бірі менің атымды білсе, сөз жоқ ән мәтіндері арқылы таниды. Кейін жинағым шықты және ол әдеби ортада өзіндік пікір туғызды. Десе де қазір ән мәтінімен бірге поэзияны да қатар ұстап қалуға тырысып жүрмін.

– Қазақта «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген сөз бар ғой. Мәселен, сіз осы екі өнерді қатар алып жүремін деп, өзіңізді жоғалтып алмайсыз ба?

– Иә, поэзияда өзін жоғалтып алғандар жоқ емес. Екеуін қатар ұстап жүрген ақындар да бар. Бұған дәлел – Исраил Сапарбаев ағамыз.

– Ән мәтінін жазуды қалай бастадыңыз? Оған не себеп болды?

– Қазақ эстрадасының мәтіндеріне өте көп сын айтылып жүр. Ел, тіпті, 90 жылдардан кейін бірлі-екілі талғампаз топтар мен әншілер болмаса, есі дұрыс эстрадаға жарымадық деп жатады. Олардың әуені жағында шаруам жоқ, бірақ сөзі жағынан сын көтермейтін әндер көбейгені жасырын емес. Бүкіл ақындар отырып алып, шекемізден қарап, «мынаның сөзі дұрыс емес» дей бергеннен ештеңе өзгермейтіні шындық. Сондықтан бүгінгі ақындар мен әншілер, сазгерлер кешегі Мұқағали, Шәмшілердей қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Ал мендегі ең үлкен мақсаттардың бірі – осы кемшіліктерді толықтыру болды. Бұл әндерге сөз жазу арқылы атымды алаш танысын дегенім емес.

Менің шығармашылығым «МұзАртпен» тығыз қарым-қатынаста болды. Оның ішінде Мейрамбекпен, Сәкенмен жақын араластым. Бұрын олар менің ақын екенімді білсе де, біз 5-6 жыл дос болып қана жүрген азамат едік. Содан бір күні Мейрамбек: «Ой, жігіттер, Арман Бексұлтан деген композитор бар. Соның әндеріне сөз жазсаңдаршы» деді. Міне, бәрі де осыдан басталған.

Көше әндерін көкке шығарып алдық


– Сіз елдің әндеріне сөз жазасыз ба? Әлде, ел сіздің өлеңдеріңізге ән жаза ма? Жалпы, қайсысы бұрын өмірге келеді?

– Мен алғашқы кездерде әнге сөз жазғам. Соңғы кездері өлеңдеріме ән жазыла бастады. Айталық, бір қыз бала (аты-жөні есімде жоқ) кітабыма кірген «Соңғы өмір» деген өлеңіме ән жазып, орындап жүрген көрінеді. Сол сияқты «Осы өлеңіңізге ән жазайық деп жүрміз» деп хабарласып жататын азаматтар да бар. Бірақ көп жағдайда әнге сөз жазылады.

– Кейбір облыстардың, тіпті, аудандардың гимніндей болып кеткен («Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», т.б.) әндер бар. Оларды бүкіл қазақ халқы біледі. Ал Шығысты жырлайтын сондай әндер неге жоқ?

– Шығыстың гимніне айналатындай өлеңдер бар, бірақ соларды жалпақ жұртқа жеткізетін насихат жоқ. Бұл – бірінші себеп. Ал екінші бір жағы, ауыздың дуасы деген болады. Мысалы, бір сөзді қара да айтады, төре де айтады. Бірақ ханның (төренің) аузының дуасы бар деп жатады. Осы қағидаға жүгінсек, көп нәрсе әнді орындайтын әншіге де байланысты. Сондықтан да «әннің бағын ашатын әнші ғана» деп жатады. Айта кетейік, кейбір жолы болатын әндердің ешқандай насихатсыз-ақ ғаламтор мен қол телефондары арқылы танылып кететіні бар. Ол енді Алланың бұйрығы деп қабылдау керек.

– Қазір «шөпті де өлең, шөңгені де өлең» қылып жүрген жоқпыз ба? Жалпы не мән жоқ, не мағына жоқ ән сөздері бар. Соларға тыйым жоқ па, сірә?

– Жеңіл әндер бір кездері біздің ортамызға көше әндері болып келді. Бірақ бүгінгі таңда солардың барлығы сахнада орындалып жүр. Дегенмен, барлығы өз орнында, өз жөнімен болуы керек. Әйтпесе, ол ұлттық болмысымызға кері әсерін тигізеді. Бұған тосқауыл қойылмауының себебі, қазір телеарналарымыз ақшасын төлесе болды, олардың бәрін ел алдына шығарып жатыр. Кешегі кеңес үкіметі тұсында цензура мықты болды. Ол кезде барлығын бірдей сүзгіден өткізіп, сұрыпталған дүниелерді ғана халық назарына ұсынатын. Қазір кейбір әншілеріміз сол кезде сахнаға шықпай қалған әндерді қайта өңдеп, орындап жүр. Амал не, оларға ештеңе істей алмайсың. Өйткені, бұл заманда «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегеннің нақ өзі болып тұр…

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button